Аймақтар • 09 Қаңтар, 2019

Жамбыл тауы ма, Жамбы тауы ма?

1721 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Қиырына көз жетпейтін, кеңдігінен сұңқардың қанаты талып, тұлпардың тұяғы тозатын ұлы даланың ұлылығына таң қалмасқа амал жоқ. Көне тарихтың сабағы бізге елдік, ұлттық мәселелер хақында сыр шертеді. Тұлпар тұяғының сынығы, найзаның ұшы қасиетті кең даланың рухын көтеріп, мерейін үстем етіп тұрған көркем көріністер. Сол сияқты ұлы дала төсіндегі беймәлім үйінділер, аманат жазылған алып топырақ, қылыштың ізі қалған балбал тастар, барлығы да қазақ дейтін ұлттың ұлы байлығы. Қазақ даласындағы әрбір мекеннің, әрбір жердің талайлы тарихымызда орыны бар деуге әбден болады.

Жамбыл тауы ма, Жамбы тауы ма?

Әулиеата өңірінде ежелден елге қоныс, жұртқа пана болған Хан және Жамбыл таулары бар. Бүгінгі географиялық бөлініс бойынша бұл тарихи таулар Жамбыл облысының Мойынқұм ауданының аймағында. Хан тауына байланысты ел аузында ертеде ханның ордасы тігілген, туы көтерілген жер деген аңыз сақталған. Хан тауының басында немесе баурайында халық Керей және Жәнібек сұлтанды ақ киізге орап хан көтермей тұрғанда, ол таудың аты Қозыбасы болған екен. Шынында да көптің айтуынша, Хан тауының басы қозының басына ұқсайды. Ал, көпті көрген көнекөз қариялардың айтуынша, Хан тауының үш биігі бар болса, ең биік шоқысы Сұңқар деп аталады. Одан кейін Көкшоқы және Қызылшоқы деп аталатын шоқылары тағы бар. Мәселен Сұңқар шоқысы тура қошқар болатын қозының дөң маңдайын елестетеді. Ол Мойынқұм жерінен бастау алып, Шу өңіріне қарай біртіндеп аласарып барып көкжиекке батады. Ал Сұңқар шоқысының ту сыртындағы Көкшоқы мен Қызылшоқы қозының екі құлағына ұқсайды. Сонымен қатар, Хан тауының далалық бетіне жақын орналасқан «Ханның үлкен тағы», «Ханның кіші тағы», «Ханның оры», «Ханның қорасы», «Ханның жолы», «Ханның өзені» деген де атаулар ешкімді бей-жай қалдырмайды.

Мойынқұм өңіріндегі Хан тауын Шыңғыс ханның үлкен ұлы Жошы хан мекендеген деген де аңыз бар. Аңыз бойынша бұл өңір құландардың мекені болған деседі. Жошы ханның баласы сонда құлан аулап жүріп мерт болады. Мұны естіп қаһарланған хан құландарды түгел қырмақшы болыпты дейді. Сөйтіп құландарды қамаған жер «Хан қорасы», құландарды қырған ор «Ханның оры» аталып кеткен екен. Олардың сілемдері әлі күнге дейін сақталып жатыр. Хан тауы дегенде, Жамбыл тауы да қоса айтылады. Жамбыл тауы Шу-Іле тауларының солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан. Көп жағдайда Жамбыл тауының тарихы жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың есімімен байланысты айтылады. Ақынның өзінің «Шу өзенінің бойы­мен жүре берсеңіз, Хан және Жамбыл деген екі тауға кез боласыз. Менің әкем Жабай бір кезде осы тауларда көшіп-қо­нып жүрген. Жамбыл тауының етегінде, қақаған қатты боранды күні мен туыппын! Маған сол көне Жамбыл тауының есімі ат болып тағылыпты. Бұл 1846 жы­лы ақпан айы екен. Менің әкем Жабай шоқпыт шапанды көшпелі кедей адам болған» деген естелігі бар. Жамбыл тауының түпкі жыныстары ашық, беткейлері тік, құлама болып келеді. Топырағы сұрғылт қоңыр, қиыршықты. Мұнда боз жусан, бұйырғын, баялыш, күй­­­реуік көбірек өседі. Талай сәт­терге куә болған, ішіне сыр бүк­кен Жамбыл тауының тарихы тереңде жатыр. Жамбыл ақын «Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім, қамыққан, қанды жасты жанды көрдім. Ел көрдім – еңіреп босқан аңды көрдім, Қойнында Алатаудың зарды көрдім» немесе «Қақаған қар аралас соғып боран, Ел үрей, көк найзалы жау торыған. Байғара, Жамбыл, Хан­да мен туыппын, Жамбыл деп қойылыпты атым сонан» деп жырлайды. Бұл жолдарда да тарихтың шындығы жатса керек.

Жамбыл бабамыздың жоғарыдағы «Көз аштым, сорғалаған қанды көрдім» деген өлеңіндегі жайттың Қоқан хандығының қыспағы екенін түсіну қиын емес. Ал жергілікті азаматтардың айтуынша, сол Қоқанның қыспағына қарсы тұрған тұлғаның бірі Ерназарұлы хан Жамбыл екен. Бұл кісі тарихта болған адам. Кезіңде Тәуке ханның жанында жүрген Есей бидің ұрпағы хан Жамбыл сол кезеңдерде осы маңайды жайлапты. Ел аузындағы аңыз бойынша да Қоқан хандығының алым-салық жинауынан Байғара мен хан Жамбыл бас тартады. Ел аузында жыр алыбы жырға қосқан Жамбыл, Байғара тауларының осы кісілердің атымен тікелей байланысты екен деген де әңгіме сақталған. Сөйтіп қыспақтан халықты құтқаруға асыққан Байғара мен хан Жамбыл тағдырдың тәлкегіне түседі. Ал хан Жамбыл ұр­пақ­тарының бірі, бүгінде ақсақалдық жасқа жетіп отырған Көшербек Жұманқұлов та бабасы жайлы біраз жайды әңгімеледі. Бұл кісі кейіннен тағдырдың жазуымен хан Жамбылдың Шу бойынан, Мойынқұм даласынан өз еліне оралғанын айтады. Жаз мезгілінде баба салтымен тау жайлап, қыста Талас бойына кө­шіп, бейбіт ғұмыр кешкен екен. Талас бойындағы Жаңақорған қалашығын салдырғаны да тағылымды әңгіме.

Хан Жамбыл Жамбыл жыраудан бұрын өмір сүрген адам. Ел аузында Жамбыл тауының тарихына қатысты осы екі тұлғаның есімі қатар аталады. Яғни, көнекөз қариялардан жеткен әңгімелер бойынша хан Жамбыл осы жерді мекендеген болса, ақын Жамбыл осында дүние есігін ашқан. Бірақ Мойынқұм ауданының құрметті азаматы, белгілі саятшы Жапар Сатылғанов Жамбыл тауына қатысты мүлде өзгеше пікір білдірді. Ол кісі бала күнінде әкесі Тілеужанмен бірге Жамбыл тауына барғанын, сондағы әкесінен естіген әңгімесін бізге айтып берді. «Жамбылдың әкесі Жабай, атасы Ыстыбай «Қоқан ханынан, Жетісуды билеген Құдиярбектен құтылар бір ғана жол бар. Ол – Сарыарқадағы ағайындарға жету», деп жасақ дайындап, әулетімен осы Хан жолымен Арқаға бірнеше түйеге жүк артып, үдере көшкен екен», дейді. Сонымен қатар, саятшы Жапар Сатылғанов әке мен бала арасындағы әңгімені тағы былайша өрбітеді. «Сол қол жағыңдағы ана биікке қара», деді. Қарасам, тау үстінде жалғыз шоқы тұр. Әкей маған «Бұл шоқыны қазір «Бүркіт шоқысы» дейміз. Мұнда бүркіттер ұя салады. Бірақ мықты қырандар емес. Ілгеріде, дәл осы шоқының басына «Жамбы» іліп қойып батыр жігіттер бәс тігіп, садақ атқан. Кім әлгі жамбыны атып түсірсе, сол жігіт тайтұяқ алтын ұтып, атағы шыққан. Сондықтан да жыр алыбы Жамбыл бабамыз туғанға дейін бұл тау Жамбы тауы деп аталған. Оны сендер білесіңдер ма?» деді» дейді. Жапар Сатылғанов бұл дерегін кезінде Жамбыл Жабаевтың әдеби хатшысы болған атақты ақын Тайыр Жароковтың да Жамбыл тауының ілгеріде Жамбы тауы деп аталғанын жазғанымен растай түседі. Бұл қисынға сенсек, Жамбыл жырау дүниеге келмей тұрғанда бұл тау Жамбы аталған.

Бүгінде бізге көненің сөзі – тарихтың өзі сияқты әсер қалдырады. Бүгінде өзі де қариялық жасқа жеткен Жапар Сатылғанов бұл мәселе төңірегінде әкесі айтқан тағы бір әңгімені еске салады. Арада талай жыл өтсе де ұмытылмай естелік болып қалған бұл әңгіме де біраз сыр аңғартқандай. «Ол кезде мына тораңғылар болмаған, өспеген» деп айтатын бұрынғы аталарымыз. Осы қуысқа түйені айналдыра шөгеріп, ортасына ықтырма күрке тігіпті. Ықтырма күркені айнала қоршаған жеті түйенің буы ықтырма күркеге жылу беріп, боран суығын өткізбегендіктен, жас ана Ұлдан баланы қиындықсыз өмірге әкелген. Жабай батыр бастаған топ боран басылған соң да жас босанған ана мен сәбидің қамы үшін үй тігіп, әлгі жерге бірнеше күн аялдапты. Сол күндердің бірінде әулет қариясы Жабайға «Мына Жамбы тауының қасиеті бізді де, жас босанған ана мен баланы да аман сақтады. Бұл киелі жер. Ұлдан келін дәл осы асудың бұрылысына келгенде толғатпаса, асудан асып, мұнда келмес едік. Бұл да қисынын келтірген Алланың, осы киелі таудың шарапаты. Сондықтан сәбидің аты Жамбы қойса дұрыс болар еді» деген әке әңгімесін сабақтайды. Сөйтіп, жаңа туған нәрестенің есімі Жамбы емес, Жамбыл болғанын, оның кейінгі әйгілі Жамбыл жырау атанғанын айтады.

Аңыз бен ақиқаттың үйлесуі күрделі мәселе. Бүгінгі күнге дейін өзінің тарихи ерекшелігін жоғалтпаған, аңыз бен ақиқатты үйлестіре білген Жамбыл тауының тарихына қатысты қысқаша әңгіме осындай. Талғамға талас жоқ әрине. Расында да бағзы заманда бұл таудың Жамбы аталған болуы да ғажап емес. Қалай болғанда да қазақ жеріндегі барша құндылық қазақтың өзінікі. Елдің аты, жердің хаты да қазақ ұлтына тиесілі.

Хамит ЕСАМАН,

«Егемен Қазақстан»

Жамбыл облысы