Президент • 28 Желтоқсан, 2018

Қытайдан келер қауіп жоқ – Елбасы

362 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев БАҚ өкілдерімен кездесіп, Қазақстан-Қытай қарым-қатынасына байланысты журналистердің сұрағына жауап берді.

Қытайдан келер қауіп жоқ – Елбасы

«Қытай мен Қазақстанның қазіргі қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Қытайдан қорқатын дәнеме де жоқ. Бұл дүние деген тарих бізден басталып, бізден аяқталған жоқ. Қытайдан қауіптеніп, жалаң ақпарат тарату дұрыс емес. Қытайлардың жаппай Қазақстанға көшіп келіп, қоныстанып жатқаны жоқ. Елге келетіндердің барлығы заң аясында келісілген. Мысалы, өндіріс салатын болса Қытайдан 500 адам келеді, зауыт біткен соң 500 адам елдеріне қайтады. Бұл келісілген мәселе. Қытайлар тек біздің елімізде ғана емес, бүкіл әлемде бар. Қай елге барсаң да «China Town» бар. Ал қытайлардың мұндай шоғыры біздің елімізде жоқ деуге болады», деді Елбасы.

Сондай-ақ Президент көршілерімізбен тату болып, сауда-саттық қарым-қатынасымызды арттыру керек екенін айтты.

«Қазіргі таңда Қытай әлемдегі Америкадан кейін өркендеген елдер қатарында екінші орында тұр. Технология жағынан да ешбір елден кем емес. Барлық салада да Қытай мемлекеті озып кетпесе, артта қалып қойған жоқ. Сондықтан көршілерімізбен достық қатынас орнатып, сауда-саттық жасауымыз керек. Жалпы, айтқанда, Қытайдан бізге ешқандай қауіп жоқ. Сондықтан достық қарым-қатынасымызды ары қарай жалғастыра береміз», дейді Мемлекет басшысы.