Аймақтар • 09 Қаңтар, 2019

Жыр-термелерімізді неге жаңғыртпаймыз?

349 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Бүгінде жағымсыз естілетін, тыңдай қалсаң, аза бойыңды қаза қылатын арзан әнсымақтар көбейіп барады. Әуені қандай әлсіз болса, сөзі де сондай сылдыр. Осылай кете берсе, халық сүйіп тыңдайтын әндер шығарылмаса, ән өнерінде қандай қадір-қасиет қалмақ? Келешекте ел-жұрттың талғамынан шығатын, әрі оларға рухани нәрі мен сыршыл сезім күйін сыйлай алатын құнды дүниелер қатарын қалайша толықтыруға болады? 

Жыр-термелерімізді неге жаңғыртпаймыз?

Бұл сауалдарға біржақты жауап қайтару қиын-ақ. Дегенмен Ақтөбе облыстық филармониясының директоры Елубай Кенжалиевтің бастамасы бойынша қолға алынған ежелгі халықтық ән-жырымыздың жаңа тынысын ашу жөніндегі мәселе бізге осы сауалдың бір шетін ұстатқандай көрінді. Ықыластың, одан берідегі Ахмет Жұбанов пен Ғазиза Жұбано­ваның кіші отанында кәсіби өнер жолындағы сабақтастықтың тіні үзілмей жалғасып келеді. 

Мұнда халықтық музыканың қайнарынан қанып ішкен, оны қай кезде де пір, кие тұта алатын өнер тарландары мен майталман­дары жетерлік. Олардың қатарында белгілі композитор Бейбіт Оралұлының, Қазақстанның еңбек сіңірген қайрат­кері Марат Әйтімовтің және бұрынғы дәстүрлі әндер мен фольклорлық жанрларды бүгінгі заман талғамына сай әрлеп, өңдеп беріп жүрген танымал өнер иесі Бақытбек Зейнеловтің есімдерін атай кетуге болады. 

Бұрынғы ақын-жыраулардың туындылары мен бүгінгі эстрадалық әндер және патриоттық рухтағы дүниелердің арасында тығыз тұтас­тық бар. Ендеше дәстүрлі әндер мен терме-толғауларды жаңаша форматта өңдеп, ел-жұртқа ұсынудың ешқандай сөкеттігі болмайды. Әрине, бұл істе халықтық шығармалардың бұрынғы бояуы мен реңіне ұлттық колориттерге толы нақыштар мен иірімдерге нұқсан келмегені жөн. 

– Әр заманның талғамы мен тала­бына сай ұлттық ән өнері туын­­ды­ларын ел-жұрттың сана сезіміне жеткізудің өзіндік тәсілдері мен әдістемелері бар. Айталық мұндайда бұрынғыдай тек бір ғана домбыраның мүмкіндігіне арқа сүйеу аздық етуі мүмкін. Сондықтан ежелгі ән-жырды әрлеу кезінде өзге де музыкалық қондырғыларды қол­данудың артықшылығы болмайды. Тек мұндайда бұрынғы әуендердің ырғағы мен мақамына және мәтініне орынсыз ұрынбау қажет. Әйтпесе мұның өзі артық қыламын деп, тыртық қылу болып шықпай ма, – дейді композитор Бейбіт Оралұлы.

Ал дәстүрлі ән туындыларын өңдеуден өткізіп жүрген саңлақ өнер иесі Бақытбек Зейнелов тыңдар­мандардың талғамы мен сұра­нымынан шыға алмаған нұс­қаларды қайта-қайта сахнаға тықпалай берудің қажеті жоқ деп есептейді. Мұндай кемшіндік екі жақтан да болуы мүмкін. Оның біріншісі өң­деудегі сәтсіздік болса, кейінгісі орын­даушының ән ажарын аша алмауынан әрі оның әуенін бұзып айтуы­нан орын алатын келеңсіздік. Бұған дейінгі тәжірибе мұндай сү­реңсіздік, классикалық сипаттағы ұлттық ән туындыларының екінші тынысының ашылмай қалуы көптеген жағдай­ларда орындаушының кінә­сінен болатынын көрсетеді. 

Ал орындалуы келіссе ше? Ен­де­ше мұндайда халықтық туын­дының бағы қайта жанды деп есептей беріңіз. Дәл осы арада бұ­ған айқын да жарқын бір мысал кел­тіре кетудің орайы келіп тұр­ғандай. Айталық, халық әні «Дай­дидау» бұған дейін соншама сән­деніп, соншама мәнденіп қыр қызғалдағындай құлпыра айтылып па еді, тыңдалып па еді? Қаншама ойлансақ та бұл жағдай есімізге түспей отыр. Жоғарыда айтылған ақтө­белік ән әуенін өңдеуші Ба­қытбек Зейнеловтің сүзгісінен кейін және Димаш Құдайбергеновтің орындауында «Дайдидау» төрткүл дүниені тамсандырып кете барды емес пе? Міне, әнді өңдеу мен орындаудың, оны бүгінгі талғамы биік тыңдармандардың жүрегіне жеткізудің эталоны мен үлгісі осындай. 

Ел ішіне кеңінен таралып кеткен ақындардың туындыларын сәл жөндеп, ел назарына қайта ұсыну Мұқағали Мақатаевтың: «Қазақтың күпі киген қара өлеңін, шекпен жауып өзіне қайтарамын», деген өлең жолдарын еріксіз еске түсіреді. Дәл солай емес пе? Халықтың ән-жыр қазынасы – мәдени мұраның кесек бір бөлігі. Ендеше оған жаңаша әр беріп, ел-жұрттың қайта сусындауына жағдай туғызу өміршең ойдан туған қадам деп білеміз. Бұл қазіргі қоғамға керек істің бірі де­сек те, қателесе қоймаспыз. Әрі осы арқылы ақындар мен ком­пози­торлардың шығармаларын келешек ұрпаққа табыстаудың өзгеше бір жолы мен үлгісі ашылар еді деген ойдамыз.

Қазіргі күні Ақтөбе аймағында ұлттық өнеріміздің жанашырлары мен кәсіби мамандары осы топы­рақтың төл перзенттері, барша қазақ халқының ықыласына бөленген даңқты өнер иелері Тәңірберген Мол­дабай, Әбубәкір Кердері, Нұр­пейіс Байғанин, Шернияз Жарылғасұлы, Қызыл Тұрдалыұлы, Сары Батақұлы және Наурызбек жыраудың шығар­маларының екінші тынысын ашып, келер ұрпаққа табыстаудың ұтымды жолдарын іздестіруде. Олар бұл ретте халықтық сипаттағы терме-толғаулар мен әндерді көпшіліктің наза­рына жаңаша форматта ұсынып жүрген, елге есімдері кеңінен танымал өнер шеберлері Рамазан Стамғазиев, Айгүл Қосанова және Өмір­құл Аиниязовпен тығыз шығар­машылық байланыс ор­ната отырып, өздері қолға алған істің тамырын тереңдете түсуде. 

Осы орайда Ғазиза Жұбанова атындағы Ақтөбе облыстық филар­мониясының директоры Елубай Кенжалиевтің бастамасымен эстра­далық және патриоттық әндер жанр­ында шырқайтын әншілердің республикалық «Жібек жолы» байқауы ұйымдастырылып келеді. Бұған кәсіби өнер ұжымдарында жұмыс жасайтын 17-35 жас ара­лы­ғындағы еліміздегі барлық этнос­тың өкілдері қатыса алады. Мұн­дағы басты талап – орындалатын халықтық шығармалардың ереже­дегі талаптарға сәйкес келіп, жаңа форматта болуы.

Бұған қоса байқауға қатысу­шылардың орындаушылық шебер­лігі мен мәнеріне, дауыс диа­па­зонының кеңдігі мен ашықтығына, сондай-ақ сахна мәдениетін сақтай білуіне ерекше мән беріледі. Биыл республикалық «Жібек жолы» эс­традалық әншілер байқауы екінші рет өткізіліп, оған облыстардан және Алматы, Астана, Шымкент, Ақтөбе қалаларынан дарынды жастар қатысты. Жаңаша өңдеудегі халық әндерін орындауда Атырау облысынан келген жас әнші Айбар Ғаниұлы бас жүлдеге ие болды. Міне, осылайша шетсіз де шексіз үлкен дария іспеттес дәстүрлі жыр-термеміздің жаңаша тынысын ашу жөнінде екі-үш ауыз ой өрімдері айтылған секілді. Халықтық ән өнеріміздің ғұмырын одан әрі жалғау мен жаңғырту рухани-мәдени даму тұрғысынан қарастырғанда жаһандық бәсекеге төтеп бере білуі­міздің бір төте жолы екені анық.

Темір ҚҰСАЙЫН,

«Егемен Қазақстан»

АҚТӨБЕ

Соңғы жаңалықтар