Қазақстан • 27 Желтоқсан, 2018

2018 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары күн сайын 100 қоныс тойын атап өтті

518 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Өтіп бара жатқан жылда еліміздің талай тұрғыны үшін қуаныштың үлкені қоныс тойлар болды. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары 2018 жылы күн сайын 100 қоныс тойын атап өтіп отырды. Банк бұл жылды табысты аяқтады деп тұжырым жасауға толық негіз бар. Атап айтқанда, жаңа өнімдердің тұсауы кесілді, 2 мыңға жуық әскери қызметші жеңілдетілген заем­ге қол жеткізді. Оған қоса бейнебайланыс арқылы кеңес алу, депозитті онлайн-режімде сатып алу мүмкіндіктері көбейді. Қазіргі таңда Тұр­ғын үй құрылыс жинақ банкінің онлайн қызметін пайдаланатындар саны 80 пайыздан асады. Үш жыл бұрын ғана клиенттердің 70 пайызы банкке өз аяғымен келетін-ді.

2018 жылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары күн сайын 100 қоныс тойын атап өтті

Биыл 37 мыңға жуық отбасы қоныс тойын тойлады

Қалай десек те, 2018 жыл ТҮҚЖБ  үшін әрі күрделі, әрі қым-қуыт болғаны сөзсіз. Жыл бойы тынымсыз атқарылған жұмыстардың нәтижесінде бастапқы нарықта 42% салымшы су жаңа пәтер­лерге ие болса, 52%-ы бұрын қолданыста болған тұрғын үйлерді сатып алды. Бұл туралы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова жыл аяғында журналистермен өткен бас­пасөз мәслихатында кеңінен баян­дады.

2018 жылы Тұрғын үй құрылыс жи­­нақ банкі тұрғын үй сатып алуға ар­налған заемдардың рекордтық санын ресімдеді. Жыл басынан бері банк­тің­ 36 790 салымшысы қоныс тойын атап өткен. Бұл – өткен жылмен са­лы­с­тыр­ғанда айтарлықтай жоғары көр­сеткіш. 2017 жылы 28 673 заем берілген болатын.

Егер желтоқсан айы банк салымшылары үшін нағыз жанығатын кез екенін ескерсек, біздің дәл осы мақаламыз жарияланғанша салымшылар саны 37 мыңнан асып жығылатыны анық. Өйткені қарбаласқа толы жыл соңында мемлекеттік сыйлықақыға ілігу үшін жаңа салымшылар легі қосылады.

Биыл Астанада 7739 отбасы қоныс тойын тойласа, Алматыда 5786 отбасы баспаналы болды. Сондай-ақ үштікке Ақтөбе облысы кіреді, онда 3696 несие ресімделген. Бұдан бөлек Павлодар, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстары да жақсы жұмыс істеді. Заемдардың орташа сомасы 10 млн теңгені құрады. 

– Жалпы, банк жұмыс істеп ке­ле жатқан 15 жылда 170 мыңдай қазақ­стандықтың тұрғын үй жағдайын жақ­сартуға көмектестік. Шамамен бұл бір Түркістан қаласының халқындай. Қазір Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 119 мың несие бар. Оның басым бөлігінің, яғни 27 мың заем алушының айлық табысы 50-100 мың теңге аралығында. 19 мың заем алушы 100-140 мың теңге көлемінде жалақы алады. Ал 13 мың клиент 50 мың теңге табыспен де заем ресімдеп, үйлі бол­ды. Бұл бірегей тұрғын үй құрылыс жи­нақ жүйесінің нәтижесінде мүмкін болып отыр. Ол табысына қарамастан кез келген адамға баспаналы болуға жол ашады. Ал банктегі депозитін ай сайын тұрақты түрде ұсынылған со­маға толықтырып отырған клиент үшін төлем қабілеттілігін растау тәртібі жеңіл­детілді, – дейді «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма төр­айымы Ләззат Ибрагимова.

Жалпы алғанда, 2018 жылғы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің қазақстандық ипотекадағы үлесі 63 пайызды құрады. Осыған қарамастан банк ең төмен NPL деңгейін (уақтылы өтелмеген, өтеу мерзімі 90 күннен асып кеткен заемдар) сақтап қалып отыр. Қазір аталған көрсеткіш 0,22 пайызды құрайды, ал қазақстандық банктер арасындағы орташа деңгей 8,17 пайызға тең. 

Банктің әр төртінші несиесі «Нұрлы жер» мемлекеттік тұрғын үй құрылысы бағдарламасы аясында рәсімделген.  Бұл бағытта 2018 жылы барлығы 

8 165 отбасы қоныс тойын атап өтті. Ал жалпы алғанда аталған мемлекеттік бағдарлама қолға алынғалы бері 12 700 адам жеңілдетілген шарттармен баспаналы болып отыр.

10 жастағы баланың депозитінде 10,4 миллион теңге бар

«Үш күндігін ойламаған әйелден, үш жылдығын ойламаған еркектен без» дейтін мақал текке айтылмаған. За­ман құбылып, теңге құны өзгеріп, түр­лі қаржылық дағдарыстар орын алып тұрғанда адамға өзінен басқа еш­кім көмектесе алмайды. Шындап кел­генде, қаражат мәселесі қысқан кез­де дос-жаран, туған-туысқан да дәр­менсіз. Бұл жерде нақты кәдеге асатын өзің­нің жинақтап жүрген қаражатың – есеп­шотыңдағы нақты салымдар ғана. 

Сондықтан 2019 жылда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі қазақстандықтар арасында бұрынғыдан да тиянақты болуды, яғни қаражат  жинап, көбейтіп үйрену үрдісін белсенді дәріптемек. Демек бұл жинақтаушылық әдеттің мәніне құрылған, оның философиясын түсіндіруге құрылған тірліктер легі жал­ғасады.

Мәселен Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ашылғалы бері 15 жылдан асты. Қазір банк қорында 1,2 миллион депозит бар. Оның ішінде әр 8-ші депозит 18 жасқа дейінгілердің атына ашылған. Барлығы 153 834 бала депозиті бар.

– Реті келгенде айта кетуге болады. Балалар депозитіндегі жеке шоттағы ең жоғары сома – 10,4 миллион теңге, және бұл клиенттің жасы 10-да. Ал бұл бала өскенше тұрақты түрде шоты толыға берсе, болашақта тиімді шарттармен баспана алатыны сөзсіз, –  дейді Ләззат Ибрагимова.

Қазақстандықтар 2018 жылы жаңадан 368 530 депозит ашқан. Нәтижесінде банктің депозиттік портфелі жыл қорытындысы бойынша 596,3 мил­лиард теңгеге теңесті.

Ал өз депозитінде ең үлкен соманы банктің Астанадағы салымшысы жинаған, оның шотындағы қаражаттың көлемі – 48,6 миллион теңге. 

Болашағын қамдап отыратын мұндай клиенттердің жинағы еселене түсуіне мемлекет те көмектеседі. Өйткені халықтың тезірек баспаналы болуына мемлекет те мүдделі. Өз кезегінде салымшылар да мұндай сәтті мүмкіндіктерді жіберіп алмауға ұмтылады. 

Мәселен жыл қорытындысы бойынша банк клиенттеріне 2 пайыз сыйақы қосатын болса, оның үстінен 200 минималды айлық есептік көрсеткіштен, яғни 481 000 теңгеден аспайтын жылдық сомаға мемлекет 20% сыйлықақы бөледі. Демек жыл бойы салымшы осы соманы жинақтап үлгерсе, онда осы қаражатына тағы 96 200 теңге қосылады. Аталған бонустың арқасында банк салымшылары депозит бойынша 13,3%-ға дейін баратын жылдық тиімді сыйақыға қол жеткізе алады.

Ендеше мемлекет бөлетін бұл сый­­ақыдан құры қалмау үшін 2018 жыл­дың 29 желтоқсанына дейін депозитте керекті соманы жинақтап үлгеру қажет.     Сондықтан да жыл аяғы қашан да алашапқын, қарбаласқа толы болатыны белгілі. Мұндай жағдайда банк клиенттердің уақытын ұрлап, банкке сандалтпау үшін жаңа сервистер мен қызметтерді енгізіп келеді. Мәселен биыл бейнебайланыс арқылы кеңес алу, депозитті онлайн-режімде сатып алу мүмкіндіктері пайда болды. 

2019 жылды цифрлы жинақтау жылы деп жариялады

Ақпараттық технологиялар дәуірінде оны меңгеріп, игілігін көру – уақыт талабы ғана емес, уақыт үнемдеудің таптырмас құралы. Сондай-ақ Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі де цифрлы технологияларды кәдеге асыру ісінде кешенді бағдарламаларын жүргізіп отыр. Мұның нақты нәтиже беріп отырғанын қайталай берудің қажеті жоқ.  

Алдағы уақытта да банктің клиент­тері өсе түспесе, кемімейді. Қазірдің өзінде 1,2 миллионнан асатын депозитке әрі жедел әрі ыңғайлы қызмет көрсету үшін ТҮҚЖБ дистанциялық сервисті дамытуға күш салып отыр. Қашықта отырып, үйден шықпай-ақ, кабинетті тастамай-ақ өз шотыңды басқарып отырудың аса өзекті екенін әркім түсінеді.  

Қысқасы артық төлемдерсіз, әрі-бері шапқыламай-ақ депозитті толықтырып, несиені жабу үшін egov.kz электрондық үкімет порталынан бастап, kaspi.kz, Halyk bank және тағы басқа интернет-банкингтер мен төлем терминалдарын пайдалануға болады. 

Сондай-ақ «Нұрлы жер», «Өз үйім» бағдарламалары бойынша пәтер іздеп, оның ашықтығын қамтамасыз ету үшін жылжымайтын мүліктің «baspana.kz» порталы екінші жыл қатарынан табысты жұмыс істеп отыр.  Бұл портал арқылы жылжымайтын мүлік нысаны туралы мәліметтер мен суреттерін толық көріп, онлайн режімінде осы бағдарламалар арқылы баспаналы болуға әрекет жасап, банкке өтініш беруге болады. 

Ал «Әскери баспана» порталының көмегімен жырақта тұрған әскери гарнизондардан 13 795 өтінім қабылданып, оның ішінде 5 134 әскери қызметкер жеңілдетілген заемға ие болғанын айтсақ та жеткілікті. 

Әрине, Жаңа жылдан кейін де өмір жалғасады. Ертеңін ойлаған әрбір адам алдымен үйлі болуды ойлайды. 

Ең бастысы, банктің келешек салымшысы банкке бара алмаса, онда банктің тұрғылықты жердегі кеңесшілері клиенттерге өз аяғымен келіп, ақыл-кеңестерін бере алады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі  халыққа тиімді болу үшін барлық оңтайлы жолдардан бас тартып отырған жоқ.

Айнаш ЕСАЛИ,

«Егемен Қазақстан»