08 Қаңтар, 2019

Мәңгілік өмір симфониясы

769 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Аманат Назарқұл − Қазақстан монументалды өнер саласына айрықша үлес қосып жүрген суретшілердің бірі. Жуырда өткен «Мәңгілік өмір симфониясы» атты жеке көрмесінде монументалистің қырыққа тарта шығармашылық туындысы қойылды. 

Мәңгілік өмір симфониясы

Суретші-монументалист А.Назарқұлдың шығармашы­лық туындыларының қайсысы болсын тарихи да тағылымды мазмұнымен дараланады. Оның шығармаларының көркемдік шешімі эпикалық с­ипатпен жырланған өмір шындығында жатыр. «Қорқыт­тың үш бұлағы», «Азия бибі», «Бабалар рухы», «Үш грация», «Томирис», «Түнгі жолаушы», «Аралды аңсау», «Кентавр», «Катарсис» сынды туындыларында тарихи деректі оқиғаларды негіз ете отырып, кең тыныспен жырлайды. Қазақ тарихындағы елеулі орны бар тұлғалардың кесек болмысы мен батырлық, ерлік дастандарын авторлық байыптаумен жаңаша түр­ленткен шығармалар қатарын «Хан ерке», «Еділ батыр», «Қор­қыт ата», «Фараби», «Абай» композициясы то­лық­тыра түседі. Ал соңғы жыл­дары салынған картиналар қатарындағы күрделі сюжетімен ерекшеленетін Айтматов тақырыбы бір төбе деуге болады. Сабақтасқан оқиғаларға құрылған «Дода», «Өрлеу», «Ақ квадрат» сериялы туындыларына әйгілі қаламгердің шығармашылығы мен өмір жолын арқау еткен.

– Студент кезімде Айт­матов шығармаларын ерекше жақсы көріп оқыдым. Жылдар өткен сайын қалам­гердің тұлғалық болмысы көңіл түкпірінде ірілене түсті. Мысалы, «Ақ квадрат» ат­ты картинамда Айтматов дү­ниетанымы тұрғысынан бағамдап, бүгінгі заманауи ғылым мен кешегі өткен тарихтың аражігін, өнер мен өмірдің түрлі құбылыстарын өзімше көркем бейнелегім келді, – дейді суреткер.

Қоғамдық өмірдегі күрмеуі қиын кей мәселелер де Аманат Назарқұлдың назарынан тыс қалған жоқ. Мәселен, қазақ даласының көркі мен киесі саналған киік жануарының тағдыры бейнеленген «Дала мұңы» графикалық композициясында автор көзқарасы айқын көрінеді. Бір-біріне иық тірестіре сүйкенген қос балбалдың күрсінісі мен аяқ астына таптала, ақ сөңке болып шашылған киіктердің сүйегі жан түкпіріндегі көңіл толқынысын тап басқан. Дала мен табиғат перзенті адам үндестігін дәлме-дәл көрсеткен штрихтық қол­таң­басынан суретші мәнері анық танылады.

Ая ӨМІРТАЙ,

«Егемен Қазақстан»