Аймақтар • 10 Қаңтар, 2019

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде 24 мыңнан аса жәдігер бар

595 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК - республикадағы іргелі музейлердің бірі. Қорық-музей ақын, ислам дінінің көрнекті жаршысы, «Түркістан пірі» атанған ғұлама Қожа Ахмет Ясауи (Әзірет Сұлтан) құрметіне арнап, ХIV ғасырдың соңында Әмір Темір салдырған кесене негізінде Түркістан қаласында 1978 жылы 30 қыркүйекте «Республикалық Қожа Ахмет Ясауи кесенесі сәулет ғимараты музейі» ретінде ашылды.

«Әзірет Сұлтан» қорық-музейінде 24 мыңнан аса жәдігер бар

1989 жылы тамыздың 28 күні Қазақ ССР Министрлер кеңесінің №256 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» болып құрылды. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 24.07.2015 жылғы «ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің республикалық мемлекеттік мекемелерін қайта ұйымдастыру туралы» №585 қаулысымен «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі» РМҚК болып қайта құрылған.

Қорық-музейде Археология және ескерткіштерді қорғау, Ғылыми зерттеу, Қор сақтау, Экскурсия және насихат, Шаруашылық бөлімдері жұмыс атқарады.

Қорық-музейдің тарихи аумағының жер көлемі - 88,7 га. Құрамында 99 тарихи-мәдени ескерткіш бар.

Мұнда халықаралық ескерткіш саны - 1, республикалық ескерткіштер саны – 20, жергілікті маңызға ие ескерткіштер саны – 7, алдын-ала есепке алынған ескерткіштер саны –71.

Ал, қор сақтау бөлімінде жинақталған жәдігер саны - 24 421. Оның ішінде негізгі қор – 13 614, қосалқы қор – 10 807, нумизматикалық жәдігерлер саны - 13 629, археологиялық жәдігерлер саны – 5175, этнографиялық жәдігерлер саны – 2698, жазба ескерткіштер саны - 2919.

Қорық-музей қорында Әмір Темір дәуірінен сақталған қасиетті тайқазан, лауһа (тудың ұшы), шырағдандар мен есіктер, Қ.А.Ясауидің «Диуани хикмет» кітабының қолжазбалары сақталған.

Музейлердің экспозиция алаңдарында жылына түрлі тақырыпта көрме ұйымдастырылса, республика бойынша көшпелі көрмелер ұйымдастырылып, еліміздің барлық облыстары және оңтүстік өңірінің аудандары түгел қамтылып келеді.

Атқарылған іс-шаралар нәтижесінде қорық-музей 2015 жылы халықаралық ICOM одағының «Жыл музейі» дипломына ие болса, 2016 жылдың қорытындысы бойынша Ұлттық бизнес-рейтинг бағдарламасының «Өрлеу қарқыны» номинациясында Қазақстан музейлері бойынша «Сала көшбасшысы» атағына, «Алтын» рейтингісіне ие болып Халықаралық сертификатпен және арнайы «Алтын қыран» медалімен марапатталды. Қорық-музей 2018 жылдың қорытындысы бойынша «Тарихи-мәдени туризмді дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясына ие болған.