Аймақтар • 09 Қаңтар, 2019

Астанада Бозоқ тарихи-мәдени кешенін құру жұмыстары жүргізіледі

369 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Мемлекет басшысының «Рухани Жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жалғасатын болады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Астанада Бозоқ тарихи-мәдени кешенін құру жұмыстары жүргізіледі

2018 жылдың қорытындылары мен 2019 жылдың жоспарларына арналған қала активінің кеңейтілген аппараттық кеңесі барысында Астана әкімі Бақыт Сұлтанов елорда әкімдігі Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, 2020 жылға дейін Бозоқ тарихи-мәдени кешенін құру жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

«Биыл Мемлекет басшысының «Рухани Жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларын жүзеге асыру бойынша іс-шаралар жалғасатын болады. Оның шеңберінде бірнеше виртуалды музейлер құру, мұрағаттық деректерді цифрлау, мектептерде өлкетану музейі мен тарихи-археологиялық қозғалыстарды құру жоспарлануда. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп, 2020-шы жылға дейін Бозоқ тарихи-мәдени кешенін құру жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұдан әрі Бозоқ халықаралық деңгейдегі мәдени, туристік және ғылыми-зерттеу орталығы, сондай-ақ Еуразия аймағындағы археологиялық-этнографиялық зерттеу ғылыми-әдістемелік базасы болады», - деді Бақыт Сұлтанов.

Ал археологиялық ескерткіштердің аумағында экспедициялар ұйымдастырылмақ.

«Киелі Астана» жобасы аясында тарихи ескерткіштерді зерттеу үшін 4 археологиялық нысанның аумағында ғылыми экспедициялар ұйымдастырылады. Экспедицияның нәтижесінде арнайы кітаптар, журналдар мен фотоальбомдар басылып шығарылады деп жоспарланып отыр. Мұның барлығы елордадағы туризм дамуының іскерлік келбетін дамытып қана қоймай, оның тарихи-мәдени әлеуетін арттырады», - деп атап өтті қала әкімі.

Сонымен қатар, «Ұлы даланың ұлы өркениеттері» жалпыұлттық тарихи-реконструкциялар клубы құрылып, оның негізінде Астана мен Қазақстанның өзге өңірлерінде көне сақтар; ғұндар, ұлы түркі қағандарының дәуірі тақырыптарында  фестиваль өткізілетін болады.