Қазақстан • 14 Қаңтар, 2019

Леонид Прокопенко: Рухани жаңғыру үдерістерінің өзегі

538 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Біз – төл тарихтың жемісіміз. Сонымен қатар оның бірден-бір мұрагерлері мен қорғаушыларымыз. Біздің бойымызға ғасырлар бойы ата-бабаларымыз жинақтаған құндылықтар, халықтың дәстүрлері мен мәдениетінің тарихи байлығы ана сүтімен, ана тілінің алғашқы дыбыстарымен, қоршаған ортамен қарым-қатынастың алғашқы тәжірибесімен сіңіріледі.

Леонид Прокопенко: Рухани жаңғыру үдерістерінің өзегі

Тарих, барлық жаһандық стандарттар мен ғылыми-техника­­лық прогрестің жетістіктері енгі­зі­луіне қарамастан, біздің ғасыр­лар бойы жинақтаған, бүгінгі күні де табандылық танытып отырған іс-әрекеттің тарихи үлгілерін анықтайды. Шын мәнінде, бұл – мақтан тұтатын, оны әрбір ісіміз бен сөзімізде көрсететін біздің ұлттық сипатымыз.

Бірақ тарих біз оны қалай қабыл­дайтынымызға, түсіне­тінімізге және сезінетінімізге де байланысты болады. Тарихты тұтастай қабылдау біртұтас ұлтты қалыптастырады, оның құндылықтарын, әлемдегі орнын түсінуді, сондай-ақ оның тарихи перспективадағы жаңа міндеттерін тұжырымдайды. 

Қазақстан Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты күн тәртібіне тарихи сананы жаң­ғырту мәселесін қойған мақала­сының жариялануы – қоғамның рухани жаңғыруы аясындағы маңызды, уақтылы және заңды айқын қадам.

Қоғамның рухани жаңғыруы Қазақстандағы жаңғырту үдеріс­терінің өзегі болып табылады. Мемлекет басшысы «Болашақ­қа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында оның тарихи мәнмәтінін қысқа да нақты тұжырымдады, бұл – тарихтың, бүгінгі күн мен болашақтың көкжиектерін сабақтастыратын, сондай-ақ ұлттық сананың түрлі полюстерін үйлестіретін тұ­ғыр­нама. Басқаша айтқанда, біздің азаматтық бірегейлігімізді қалыптастыратын жалпыұлттық топтастырушы тарихи сана ұлттың қазіргі әлемдегі алатын орнын айқындайтын бағдар­ды да белгілейді, сонымен қатар оның бірлігі мен ынты­мағын қамтамасыз ететін ортақ құн­ды­лықтардың негізін құрайды.

Әлемдегі өз орнымызды анықтай отырып, біз, Ұлы дала­ның тарихы болмаса әлемдік тарих біз білетін түрде болмайтыны туралы өзімізге толыққанды есеп беруге тиіспіз. 

Бұл жерде мәселе, заманын­да «әлемдік тәртіптің жаһан­дастырушылары» болған, сон­дай-ақ Үлкен Еуразияның тарихи-саяси контурларын алғаш рет айқындаған, «әлемді дүр сілкіндірген» – ғұндар, Шыңғыс хан немесе Әмір Темір туралы емес. Мәселе мынада – әлемдік тарихи үдерістегі еуразиялық салтатты көшпенді өркениеттің қандай оң және объективті тарихи рөл атқарғаны жөнінде болып отыр. Бұл жерде осы рөл­дің бірегейлігін мойындау қажет. Дала барлық жерде де, Солтүстік және Оңтүстік Амери­када, Африкада бар. Бірақ ежел­гі және дамыған орта ғасыр кезе­ңінде Еуразияда болғандай, олар еш жерде құрлықтар мен мате­риктердегі тарихи процестің сипатын іс жүзінде толығымен анықтаған фактор болмаған.

Әрине, еуразиялық ортағасыр­лық империялар мен Ұлы дала Батыс-Шығыс осі бойындағы жаһандық коммуникациялық дәліз­дің рөлін атқарды, оның мәні ашық түрде «Сары теңізден Қара теңізге дейін абыройын да, алтынды да жоғалтпай, алтын табақты өткізе алатын» қыз туралы тарихи әдебиетте таралған әсем метафораны білдіреді.

Оның іс жүзінде іске асырылуы жаһандық тарихи, эконо­микалық және мәдени Ұлы Жібек жолы жобасы болды, ол бірде тынып, бірде жаңғыра отырып, Ұлы географиялық жаңалықтар дәуірі, «шай клипперлері» сияқты өзінің тарихи бәсекелестерін шаң қаптырып, басып озып «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» комму­никациялық дәлізі мен «бір белдеу – бір жол» концепті түріндегі қазіргі заманғы келбетке ие болды.

Қазақстан мен Түркі әлемі осы трансконтиненталдық коммуникацияда логист те, бенефициарлар да болды. Ал осыдан біз, сөзсіз, ұлы тарихи рөліміздің даңқына бөленуге ғана емес, ынтымақтастық, достық және өзара іс-қимыл қағидаттарында орасан еуразиялық кеңістікті біріктірудегі жауапкершілік пен тарихи сабақтастықтың қомақты жүгін арқалауымыз қажет. Бұл жауапкершілік жөнінде және біздің рөліміз туралы Елбасы Астана клубының жуырдағы отырысында жан-жақты ашып берді.

Екінші жағынан, «Ұлы дала­ның жеті қыры» тақырыбы қазіргі әлемдегі біздің бірегей­лігі­міз туралы мәселеге жетелейді.

Елбасы 2008 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Елі­міздің күші – халық бірлігінде» тақырыбымен өткен XIV сессия­сында жасаған баяндамасында «Қазақ халқы әрқашан интегратор болды. Ал келешекте де олар бiздiң қоғамды бiрiктiрушi ядро болуы керек. Бұл қазақ халқының мойнына өз елiнiң болашағы үшiн айрықша жауапкершiлiк жүгiн артады» деп атап өткен болатын.

Осы маңызды ұстанымда біздің ұлттық және мемлекеттік, азаматтық бірегейлігіміздің, жал­пы­ұлттық бірлік пен қоғам­дық келісімнің бірегей үлгісінің бастауы мен алгоритмі көрініс тапқан. 

Түркі әлемі де, қазақ әлемі де ешқашан моноэтносты бол­ған емес, олар өз орбитасы­на жүздеген этностарды, тіл­дер­ді, мәдениеттерді, діндерді бірік­тіріп, бейбіт қатар өмір сүру­­ді қам­­та­масыз етті. Ұлы Дала­ның бұл қы­ры­ның терең және объек­тив­­ті тарихи, филосо­фия­лық және дү­ние­танымдық тамыры бар.

Бұл мәселеге Қазақстан Прези­денті Н.Ә.Назарбаев ҚХА-ның 2013 жылғы «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: Бір халық – бір ел – бір тағдыр» ХХ сессия­сында жан-жақты тоқталды. Дәл сол кезде Елбасы қазақ халқы Қазақстанның барлық этностық, әлеуметтік топтары үшін ұлттық-мемлекеттік қауымдастықтың қуатты тарихи ядросы ретінде әрекет ететінін атап өтті.

«Біз, ешқашан да әлемдік өркениет үдерісінен бөлек дамы­ған емеспіз! Одан да бетер, біздің ата-бабаларымыз осы­нау әлемдік үдерісті өздері қалып­тастырды! Біздің ата-бабалары­мыз әлемге мәдениет пен рухани­лық­тың қуаттандырушы үлгі­лерін көрсетті – біздер олардың істерін жалғастыруымыз керек!». 

Мемлекет басшысы сол кезде-ақ Қазақстанға жалпыұлттық тарихи сана қажет деген мәселе қойды, ал «біздің тарихты тануы­мыз тұтас, оң сипатта болуға, қоғам­ды бөлініске салмай, бірік­тіруге тиіс» деп атап өткен болатын.

Дәл осы тезистер тек қазақтар үшін ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның барлық азаматтары үшін де этностық және діни қатыстылығына қарамастан, жақын әрі түсінікті болуы тиіс.

Осы тұрғыда «Ұлы Даланың жеті қырын» Қазақстан халқы­ның топтастырушы тарихи сана­сы­ның жеті негізі ретінде қарас­тыру қажет.

Мемлекет басшысы бізді өзара ре­ніш, бір-біріне шына­йы жә­н­е жорамал кінәраттар үшін та­ри­хы­мыздың жекелеген бет­­­тері­нен себептер іздемеуге шақырады.

Сонау 1999 жылы Елбасы «ескі реніштер мен наразылықтарды іздеу ешқашан қалыпты болашақ үшін алғышарттар жасамайтынын» атап өтті.

«Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласы, сөзсіз, Қазақстанның тарих ғылымының дамуының жаңа кезеңін айшықтайды.

Тәуелсіздіктің алдыңғы жыл­­дарында догматизм мен еуро­по­центристік парадигмадан тәуе­л­сіз, жаңа Қазақстанның ұлт­тық тарихы қалыптасқаны орын­далған фактіге айналды. Оның межелері – Мемлекет бас­шы­сының «Тарих толқынында» кітабы, «Мәдени мұра» бағдарла­масы және қазақстандық тарих ғы­лымының теориялық және фак­тологиялық қаңқасын қалып­тастырған «Халық – тарих тол­қынында» зерттеу бағдарламасы.

Бүгінгі күні ұлттың тарихи санасын – біздің дүниетаны­мымыздың, өткеннің, қазіргі мен болашақтың іргелі негіздерін жаңғырту уақыты келді. Қазақ­стан мен Еуразиядағы тарихи процестің жалпыға бірдей ортақтығын, таптық, этностық және діни белгілері бойынша бөлінбейтін өткен тарихымызға инклюзивті көзқарасты түсіну біздің бүгінгі тұтастығымызды түсінудің негізі болып табылады.

Қазақстанның тарихи мәдени шежіресі сөздің кең мағынасында бүкіл әлемдік мәдениеттің байлы­ғын қамтитынын, оның белсенді жасампаздары қатарында қазақ­тардың да, Қазақстанның қазіргі заманғы халқының тарихи ата-бабаларының барлық ұрпақтары да бар екенін ұғынатын уақыт келді.

Біздің тарихи тамырларымыз, бір кездері еуразиялық даланың аумағын мекендеген бабаларымыз қазіргі кезде Ұлы дала елі аумағынан тыс жерде тұратын көптеген заманауи халықтарға бір мезгілде бастау берген ғасырлар тереңіне кетеді. 

Елбасы, сондай-ақ бізді жаһан­дық тарихқа үңілуге, қара­п­айым шындықты түсінуге және қабылдауға шақырады – біз оның ажырамас және бірегей құрамдас бөлігіміз.

Біздің жалпыұлттық тарихи санамыз бен бірегейлігіміз Қазақстанның әрбір азаматы­ның көңіліне сенім ұялататын «өт­кен­ді мақтан тұтамыз, қазір­гіні пра­гматикалық тұрғыда баға­лай­мыз және болашаққа оң көзқараспен қараймыз» атты қуатты дүниетанымдық триадада құрылуы тиіс. 

Леонид ПРОКОПЕНКО,

Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі

Соңғы жаңалықтар