Әлем • 09 Қаңтар, 2019

Орынборда «Дана Абай – дара Абай» атты мәнерлеп оқудан байқау өтті

422 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Орынбордағы өкілдігінің жетекшісі Сәуле Тәйкешеваның ұйымдастыруымен Ресей қазақтары арасында «Дана Абай – дара Абай» атты ақын өлеңдерін мәнерлеп оқудан байқау өтті.  

Орынборда «Дана Абай – дара Абай» атты мәнерлеп оқудан байқау өтті

Суретте: байқау жеңімпазы Юрий ТКАЧЕВСКИЙ

Оған Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті, А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институты қолдау көрсетті. Бұл қанатқақты жобаға қандастарымыз Ресей­дің Орынбор, Саратов, Омбы, Аст­рахань, Алтай, Мәскеу, Ека­теринбург, Челябі, Ярославль секілді әр шалғайынан қатысып, Абай өлеңдерін оқыды. Байқау­дың шарты бойынша, олар Абай өлеңдерін бейнетаспаға жазып, көпшілікке ұсынып отырды. 

– Бұл байқауға қатысқан әр қа­зақты «Абайды оқымай қазақ­пын деме...» деген намыс жете­леді. Мұндай жарыс Ресей қазақтары арасында бұрын-соңды болған емес. Оның екі ерекшелігін атап айтқым келеді. Алдымен, біз бұ­рын­ғ­ыдай қаржы, уақыт шы­ғын­дап, бір қалаға жиналған жоқпыз, өркениеттің жетістігін пай­даландық. Кең байтақ Ресей­дің түкпір-түкпірінде тұрып жатқан ағайындар Абайдың өлеңдерін бейнетаспаға жазып, жіберді. Оны ресейлік және одан тыс жердегі қазақтар интернет арқылы көріп отырды. Екін­шіден, қандастарымыз көп­­теп шоғырланған Орын­бор, Саратов, Омбы секілді облыс­­тардан қазақтар белсене қа­­тысты, әркім әр жаққа тарт­пай, ауызбіршілік танытты. Жас­тардың, балалардың көп қатысуы көңілді демдеді. Қазы­лар алқасы да қорытынды шығарарда телефон байланысы арқылы көпшіліктің пікірін біліп, оларды ескере отырып, жеңімпазды анықтады, – дейді Сәуле Совхозқызы. 

Ярославль облысын­дағы Пошехонье селосына Қазақ­станнан қоныс аударған Юрий Ткачевский деген жігіт Абай өлеңін оқығанда ұлы ақын­ның қандастарынан асып түсті. «Бала кезімде Абайдың өлең­дерін атам ерекше ұнататын еді. Мен ұйқыға жатарда Абай өлеңдерімен көз ілетін едім», деп ол ақынның өлеңдерін мүлтіксіз оқи жөнелді. Байқау қоры­тын­дысында Мәскеу қала­сында тұратын ақын Жарқын Өте­шева бас болған қазылар алқасы Юрийді үздік деп таныды.

– Ресей қазақтары үшін бұл өнер жарысының маңызы ерекше болды. Бұл бәріміздің жеңісіміз! Осылай, бір кісінің баласындай әр істі бірге тындырсақ, біз алмайтын қамал жоқ. Бауырларым, біз мықтымыз! Біз ана тілімізді сүйеміз! Осылай алға ұмтыла бере­йік! Абайдың тіліне құрмет көрсет­кен, Абай өлеңдерін сүйіп оқыған Юрий, сен де қазағымның бірісің, бауырымсың! – деп ақын ағайынға ақжарма қуанышын жазып жатты.  

Орынбор облысы қазақтары­ның көшбасшысы Сәуле Тәй­кешеваның айтуынша, алдағы уақытта бұл жоба жалғасын таба­тын болады. Ендігі кезек «Батыр­лар жыры» эпостарына беріледі. Халқымыздың ауыз әдебиеті мар­жандарынан үзінді жаттап, оны бей­нетаспаға жазу, оны көрер­менге ұсыну бір ай бойы жүреді. 

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Егемен Қазақстан» 

ҚОСТАНАЙ