Президент • 28 Желтоқсан, 2018

Н.Назарбаев: «Өзбекстанмен сауда қатынасын дамыту еліміз үшін тиімді»

403 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елбасының БАҚ өкілдеріне берген сұқбаты барысында «Ана тілі» газетінің бас редакторы Жанарбек Әшімжан Орта Азия республикалары арасындағы қатынас пен  Астанада өткен көршілес 5 елдің басшыларының басқосуы, мемлекеттер тағдыры туралы сұрақ қойды.

Н.Назарбаев: «Өзбекстанмен сауда қатынасын дамыту еліміз үшін тиімді»

Нұрсұлтан Назарбаев Орталық Азиядағы 5 мемлекет тағдырлас қана емес, қаны да, жаны да бір екенін, биылғы Астанадағы кездесудің жемісті болғанын айтты. Жиын нәтижесі бойынша көршілес Өзбекстан, Қырғызстанмен қарым-қатынас жақсарып, алдағы жылға нақты жоспарлар құрылғанын хабарлады.

«Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёевпен сөйлестім. Қазір олардың жағдайы қиын, жаңа басшы мемлекетті тығырықтан алып шығуға тырысып жатыр. Өз кезегімде мен де қолдап, көмектесемін. Келер жылы Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Ташкентте бас қоспақ. Осы тұста Қазақстанның Өзбекстандағы мәдени күндері атап өтілу жоспарланды.

Бұған дейін екі ел арасындағы сауда айналымы 1 миллиардқа жетпейтін. Биылғы нәтиже 42 пайызға өсіп, 3 миллиард АҚШ долларына жетті. 2019 жылы бұл көрсеткішті 5 миллиардқа жеткіземіз деп жоспарлап отырмыз. Қытаймен бірге «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық халықаралық орталығын құрғандай Өзбекстанмен осындай орталық құруды қолға алуымыз керек. Өйткені Өзбекстан халқының саны – 33 миллион. Шекаралас мемлекетпен сауда қатынасын жақсарту тиімді, себебі мемлекеттер жақын, халық санының көп болуы экономикамызға көп пайда әкелмек», деді Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев.