Қазақстан • 14 Қаңтар, 2019

Спидкубинг – зияткерлік дода

713 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жылдам ойлап, тез шешім шығара білу дағдысын меңгеруге Рубик текшесін құрастыру ойыны да септігін тигізе алады. Атырауда өткен Рубикті жылдамдыққа құрудан аймақтық бірінші чемпионаттың да мақсаты осы болды. Зияткерлік жарысқа Алматы, Ақтөбе, Семей, Шымкент қалаларынан дарынды жастар келіп қатысты. Ал олардың өнерлерін бағалайтын тәуелсіз сарапшылар Украинадан арнайы шақырылды. 

Спидкубинг – зияткерлік дода

60-тан астам қатысушы бақ сынаған байқауда жүлдегер атану да оңай емес, бірақ Атыраудағы Назарбаев зияткерлік мектебіне жиналған жастардың жеңіске деген жігерлері айрықша көрінді. WCA қауымдастығының Украинадағы өкілі Степан Джурило: «Бұл менің Қазақстанға алғаш рет келуім. Рубикті құрастыру қарқынды дамып келеді екен, дейді.

- Осыдан бес - он жыл бұрын федерация бөлімшелері тек Астана мен Алматы қалаларында болған. Ал қазір елдің барлық аймақтарында KSF өкілдері жұмыс істейді. Бұл мемлекеттің жастарға, олардың болашағына жасап отырған қамқорлығы деп есептеймін. Қазақстанда мықты спидкуберлер көбейіп келе жатқанын байқадым. Ал Атыраудағы чемпионатқа қатысушылардың басым бөлігі мектеп оқушылары болды. Балалар үшін бұл алғашқы тәжірибе, олардың бос уақыттарын ой-өрісті дамытатын осындай істерге арнайтындары қуантты.

Екі күнге созылған сайыста 2х2, 3х3, «мегамикс», «пирамида» санаттары бойынша Әзиз Олжағали, Самалбек Келімов, Әмірхан Исламовтар жеңіс тұғырынан көрінді. Әзиз күрделенген Рубик текшесін 12 секундта құрастырды. Сарапшыларды атыраулық Досымжан Жұмабиденовтің көзін жұмып отырып,  түрлі түсті текшені әп-сәтте жинап берген өнері тәнті етті. Ал ең жас қатысушы Диас Қарағұлдың жасы сегізде. Кішкене күнінен бері спидкубингке деген қызығушылығы жоғары болған Диас та басқа қатысушылардан қалысқан жоқ.

Шараның бастамашысы - «KSF»  қоғамдық бірлестігінің төрағасы Арман Мәшімов қазір әлемде спидкубинг жүйрік ойлау мен шапшаң шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыратын шахмат, роботтехникамен қатар оқытылатын қосымша білім берудің бір түріне айналғанын айтады.

«Спидкубингті мектептерге енгізу үшін ҚР Білім және ғылым министрлігіне ұсыныс жасадық. Алдағы уақытта бұл ұсынысымыз қолдау тапса, мыңдаған қазақстандық балалар үшін рубикті жылдамдыққа құрастыру және халықаралық чемпионаттарға қатынасу мүмкіндігі артады», - дейді А.Мәшімов.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ