Аймақтар • 09 Қаңтар, 2019

Астаналықтардың орташа жалақысы қалай есептеледі

453 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астанадағы орташа айлық номиналды жалақы – 230 мың теңге. Астана қаласы Статистика департаментінің жетекшісі міндетін атқарушы Жанар Серікбаева бұл дерекке қатысты түсініктеме берді.

Астаналықтардың орташа жалақысы қалай есептеледі

Оның айтуынша, бұл сандар қалада ресми тіркелген мекеме, ұлттық компаниялар мен министрліктер және үлкен кәсіпорындар тоқсан сайын тапсыратын статистикалық талдау нәтижелері бойынша (еңбек бойынша есеп) анықталады.

Статистика департаментінің мәліметінше, Астанада 2019 жылдың 1 қаңтарына дейін 73 мыңнан аса заңды тұлға, филиалдар мен өкілдіктер және 98 мыңға жуық жеке кәсіпкер тіркелген.

«2018 жылдың қаңтар-қыркүйек айларында Астанада бір қызметкердің орташа айлық номиналды жалақысы 233163 теңгені құрады. Бұл деректер тоқсан сайын қалада тіркелген кәсіпорындар мен заңды тұлғалардан жиналатын статистикалық есепке негізделген. Ол есеп 1-Т деп аталатын форма негізінде есептеледі. Әрі қарай бір қызметкердің орташа еңбекақысын есептейміз. Ол есептелген жалақы қорының сомасын (лауазымдық жалақылар, қосымша ақылар, үстеме ақылар, сыйақылар және ынталандырушы және өтемақы сипаттағы өзге де төлемдер) салықтарды ескере отырып, қызметкерлердің нақты санына және есепті кезеңдегі айлардың санына бөлу жолымен анықталады», деді Жанар Серікбаева.

Сондай-ақ, ол Қазақстанның елордасында барлық ірі кәсіпорындардың, ұлттық компаниялардың, министрліктердің, шағын және орта бизнес субъектілерінің бас кеңселері бар екенін ескеру қажет екенін атап өтті.

Орташа айлық жалақы туралы ресми статистикалық мәліметтерді stat.gov.kz сайтынан көруге болады.