Қазақстан • 11 Қаңтар, 2019

Қазақ елі – түркі әлемінің қара шаңырағы

30870 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы Қазақ елінің адамзат тарихындағы орны туралы маңызды мәселелерді көтергені белгілі. Мақалада, әсіресе қазақтардың Түркі жұртындағы маңызды орны тағы бір рет айрықша аталып өтті. 

Қазақ елі – түркі әлемінің қара шаңырағы

«Қазақстан – күллі түркі халықтары­ның қасиетті қара шаңырағы. Бүгінгі қазақтың сайын даласынан әлемнің әр түкпіріне тараған түркі тектес тайпалар мен халықтар басқа елдер мен өңірлердің тарихи үдерістеріне елеулі үлес қосты», делінген мақалада.

Расында да, Қазақстан географиялық жағынан Түркі әлемінің қақ ортасында орналасқан. Қазақ елінің кең-байтақ даласы көшпенді өмір салтының және сол салт негізінде қалыптасқан түркі өркениетінің төл бесігі. Бүгін түркітек­тес елдердің көпшілігінде жоғалып бара жатқан ұлы бабаларымыздың құндылықтары әлі күнге дейін қазақ ортасында сабақты жалғасын тауып келеді. Ендеше, «Қазақ елі – түркі әлемінің орталығы» деген пікір тек қазақтың ұлттық болмысының күшеюіне ғана себеп болмайды, оған қоса өзіміз­бен бауырлас елдердің де рухани жаң­ғыруына септігін тигізбек. Басқаша айтқан­да, тағдырдың өзі Қазақ еліне маңызды жауапкершілік жүктеп отыр. Қазақтардың өздерінің шежірелі тарихын зерделеп, оған ие болып, ұлттық бірегейлік қалыптастыруы – түркі өркениетінің жиырма бірінші ғасырда жаңа белеске көтерілуінің алғышарты. Сондықтан Қазақ елінің түркі әлеміндегі орнына жан-жақты талдау жасалып, насихатталуы керек. 

Түркілердің атақонысы, шыққан жері, төркіні қай жер екендігі – ғалым­дардың арасында осы уақытқа дейін талқыланып келе жатқан мәселе. Жалпы қабылданған түсінік түркілердің Алтай тауынан шыққандығы болса да, басқаша пікірлерді қолдайтын ғалымдар да аз емес. Кейбір ғалымдар түркілердің не­гіз­­гі қонысы Еділ мен Жайықтың ара­­сы десе, кейбіреулер Тәңір тау мен Арал те­ңі­зінің арасы деп айтады. Енді кей­бі­реу­лері Орал тауын көрсетсе, түркі­лер­дің атақонысы, қара шаңырағы қазіргі Моң­ғо­лия аумағы деген пікір де кеңінен тараған. 

Бұл мәселеге тың көзқарас ұсынған татар ғалымы Зәкиев түркілер бір жерден шығып, бүкіл Еуразия аумағына тарады деген пікір еуроцентристік идеологияны қолдау үшін ортаға тасталған түсінік деп есептейді. Еуроцентристердің мақсаты – түркілердің Орталық Азия, Кавказ аймағы және Шығыс Еуропаға кейіннен келген келімсектер екендігін дәлелдеу және шын мәнінде бұл жерлердің үнді-еуропалық тайпалардың атақоны­сы екендігін дәйектеу. Бұл арқылы еуропа­лықтардың осы аталған жерлерді билеуге құқығы бар екендігіне дәйек қалып­тастыру. Зәкиевтің пікірінше, түркі­лер атам заманнан бері қазіргі тұр­ған жерлерін мекендеген. Түркі ру­лары­ның бір жерден басқа жерге барып, онда өз мемлекеттерін құруы ол жерде одан бұрын түркілер болмады деген мағынаға келмеуі тиіс. Кеше­гі мақаласында Елбасының «Еуро­пацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халық­тары­ның арғы бабалары саналатын этнос­тық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі бол­ға­ны туралы бұлтартпас фактілерді көру­ге мүмкіндік берген жоқ», деген пі­кі­рі бүгін Еуразияның әр қиырында отыр­­ған түркітектес халықтар секілді қазақ­тар­дың да атам заманнан бері осы жал­пақ даланы мекендегендігін көрсетеді. 

Қалай болғанда да, түркі әлемінің шет жақтарында отырған түркі халықтарының құрамы басқа мәдениеттермен шекарасы болмаған орталықтан келген түркі руларымен жаңарып отырғаны анық. Өйткені өзге мәдениеттермен аралас-құралас отыр­ған түркі елдерінің ол мәде­ниет­тер­дің ықпалында қалмауы әрине мүм­кін емес. Бұл үдеріс кезінде шетте отыр­ған түркілердің түркілік бол­мысы­ның әл­сі­­реуі де заңды. Алайда, бұл үде­ріс­ті бо­л­ым­сыз деп бағалауға бол­май­ды. Тіп­ті, түркі өркениетінің ең үздік үлгі­лері осы жат мәдениеттермен араласу ай­­мақ­тарын­да пайда болған десек, қателеспейміз. 

Десе де, түркі өркениетінің тұнық халін өздерінің дәстүрлі өмір салтына байланысты көшпенділердің сақтап қалғандығында дау жоқ. Бәлкім осы «орталықтағы түркілердің» нағыз түркі­­лік дүниетанымды айшықтайтын бол­мыс­тарына байланысты шеттегі түркілер артта қалған туысқандарының жерін «ата­қоныс», «қара шаңырақ» деп те атаған болуы мүмкін. Тіл тұрғысынан айтар болсақ, Махмұт Қашқаридың да жазып кеткеніндей, «Ең таза, ең тұнық түркі тілін қалаға келмеген, басқа тілдерді білмейтін түркі тайпалары сөйлейді». Демек, түркі әлемінің орталығында Ұлы даланы мекендеген көшпенділер негізгі түркі тілін, мәде­ние­тін, дүниетанымын, тіпті мем­лекет­тілігін сақтап қалған болып шыға­ды. Сондықтан түркі әлемінің ішкі жағында орналасқан түркілер түркі әлемінің атақонысы, қара шаңырағы.

Түркілердің қара шаңырағы мәселе­сіне бүгінгі қазақ шежіре дәстүрінен жауап іздейтін болсақ, өте қызықты жайт­тарға куә боламыз. Қазақтарда көне­­ден келе жатқан «Түркімен – төр ағам, өзбек – өз ағам» деген мақал бар. Осы қанат­ты сөзді Мәшһүр Жүсіп Көпей­ұлы шежі­реге сүйене отырып талдағанда, бұл мақал­ға сай түрікмендер, тек қана қазіргі Түрік­менстанның түрікмендері ғана емес, бұрынғы Османлы елінде тұрған барша түркі ру-тайпалары қазақ­тардан бес ата үлкен; ал өзбектер қазақ­тардан үш ата үлкен деп жазады. Сонда қазақтар түркі ағайындардың ең кенжесі ретінде қара шаңыраққа ие боп қалған болады. Қазақ санасындағы бұл түсінік Мағжан Жұма­баевтың өлеңінде де өз көрінісін тапқан: 

Тұранда түрік ойнаған ұқсап отқа,

Түріктен басқа от болып 

жан туып па?

Көп түрік енші алысып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па?

Түркі мемлекеттілігі тарихы тұрғы­сы­нан қарасақ, негізінен Түркі мемле­кеттілігін Түрік қағанатынан бастаған жөн. Өйткені Түрік қағанатынан бас­тап, барлық билеушілер қағанаттың ба­­­сын­да тұрған Көктүрік әулетінен сай­ланған. Жалпы, біздің түркі аталуы­мыз да осы әулеттің атымен байланыс­ты. Хазар билеушілері де, Қарахандар би­леушілері де осы Көктүрік руынан еді. Ал енді кейінгі заманда осы алып қа­ға­нат­ты қалпына келтірген Шыңғыс хан болды. Шыңғыстан кейін барлық хандар Шыңғыс ұрпағынан шығатын болды. Олар төре деп аталды. Төре сөзі мен түркі сөзінің арасында байланыс бар екендігі өздігінен көрініп тұр. Өйткені төрелер сол көне түркі мемлекеттілік дәстүрін жаңғыртқан болып тұр.

Шыңғыс ханнан кейін түркі мемле­кет­тілігін жалғастырушы Жошы­ның ұрпақтары, яғни Алтын Орда болды. Өйткені Шағатай мен Үгедей ұрпақтары парсы мемлекеттілік дәстүрінің ықпа­лында қалды, ал Төленің ұрпақтары Құбылайдан кейін Юань атымен қытай мемлекеттілігінің жалғасы болып кетті. Төленің басқа бір ұлы Құлағу Иран мемлекетінің бөлшегі болып саналады. Ал Алтын Орда ыдырай бастағанда және Ресей Алтын Орда мұрагерлері Үлкен Орда, Қазан, Астрахань, Көшім, Ноғай және Қырым хандықтарын жаулай бастағанда, бұл басқыншылыққа 1847  жылы соңғы ханы Кенесары өлгенге дейін төтеп берген Қазақ хандығы – Алтын Орданың тікелей мұрагері еді. 

Бүгін қазақтардың шежіре дәстүрінде төрелердің ерекше құрметке бөленуі Қазақ елінің ежелден жалғасып келе жатқан түркі мемлекеттілігінің жалғасы екендігін дәлелдеп тұр. Бір жағынан осы шежіре дәстүріне негізделген ұлттық сана, енді екінші жағынан Қазақстан­ның географиялық ортасы Қазақ елін түркі өр­кениетінің қара шаңырағына айнал­ды­рады. Елбасының: «Тарих пен гео­­графия түркі мемлекеттері мен ұлы көш­пенділер империялары сабақ­тас­тығы­ның айрықша моделін қа­лып­­тас­тыр­ды. Бұл мемлекеттер ұзақ уақыт бойы бірін-бірі алмастырып, орта ғасырдағы Қазақстанның экономикалық, саяси және мәдени өмірінде өзінің өшпес ізін қалдырды», деген пікірі тарихи сана мен ұлан-байтақ даланың қазақтың ұлттық болмысы тұрғысынан қаншалықты маңызды екендігін еске салады. 

Түркі мәдениеті тұрғысынан қазақ­тар солтүстікте Еділ мен Жайық, оңтүстікте Сырдария мен Әмудария жағалау­ларындағы қалаларда өмір сүрген­діктен, далалықтар ретінде түркі мәдениетінің ең саф үлгісін сақтай білді. Сондықтан да қазақтардың әдет-ғұрпы, тілі мен әде­биеті, музыкасы, дүние­танымы, шежі­ре дәстүрі – нағыз көне түркі өрке­ниеті­­нің жалғасы. Бұлай болуындағы негізгі себептің бірі – ХХ ғасырға дейін қазақтардың Еуразияның ең соңғы көш­пенділері ретінде өмір салтын жал­ғас­­тыруы болса керек. Бір қызығы, амери­­калық ғалым Брюс Прив­ратски бүгінгі Қазақстанның оңтүс­­­тігіндегі Ахмет Ясауи жатқан Яссы қаласының «Түркістан» ата­луын өзбектер басым бол­ған басқа Орта­лық Азия қалаларына қара­ғанда ол жер­­де түркі мәдениетінің нағыз өкілі қазақ­­тардың басым болуы­мен байланыс­тырады. Осы орайда қазақ­тардың Шоқан жазып кеткендей, ислам­нан бұрын­ғы сенім-нанымдарын ислам­мен ұш­тастыра білген түркілік исламы­ның өкілдері екендігін айта кеткен жөн.  

Қорыта айтқанда, Қазақ елі – түркі әлемінің қара шаңырағы, яғни қасиетті шаңырағы. Қара шаңырақта отырған әулеттің белгілі жауапкершіліктері болатындай, қазақтардың да түркітектес бауырлары алдында жауапкершілігі бар екендігін ұмытпауымыз керек. Бұл жауапкершілік қазақ халқының өзінің ата мұрасы, тарихи жәдігерлері, тілі мен салт-дәстүріне ие болуды, оларды жаңа заман талабымен үйлестіруді керек етеді. Мықты елдің биік рухы болатынын ескерсек, елдігімізді жаңа ұрпаққа жеткізуіміз үшін ата-бабамыздың рухани мұрасына ие болып, оны жаңғырта түсуіміз керек.

Дінмұхаммед ӘМЕТБЕК,

арнайы «Егемен Қазақстан» үшін

АНКАРА (Түркия)