Тарих • 14 Қаңтар, 2019

Пірдің соңы – Бекет ата

2021 рет
көрсетілді
21 мин
оқу үшін

Халқымыздың қастерлі өңірлерінің бірі – Ақмешітте туған абыз, сәруар көреген, сопылық ілімнің сардары, қасиетті Құл Қожа Ахмет Ясауи бабаның жолын жалғаған шандоз шәкірті, дәргейлі дінпаз, дауалы емші, дін сүйген елші Бекет ата Мырзағұлұлы туралы жазылғандарға жалғасты сөз. 

Пірдің соңы – Бекет ата

1. Туған елдің түлегі Руханият абызы Пір Бекет ата Мырзағұлұлы – ғибратты ғұмыр кешкен, ел арасында әулие атанған тарихи тұлға.

Нұрсұлтан Назарбаев

(09.2010 жыл)

Сол жылы көктем ерте шықты. Жай­­­саң жазғытұрының жарқын жырын, барқын нұрын, талшын сырын әуелі ақ тамақ қарлығаштар жеткізген. Жем бойының балапан талдары да ерте көктемнен қалғысы келмей бүрін балалатып, жас жусанның жұпарын аралатып, балдырған бәйшешектері «жас жүрек жайып саусағын, талпынған анау күнге алыс». «Аспан күлімсіреп», жер жымиып, су жарқылдап, қаз қаңқылдап, самал сөйлеген бір сәтті күні біздің үй Аманбай тоғайының Жемге ұмсынған жеріне келіп, бақан көтерген. Соңғы үш-төрт жылдағы әдет осы. Қыр бо­йын қоңыраулатқан қозы-лақ – біздің меншігіміз. Жалаңаяқ жүгіріп, алдын қайырып, енелерінен айырып, мігір таппаймыз. Осында күнделікті күйбеңнің ұлыжіңгір тірлігі қызады.

 Жем жағалай түндік ашқан ақшаңқан үйлер айдынға төсін малған аққулардай болып қаз-қатар қонады. Аманбай тоға­йының арқа жағы Шеңгелтоғай, оның шығыс беткейінде ордалы жыланның ошағы болып жататын Жыңғылтоғай. Кәдімгі, екінші «Алтын адам» табылған Жыңғылтоғай, атақты Аралтөбе. Осы екі ортада Сарматтың сардары мәңгілік қонысқа жамбас тигізген. Киелі, қасиетті жер. Аманбайдың атын білгенмен, затын білмейміз ол кезде. Білгізбеген. Жарықтық ол да қасиет қонған көреген, емші, аңыз бойынша қажет кезінде шапанының екі етегін жайып жіберіп, ұшып кете беретін әулие болыпты. Осы тоғайда отырады екен. Бекет атаның тұстасы. Жақындығы да бар көрінеді. 

Бірақ есімі елге жайылмай, тоғайда аты қалған. Тоғайдың батыс бетінде Құлшан аруақтың бейіті. Әлі күнге дейін ел түнеп, бата тілеп жатады. Одан түстікке қарай маңдай тіресең, Қыр­ғын аруақтың қорымы. Шығысқа қарай мойынұсынсаң, әйгілі Ақ­мешіт. Демек, осы бір Бермуд ұшта­ғаны се­кілді аумақта талай аңыз-абыздар дү­ниеге келіп, ғибратты ғұмыр кешкен. Бұлардың бәрі қазір «Қазақтың қасиетті жерлері» картасына түскен. 

Осылардың атақтысы – Ақмешіт. Ақ борық аласа таудың беткейі көне қорым. Араб әріптерімен әдіптелген, ескі, жел мен жаңбыр мүжіген құлпытастар, нардай шөккен қайрақ тастар мен қиюы кетіп, құлап жатқан қозықұйрық тас­тар. Осы жерде, қасиетті өзен – Жем бойында, бір кездері Шат деп аталып, талай ұрпаққа қоныс, сусын болған өзен бо­йында, ақ борық аласа таулардың етегінде Бекет атамыз 1750 жылы дү­ние есігін ашқан. 1813 жылы 63 жасында өмірден өткен. Осында Бекет атам­ның атасы Жаналы, анасы Жәния, әкесі Мырзағұл, баласы Тоғай мәңгілік дамылдап жатыр. 

1867 жылы осы өңірде болған ғылыми экс­педиция мүшесі А.О.Дюгамель Бекет атаның осы жердегі мешіті туралы: «Ақбор төбенің бетіндегі қасқырдың үңгіріндей тесікке бір адам зорға сиып, үңгірмен үш құлаштай жүргенде ені екі жарым құлаш, биіктігі кісі бойындай дөңгелек киіз үй пішініндегі сағана тамға кіреді. Сыртта құдық бар. Оның оң қапталында тағы бір бөлме. Осылардың арасында сырық тұр. Жемдегі Ақмешітті бұдан 50 жыл бұрын салған, Бекет қайтыс болған соң Оғландыға қойылған» деп жазып кеткен. (Русский архив. 1885 жыл, №2, 184-187 беттер).

Баяғы баянсыз күндерде осынау жеті жұрт келіп, жеті жұрт көшкен, бағзы заманда «жембойылық» деген атауға ие болған Алтыұл тайпалары тарихи тар кезеңде бұл мекеннен ығысып, 1622 жылы Қажы Тарханға қоныс аударып, ол жақта да жағдайлары болмаған соң үлкен тобы 1626 жылы қайта оралып, қоныс тепкен. Бұлар да қасиетті бабамыздың арғы жұрағаттары болса керек. Жөргекті жұрттан жырақ кеткен жембойылықтардың қазіргі заманда қай елдің құрамында, қай жұрттың ұранында жүргені бір Аллаға аян. Еділ бойында қалған ескі жұртқа қайырыла қарап, қамырыға өкініп, көз жастарын бұлап, есіл ерлеріміз талай өксіген ғой.Жем жерінде, тарихтың төрінде қалды. Кезінде, көктемде тасығанда, аттылыны ағысымен батырып, түйеліні толқынымен төңкерген, асу бермес асау су бұл күнде, кешегі кеңестік жүйе кезіндегі қолдан бөген салып, шідерлеген кезде, әбден жуасып, жазда тілерсектен аспай кешіп өтер, тамызда тартылып үзіле бастар, қыркүйекте жылап аққан жылға болып қалар жағдайға жетті. Сұмырай келсе су құрыған, найсап келсе ну құрыған кезеңде Жем бойындағы Ақмешіт те көзден қағыс, ниеттен алыс қалды. Әулекі адыраң, «әпербақан бес бөрі» біреулер мешітті қиратып, талан-таражға да салған. Қызыл қырғынның сол «айда-шап» атжалмандары абырой таппады. Оңғаны жоқ.

Тарих тапжылмайды. Қасиет қасі­­­ретке айналмайды. Өсиет өлмейді. Тарихтың талай ғасырлық осынау күре жолында Ақмешіт те сапар шеккен жандарға медет-сая болып, пейілі тазаға жебеуші, парасаты молға демеуші болып жата берді. Нар шөккен, нараду болған көне мекеннің назы да, жазы да Тәуелсіздік келгенде қайта жаңғырып, көненің күре жолы көңілдің төріне, ықыластың беліне, жақсылықтың жеріне айналды. Жымы жұмбақ жалғызаяқ жолдар енді айдынды даңғыл болып сайрап жатыр. Сол даңғылдар ниет еткен жанды атаның туған жеріне алаламай алып келіп жатады.

Бекет ата жиырма тоғыз таңбалы кіші жүз елінің ішіндегі он екі ата Байұлының Адай тайпасының Мұңал тармағынан тарайды. Атаның әкесі – Мырзағұл, анасы – Жәния. Жәния анамыз, жарықтық, қасиетті Назар қожаның қызы екен (Назар қожа атақты Әбіш Кекілбайдың бабасы Жаңайға бата берген абыз. Сол батадан кейін туған ұлына Жаңай баба Қожаназар деп ат қойған. Әбіш ағамыздың ұрпақтары қазір Қожаназар деген текпен жүр). Мұңалдан Жаулы бөлімі, одан атамыздың Қосқұлағы шығады. Бекет атадан Жайлау, Бәйтелі, Тоғай, Байнияз, Қодар есімді бес ұл және Маңдайлы, Ақмаңдай деген екі қыз тарайды. Олардан тараған ұрпақтар қазақ жерінің төрткүлінде тірлік кешіп жатыр. 

Менің анам да Мұңал-Жарының қызы, яғни Бекет ата маған ұлы нағашы болып келеді. Менің де кіндігім осы жерде кесілген. Жаз айларында осы жерде алаңсыз ойнап, қой қайырып, қозы айырып, қармақ салып өстім. Бұрын мұны мақтан етіп айтушы едім, енді «тәубе» деп ниет етіп, қасиетті жердің, қастерлі ердің есімін елге үлгі, өмірге өнеге, пейілге кереге ететін жасқа келдім. Бұл мақаланы да сондай шынайы пейілдің мысалы ретінде жазып отырмын. Атаға арнаған арзу жырларым – өз алдына бір көш.

Жылғалардан басталып, жайылып ағатын Жем өзені Ақтөбе жеріндегі Мұңал-Жары тауларынан бастау алады. Демек, ежелден бұл өңір Мұңал-Жарылардың атақонысы болса керек. Ақтөбе облысының Байғанин ауданында көптеп тұратын адай жұртының: «Бұл біздің атажұртымыз» деп айбынданып отыратыны осыдан болар. Кезінде қазақ жерінің атауларын аударып жазып, қулық ұстанған орыс жаратылыс тану ғылымы саласының тіміскі мамандары картаға Мугаджар (Мұғаджар) деп жазып жіберіп, байырғы ізден адастырған. Еліміздің картасында да осы жазу әлі тапжылмай тұр. Бекет атаның нағашысы, «Ердің соңы – Есет» атанған баһадүр батыр бабамыз Есет Көкіұлының Жеммен төркіндес Елек өзені бойындағы дөң­де өз өсиеті бойынша: «Аяғымды құбы­лаға беріп жерлеңдер, жауларымды жеріме жібермей тіреп жатайын» деп, аманатының орындалуында да талай тылсым жатыр. Қазасы қаһармандықпен ұштасқан, өлімі де өміршең болған қайран, бабаларым-ай. Олардың ерлік жолында етігімен су кешкен, белінде бес қаруы дайын тұрған, қазанаттары түрегеліп тұрып ұйықтаған заманнан тартқан ұлы жолы азаттыққа алып келді ғой, тәубе! Соның бірі жүректен шыққан – сопылық жол.

Қазақ даласына кең тараған сопылық жолды ауқымды көлемде таратуда ерекше еңбек сіңірген әулие, абыз ақын Қожа Ахметтің ілімін жалғастырған Бекет атаның сопылық жолы біздің ата-бабаның діни дәстүрімен рухани-имани жағынан терең тамырласады. Кезінде Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.с.): «Ислам діні кейін 73 тармаққа бөлініп, әртүрлі теріс ағымдардың жетегіне түседі. Соның біреуі ғана – ақиқат. Бірақ кейін олардың бәрі жойылып, мен ұстанған мазһаб қайтадан орнайды» деп кеткен. Діни сауатсыздық дүмшелікті, діни әсірелік әулекілікті, діни еліктеушілік рухани соқырлықты көрсетіп жатқан қазіргі кезеңде сопылық жолдың сындарлы да, сәруар бағыты саналық жаңғыруға ұласса деген үміт пен арман бар. Ұлы ұстаздың ұлағатты сөзі ұранымыз да, құралымыз да болсын деп қызмет жасайтын дін мамандарының алдында тұрған парыз бен қарыз осы.

Әулие – уәли (уәлі) араб сөзі екені белгілі. Құранның араб тілінде түсуінің өзінде тылсым құпия мен ерекше қасиет бар. Оның негізін салған Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с) ұстанған ұлы бағыты – суфизм. Сопылық ілімнің алғашқы кезеңінде (ІХ ғ.) бұл атау теософиялық мазмұнда қолданылды. Осы ретте оны ерекше меңгерген жанды әулие деп бағалау орын алды. Алланың нұр дидарын көрген ұлық Пайғамбардың (с.а.с.) да сенімді өкілі – әулиелер де­ген ұғым осы әулие атанғандарға беріл­ген діни баға еді. Хаким Термезидің па­йымдауы бойынша: «Пайғамбар Ал­лаға ғана емес, әулиенің де демеуіне сүйенеді». Қазіргі ұғымға салғанда, әулие – пайғамбардың жергілікті жер­дегі өкілі, хакім. Х ғасырда сопылық ілімдегі әулие иерархиясы белгілі жүйеге түсіп, олардың сопы аталуы осы­ны дәлелдейді. Біздің заманымызға жет­кен «Маңғыстауда 360 әулие» деген тір­кес осыдан келіп шыққан. Осылар ар­қылы ХІІІ ғасырда сопылық ілім ислам дүниетанымының тірекші ұстынына айналған.

Қазақ даласына ислам дінін таратушы қожа әулетінің тұлғалары: Баба Түкті Шашты Әзиз, Арыстан Баб, Ысқақ Баб, Сайрамдағы сансыз Бабтар, Шайхы Ибраһим, Қожа Ахмет Ясауи, Шопан ата, Масат ата, т.б. болса, ха­лыққа ислам дінінің сопылық жолын таратқан жергілікті халықтан шыққан Бекет ата, Бұғра Қара хан, Бахауиддин Нақышбанд, Науан хазірет, Марал ишан, Қалжан Ахун, Мәшһүр Жүсіп, Оңай ата секілді тұлғалар әулиелік жолды жалғастырып, халқының қадір-құрметіне бөленген. Ұлттық ортада этникалық болмысқа айналып, ислам агиологиясында есімдері түзілген, аңыз-әфсанаға, мифопоэтикалық бейнеге бейімделген олар жергілікті халықтың сиынар тірегіне, зиярат етер орнына айналған. Сопылық ілім, сопылық жол осылай орныққан. Өйткені сопылық жол қазақ халқының көшпелі өмір салтына, әдет-ғұрпына, салт-дәстүріне рухани жағынан етене жақын. Оның басты түсінігі – анимизм, яғни адамның жан мен рухқа сенімі. Ортодоксиялық ұстаным діни ауқымда дәстүрдің тұрақтылығын білдіреді. Имам Ағзамның жолы – сонда «хақ, тура жол» деген сөз. 

Сопылық жолдың пірі, әулиелік қасиеті жұртының көз алдында көрінген, абыз Абай айтқан «кемел адам» дәре­жесіне жеткен Бекет атаның өмірі кейін­гі ұрпаққа үлгі-өнеге ғана емес, мәр­тебелі мектеп, мінажатты дәріс болса, қазақ жастарының адасып, ауа жайылып, ата-бабаның діни дәстүріне кереғар келуі ақырында ақылға жүгініп, өз сүрлеуіне қайта түсуіне көмекші болар. «Шындық сонда» деп шығандап Шамға кетіп, жат жерде пұшайман болып жүрген бауырларымыздың туған ел жаққа телміре қарап жанарынан тамған көз жастары ақиқат пен тарихаттың үстемдік құруында ғана құрғайды. Абай тәспірлеп кеткен «кемел адам» ілімін толық меңгерген Бекет ата бір мезгілде бірнеше өлшемде өмір сүрген. Бізге жеткен аңыздарда Бекет атаның мойны қара аққу болып ұшуы, шын мәнінде, оның осы өлшемдер дәргейіне жеткенін білдіреді. 

Қазақ тарихында тосын да тос­қауыл пікірлерімен көрініп жүрген қа­лам­гер-тарихшы Мұхамбеткәрім Қожырбайұлы бір дерегінде әйгілі академик А.Д.Сахаровтың: «Мен атом энергиясымен бекер айналысыппын. Мен сопылықтың «Кратовый нара» теориясымен шұғылдануым керек еді. Оны меңгергендер бір құрлықтан екінші құрлыққа, бір планетадан екінші планетаға көзді ашып-жұмғанша бара алады. Құрлықтың әр жерінде бір мезгілде көрінуге болады. Өмірдегі өкінішім осы» деген сөзін келтіреді. Бекет ата сонау қиырда жатқан Маңғыс­таудың ойынан Бұқарадағы таңғы намазға аққу болып ұшып келіп қатысып, жұрт­тың бәріне көрініп, қайтадан ұшып кетіп отырған. Демек, академик айтқан теория бойынша «кемел адам», қазақ айтатын «әулие» бір мезгілде бірнеше жерде бой көрсете алады. Мұндай мысалдар таулы Тибеттің әйгілі монақтарында да болған. Ел арасында «қара суды теріс ағызған», немесе «аспанда ұшқан құсты қолға қондырған» деген аңыз-әфсаналар көптеп айтылады. Бекет атаның жайылып жүрген киіктерді қолымен ишара жасап қайырып әкеліп, сауып алып, сауырынан сипап қайта жіберуі туралы аңыздардың да астарында ақиқат жатпасына кім кепіл? 

Өткен жылы тамызда барған кезек­ті мінажаттық сапарымда атаның меші­тінен шыққан кезде оң жағымнан көрініп, шыңның ұшар басына шыққанша қапталымнан еріп жүріп отырып, жиырма метрдей жерге үш рет келіп алдымда қарап тұрып, шығарып салған бес арқарды атаның малы деп жақсылыққа жорып, жанымның жұпар шашқаны бар. Атамыздың мәңгілік мекені – Оғланды тауы географиялық-тектоникалық жа­ғынан да жұмбаққа толы. Мұндағы ауа райы да, тасты жарып шығып жатқан бұлақ та, сан алуан түсті жартастар да, бір-біріне ұқсамайтын өсімдіктер әлемі де тылсым тіршіліктің ерекше болмысы болып сезіледі.

Осындай ғажайып сезімді 2011 жы­лы Алла сәтін салып, Меккеде бол­ған кезім­де, Ұлық пайғамбарымызға (с.а.с.) Құ­ранның алғашқы аяттары түскен Нұр тауындағы Хира үңгірі жанында болған шақта бастан кешкен едім. Адамдар секілді таулар да ұқсас болады ғой. Оғланды тауы мен Нұр тауының пішіні мен пішімі, түсі мен түрі бір-бірін қайталайды. Хира үңгірінде Жаратқанның жарлығымен түскен аян аяттар «оқы» деген сөзден басталса, Оғланды тауындағы Бекет атаның имани тірлігі «оқытудан» басталған. «Оқы» мен «оқыту» деген төркіндес сөздерінің арасында «Кратовый нара» теориясының өмірде жүзеге асуының тылсым құпиясы бар секілді. Тегі бір тел сөздер «әуелі сөз болған» деген Ұлы Кітаптағы тұжырымға тиянақ емес пе?

Қажылық сапардан оралған соң, 2012 жылы, «Қағбаның қарлығаштары» деген атпен мінажаттық жыр жинағын шы­ғардым. Сол жинақта әйгілі Нұр тауы мен Хира үңгірі туралы:

Жақпар тастың әжімінен сырғанап,

Нұр тауынан тарап жатқан нұр ғажап.

Күллі әлемдік мұсылманның бірі боп,

Тауға қарап телміреді бір қазақ.

Хира-үңгірге көп қарадым үңіліп,

Мінажат қып, аят оқып, бүгіліп.

Құлағыма Құран үні келгендей,

Жүрек соқты асыққандай жүгіріп...

Құран бізді оңдырады оңдырса,

Жылытады кәпір демі тоңдырса.

Құран емес, ең болмаса жыр түсер,

Нұр тауына қонар едім қондырса,–деп жаздым. Әрине, әрбір мұсылман Нұр тауына түнеуге құштар екен, бі­­рақ қалыптасқан тәртіп бойынша оған рұқсат берілмейді. Біз де мұндай мүм­кін­дікке ие бола алмадық. Бірақ жырымды қалдырғандай күй кешкенім аян. 

«Шариғат базарында сайрандағам, Мағрипат бақшасында жайраңдағам, Тарихат сарайында тайраңдағам, Хақиқат есігін аштым, міне» деп Қожа Ахмет Ясауи бабамыз жазып кеткендей, (Қожа Ахмет Ясауи, «Хикметтер», 41-ші хикмет, 102-ші бет. Ақын Есенбай Дүйсенбаевтың аудармасы) дүние төрттігінің төріне шыққан Бекет атаның сопылық жолдағы қасиетті қызметі бүгінгі ұрпаққа үлгі болса керек-ті. Хорезмде атақты діндар, ғұлама Бақыр­жан қажының (Фахраддин) дәрісін алып, үздік шәкірті болған, оның алысқа лақтырғанда ұшып келіп Оғланды тауына шаншылған көк асатаяғына ерекше қасиетімен ие болған Бекет атаның аты аңыз бен ақиқаттың арасындағы алтын көпір сияқты. Аңыздың астарында ақиқат жататыны даусыз. Аққу болып ұшып, ақиданы ұстанып, ақиқатты сопылық жолмен жалғаған Бекет атаның осы киелі құсты таңдауында да тарихи мән бар.

Ежелгі Эллада елінде «Сван» атты Құдай мүсіні болыпты. Орысша «Сван», ағылшын тілінде «swan» (қазақша айтылуы «суан») «аққу» деген сөз екен. Қазақ шежіресіндегі «суан» руын еске салатын осы сөздің аққу сөзіне қатысы бар шығар деген қызық ой келіп те қалады. Ат қойғыш қазақ сан құстың атын қойған ғой ұрпақтарына. Эллада жерінде де байырғы бабалардың ізі бар. Анау Еуропа құрлығының терістігінде тебіндеп жатқан Скандинавия елінде, әсіресе Норвегияда аққу киелі құс саналады. Оны атпайды, етін жемейді, үйлерінде тұмар етіп тағады. Оның астанасы Ослодағы ең үлкен, салтанатты алаң «Аққулар алаңы» деп аталады. Осы аққулар мен біздің байтақ даламыздың өзен-көлдеріне көктемде келіп, қанатын жайып, балапан өргізетін аққулардың арасында көзге көрінбес, бірақ көңілге түбірлес бір байланыс жатқан шығар деген ой бар. 

Өтеген ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты 

(Жалғасы бар)