Қазақстан • 14 Қаңтар, 2019

Ауылдағы кәсіпті өркендетудің жолы

491 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Еліміздегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялардың көпшілігі өз жұмысында экономиканың құрылыс, жер қойнауын пайдалану, өңдеу өнеркәсіптеріне басымдық беріп, ауыл шаруашылығында өңірлердегі тұрақтандыру қорын қалыптастыру мен ондағы өнімдерді пайдаланудан аспай отыр. 

Ауылдағы кәсіпті өркендетудің жолы

Мәселен, аймақтардың біріндегі ӘКК-де 58 млрд теңгені құрайтын 17 жобаның бар болғаны 5,7 пайы­зы ғана ауыл шаруашылығы жобаларына тиесілі болса, 70 пайызы құрылыс саласын қамтыған. Бұл туралы Мәжілісте палата төрағасының орынбаса­ры Владимир Божконың қаты­суымен «Ауылдық жерлерде ша­ғын және орта бизнесті дамы­туда Әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порациялардың рөлі туралы және осы негізде жоғары сапа­лы азық-түлік өнімдерін үзіліс­сіз қамтамасыз ету туралы» тақырыбында өткен дөңгелек үстел отырысында айтылды. 

Отырыста баяндама жасаған және жиынға төрағалық еткен Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінің төрағасы Сапархан Омаров әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының жұмысына қатысты бірқатар кемшіліктерге тоқталды. Оның айтуынша, тұрақтандыру қорларын қа­лып­тастыру мен пайдалануға қатыс­ты ұзақ уақыттан бері шеші­мін таппай келе жатқан мәсе­лелер жет­кілікті. Мәселен, тұрақ­тан­дыру қорында сақталатын көкө­ністің жарамдылық мерзімі шек­теулі болғандықтан, өнім­нің бүлінуіне байланысты шы­ғын қаупі бар. Сондай-ақ бірқатар өңірлерде өнім сатып алуға бөлінген қаражат уақы­тында пайдаланылмай, корпо­рациялардың депозиттік есепшоттарында жатып қалған. 

– Біздегі мәліметтерге қа­ра­ған­да, бірнеше облыста тұрақ­тандыру қоры құрылмаған, бір­қатарында шығынды деп есеп­тел­гендіктен ӘКК-ды тұрақ­тандыру қорын қалыптастыру бағ­дар­ламасынан шығару туралы ұсы­ныстар берілуде, – деді С.Омаров. 

Депутаттың пайымдауынша, ауылдық елді мекендердегі шағын және орта бизнес өкіл­деріне өндіріс пен өндірілген өнімді сатуда қиямет-қайым 

азаяр емес. Олардың коммуналдық базарларға тікелей шығуына да толық жағдай жасалмаған. Осының салдарынан өндіруші мен тұтынушылар арасындағы делдалдардың айы оңынан туып тұр. Оған қоса, ауылдық бизнес өкілдері кәсібінің жоспарын жасап, кіріс-шығысын дұрыс есептеуге қауқарсыз болғандықтан, несиелік ұйымдармен байланыстары шатқаяқтап тұр. 

– Шағын және орта бизнес тұрақты азаматтық қоғамның негізі және халықтың әл-ауқаты да соған байланысты болмақ. Бұл жөнінде елдің бағдарламалық құжаттарында және Мемлекет басшысының жолдауларында бірнеше рет атап көрсетілген, – деді комитет төрағасы. 

Тақырып бойынша баяндама жасаған Ұлттық экономика министрінің орынбасары Серік Жұманғарин өз сөзінде елімізде 17 ӘКК жұмыс істеп тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар құрылғаннан бастап (2007 жылдан) жеке сектормен серіктестік аясында 230 инвестициялық жоба жүзеге асы­рылған болса, оның 34,6 млрд теңгеге бағаланған 68-і ауыл ша­руашылығы өндірісіне тие­сілі екен. Ал қазіргі уақытта кор­по­рациялар қарауында ауыл ша­руашылығы өндірісі сала­сының сомасы 100 млрд теңге­ден асатын 29 жобасы қаралып жатыр. 

Осылай бола тұра, былтыр бар­­лық әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­ра­ция­лардың кірісі 32,7 млрд, ал шы­ғысы – 31,4 млрд теңгені құраған. 

Отырыста сөз сөйлеген «As­­tana» ӘКК» АҚ басқарма төра­ғасы Нұрлан Жақыпов: – Әлеу­мет­тік-кәсіпкерлік корпо­ра­ция­­лардың басым бөлігінде жер­­г­ілікті бюджетке ағымдағы ақ­ша­­лай қаражатты қайтару, бұзыл­­ған азық-түлікті есептен шыға­ру, үстеме шығынның орнын толтыру сынды проблема­лардың болуы жасырын емес. Сон­дықтан корпорациялар тұ­рақ­тандыру қорының мақсат­ты­лығы туралы мәселе көтергені заңды, – деді. 

Сонымен қатар басқарма төрағасы заң шығару деңгейінде қарастырылып жатқан «Бизнес ортаны дамыту және сауда қызметін реттеу мә­селелері бо­йынша Қазақстан Рес­публи­касының кейбір заңна­малық акті­леріне өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» заңның жобасы жергілікті атқа­рушы билікке Тұрақтандыру қоры­ның ережелеріне өз бетінше өз­ге­рістер мен толықтырулар ен­гі­зуге мүмкіндік беретінін айтты. 

Дөңгелек үстел жұмысына Пар­ламент депутаттары, уә­кілетті мемлекеттік органдар­дың жауап­ты қызметкерлері, «Ата­мекен» Ұлттық кәсіпкер­лер палата­сының, әлеуметтік-кәсіп­керлік корпо­ра­циялардың және облыс­тардың, республикалық маңызы бар қалалар мен Аста­наның ауыл шаруашылығы бас­қармаларының өкілдері қатысты. 

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»