Медицина • 10 Қаңтар, 2019

«Ана мен бала» орталығы: ағзаға мұқтаж балалар бізде емделеді

1604 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«UMC» корпоративтік қорының Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы балалардың ағза трансплантациясына мұқтаждығын толық қамтамасыз ете алады. 

«Ана мен бала» орталығы: ағзаға мұқтаж балалар бізде емделеді

Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығы басшысының орынбасары Венера Алтынова орта­лықтың балалар трансплантологиясы бойынша мүмкіндіктерін таныстырды. Оның айтуынша 2012 жылдан бері, яғни 6 жыл ішінде балаларға 81 бүйрек транс­­­плантациясы жасалған болса, операцияның 89 пайызы Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында өткен.

«Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығында 2012 жылдан бері терминалды кезеңдегі бүйрек, бауыр созылмалы ауруларын емдеуде жоғары технология­лық әдістер енгізіп келеді. Осы­ның арқасында қазір бүйрек пен ба­уыр трансплантациясы үшін науқас балалар шетелдік клиникаларға бармайтын болды. Қазіргі уақытта елімізде 61 ба­ла бүйрек донорына, 21 бала бауыр донорына мұқтаж. 2015 жылдан бері балаларға мәйіт ағз­аларынан бүйрек трансплантациясы жасала бастады. Былтыр алмастырылған органды ағзасы қабылдамаған балаға қайтара бүйрек трансплан­тациясы жасалды. Бұл салада ағза­сы алмастырылған балалар мен трансплантаттың аман қалу деңгейі Еуропа елдерімен бірдей. Біздің орталықта бұл көрсеткіш 94,4%-ға жетіп отыр», деді В.Алтынова.

Бұл орталықта 2014 жылдан бастау алған бауыр трансплантациясы да айтарлықтай дамыған. Клиника басшысы қазірге дейін Түркияның Башкент университеттік клиникасы, Бе­ларусьтың Республикалық ағ­залар мен тіндер трансплантациясы ғылыми-тәжірибелік орталығы мамандарымен бірлесіп 6 ай мен 1 жас 2 ай аралығындағы 7 балаға бауыр трансплантация­сы сәтті жасалғанын жеткізді. Оның ішінде екі трансплантация­ны орталық мамандары өздері жасаған.     

Сондай-ақ былтыр кемік майы трансплантациясы 527 бала­ға жасалды. Оның ішінде күр­делі обырмен 116 бала, лейкозбен 411 бала ем алып шықты.

Алайда донор тапшылығы балалар трансплантологиясында да түйткілді мәселе болып отыр. «Жыл сайын бүйрекке мұқ­­­таж балалардың қатары 14-18-ге көбейіп отырады. Бірақ балалардың кейбірінің әке-ше­шесінің жоқ болуы немесе қан тобының сәйкес келмеуі, ата-анасының денсаулығының болмауы, донордың табылмауы жағ­дайды қиындата түседі. Сондай жағдайларда мәйіттен ағза ала алсақ, балаларға жақсы мүмкіндік туар еді. Донор болмағандықтан, көп бала қайтыс болып кетеді» деді В.Алтынова.

Майгүл СҰЛТАН,

«Егемен Қазақстан»