Технология • 10 Қаңтар, 2019

«NURINTECH» инновациялық жобалар байқауының қорытындысы жарияланды

526 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы жас өнертапқыштар арасында өткізген республикалық «NURINTECH» инновациялық жобалар байқауының қорытындысын жариялады. Соған орай бүгін «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінде байқау жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды. Оған партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев, Парламент депутаттары және инновация саласындағы мамандар қатысты.

«NURINTECH» инновациялық жобалар байқауының қорытындысы жарияланды

Жас ғалымдарды жеңістерімен құттықтаған партия Төрағасының Бірінші орынбасары олардың ғылыми жұмыстары лайықты жалғасын тауып, ел дамуына өз үлесін қосатынына сенім білдірді. Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайында цифрландырудың, инновацияның және жаңа технологияның маңызы зор екенін, Елбасы осы салаға ерекше көңіл бөліп, оның жан-жақты дамуына барлық жағдайды жасап келе жатқанын тілге тиек етті.

– Байқау Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен қолға алынған жоба. Оның басты мақсаты – талантты, болашағынан үміт күттіретін, ғылым мен инновацияда тың идеяларды қолға алып, жұмыс істеп жүрген жастарымызды қолдау, оларға өз бастамаларын табысты жүзеге асыруға жағдай туғызу, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар ол марапаттау салтанатының «Astana Hub» ІТ-стартаптар технопаркінде өтуі де тегін емес екенін айтты. Оның айтуынша, Елбасы ашқан бұл орталық еліміздегі инновация саласының мамандарын бір арнаға тоғыстырып, оларға жүйелі түрде қолдау көрсетіп, стартаптарын жүзеге асыруға жол ашып беретін алаң болып табылады. Ашылғанына көп уақыт өтпесе де «Astana Hub» өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерген. Бүгінде мұнда 150-ге жуық стартап жүзеге асырылуда.

– «NURINTECH» байқауының жеңімпаздарын марапаттауды осы алаңда өткізу арқылы жас новаторларға «Astana Hub» алаңын көрсетіп, оның мүмкіндігімен таныстыруды мақсат тұттық. Сондықтан алдағы уақытта жастарымыз өз жобаларын осы алаңда әрі қарай дамытып, кеңейтіп, кешенді түрде іске асырады деп сенеміз, – деген Мәулен Әшімбаев жыл сайын байқауға қатысушылардың қатары өсіп келе жатқанын жеткізді.

Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасы Бірінші орынбасары байқауға қатысқан жұмыстардың барлығы еліміз үшін маңызы зор жобалар екенін де атап өтті. Сондықтан ол келешекте аталған жобалардың тек Қазақстанда ғана емес, әлемнің өзге елдерінде де танымал болатын ғылыми жаңалықтар мен инновациялық жетістіктерге қол жеткізуіне тілектестігін білдірді.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев қазіргі таңда мұндай бастамалардың еліміз үшін берері мол екенін айтып өтті.

– Бүгінде елімізде Елбасымыздың бастамасымен Қазақстанның Үшінші жаңғыруы жүзеге асырылып жатыр. Бұл кешенді бағдарламаның негізінде еліміздің технологиялық, инновациялық және үдемелі дамуы көзделген. Технологиялық дамудың негізгі кілті ғылыми жаңалықтар мен инновация екені сөзсіз. Сондықтан қазіргі таңда осы бағыттағы бастамаларды, стартаптарды, ғылыми және ІТ-жобаларды қолдаудың маңызы зор. Осы тұрғыдан келгенде, партиямыздың «NURINTECH» байқауының маңызы зор, – деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Одан бөлек, Мәулен Әшімбаев жастарға өз күштеріне сеніп, ойлары мен идеяларын жүзеге асыру жолында табандылық танытып, арманына жету үшін аянбай еңбек ету керектігін айтты.

– Біз қазір Google, Amazon, Apple, Microsoft, Tesla, Alibaba сияқты ірі инновациялық компаниялардың өнімдерін қолданамыз. Олар да арман мен мақсаттардың және табанды еңбек пен қажыр-қайраттың жемісі. Олардың негізін қалаушылар қолдарында мүмкіндік болмаса да өз жобаларының жеміс беретініне сене білді. Сондықтан бүгінгідей табысқа жетіп отыр. Сол себепті сіздер де өз мүмкіндіктеріңізге сеніп, еңбек етулеріңіз керек. Сіздерге Елбасы да үлкен сенім артып, «Astana Hub» сияқты стартаптар алаңын ашып берді. Мемлекет басшысының тапсырмасымен «NURINTECH» сияқты байқаулар да көптеп ұйымдастырыла бастады. Енді қазақстандық жастар Елбасының осы сенімін ақтап, инновация жолында аянбай жұмыс істеулері керек, – деді Мәулен Әшімбаев.

Өз кезегінде жас өнертапқыштарды Мәжіліс депутаттары Альберт Рау мен Геннадий Шиповских, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Нұржан Әлтаев, «Astana Hub» халықаралық ІТ-стартаптар технопаркінің директоры Әділет Нұрғожин, Ұлттық биотехнологиялық орталықтың бас директоры Ерлан Раманқұлов және тағы басқа белгілі мамандар құттықтап, игі тілектерін жеткізді.

Биыл қатарынан үшінші рет ұйымдастырылған іс-шара «Жас Отан» Жастар қанатының ұйытқы болуымен өткізілді. Нәтижесінде үш аталым бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды.

Атап айтқанда, «Әлеуметтік маңызды инновациялар» аталымы бойынша қызылордалық Нұрсұлтан Пірімбетов жеңімпаз деп танылды. Ол байқауға қаладағы кептелісті азайту үшін көлікті жалға алуға арналған мобильді қосымшасын ұсынған. Бұл аталымда мүгедектер арбасын автоматтандыру қондырғысын ойлап тапқан астаналық Дулат Әміржан 2-орын алса, үздік үштікті көзі нашар көретіндер үшін роботтандырылған таяқ жасап шыққан павлодарлық Әлихан Рахметов түйіндеді.

Ал Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетінің жас ғалымдары танталдан жасалған отандық медициналық импланттардың үлгісін ойлап тауып, «Үздік жас ғалым» аталымында жеңіске жетті. Олардың сөзіне қарағанда, қазір үлгі клиникаға дейінгі сынақтан өтуде. Егер сынақ нәтижелері сәтті болса, бұл құрылғылар Қазақстан ғана емес Ресейдің де нарығында сұранысқа ие болмақ. Бұл аталымда өзін-өзі реттейтін жылыту кабелін дайындаған алматылық Нұрқадыр Мансұров 2-орын алды. Ал тозған және тұздалған жерлерді қалпына келтіруге арналған биомелиорант ойлап тапқан Жамбыл облысының тумасы Дәулет Егембердиев 3-орынға табан тіреді.

Былтыр жобада жеңіске жетіп, робот техникасынан халықаралық жарыстардың жеңімпазы атанған алматылық оқушы Любовь Дудченконың туризмді дамытуға бағытталған «joARney» қосымшасы «Жастардың инновациялық жобасы» номинациясы бойынша топ жарды. Мобильді қосымша Алматы қаласында тауға шыққысы келген туристерге таулы аймақтың моделін толыққанды шынайылық (augmented reality) форматында көрсетеді.

Көлік жақындағанда құлаққаптың дыбыс деңгейін өзі төмендететін қосымша жасап шыққан алматылық Жәңгір Сиранов аталған номинация бойынша 2-орын алса, жарықтың көмегі арқылы деректерді беру жобасымен байқауға қатысқан атыраулық Арсений Кан үшінші орыннан көрінді.

Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар табыс етілді. Нақты айтқанда, 1-орын алған жас ғалымдарға 1 миллион теңге сыйақы тағайындалса, 2-орын иегерлеріне – 500 мың, 3-орын алған өнертапқыштарға 250 мың теңгеден берілді. Байқаудың жалпы жүлде қоры 5 миллион теңгені құрады. Одан бөлек, қостанайлық 11-сынып оқушысы Петр Шилов байқаудың арнайы жүлдесі – Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің грантын ұтып алды.

Айта кетейік, байқауға қатысуға 2018 жылдың қазан айынан бастап еліміздің барлық өңірінен 1000-нан астам өтінім келіп түскен. Комиссия мүшелері финалға өткен 30 жұмыстың ішінен экология, робот техникасы, жасанды интеллект, баламалы қуат көздері, жасыл энергетика, өнеркәсіп, IT, медицина, химия, биология, фармацевтика, жол қозғалысының қауіпсіздігі салаларындағы ең үздік жобаларды таңдап, үздік деп таныды.