Өнер • 14 Қаңтар, 2019

Қазақстандық «ХасСақ» ансамблі «World folk vision» фестивалінің жүлдегері атанды

762 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

5-10 қаңтар аралығында Сочиде Еуразиялық Экономикалық Ынтымақтастық ұйымының ұйымдастыруымен «World folk vision»  ұлттық мәдениет және өнер фестивалінің жартылай финалы өтті. Оған Қазақстан, Ресей, Татарстан, Дағыстан, Малайзия сынды бірнеше елдің үздік аспаптық, вокалдық және хореографиялық ұжымдары қатысты.

Қазақстандық «ХасСақ» ансамблі «World folk vision» фестивалінің жүлдегері атанды

Фестивальдің қазылар алқасы Италия, Австрия, Германия және Ресейден келген өнер саласындағы жетекші мамандардан тұрды.  «World folk vision» жобасының үйлестірушісі Жанна Барсегова байқауға жоғары деңгейдегі өнер иелері қатысып жатқанын және қазылар алқасына шешім қабылдау оңай болмағанын айтады.

Қазақстандық «ХасСақ» этно-фольклорлық ансамблі аталған музыкалық байқауда жүлделі 1-орынға ие болды. Сондай-ақ 2019 жылы наурыз айында Сауд Арабиясында өтетін финалдық кезеңге берілетін үш жолдаманың бірін иеленді. Бұл кезеңде «ХасСақ» ансамблі әлемнің 80 елінің музыкалық топтарымен өнер көрсетеді.

Айта кетейік, «World folk vision» -  жыл сайын өтетін әлемдегі ең танымал фольклорлық-музыкалық фестиваль. Байқаудың ширек финалы әр жылы әлемнің түрлі қаласында өтеді. 2019 жылғы финалдық бәсеке Сауд Арабиясының астанасы Эр-Рияд қаласында ұйымдастырылады.