17 Қаңтар, 2019

Өңірлік кітапханаларда білім фестивалі өтті

421 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Барлық өңірде қоғамдық кітапханалар негізінде жаңадан ашылған заманауи білім орталықтарының есігі жастарға бірдей ашық болды. Күні бойы келушілерге арнап түрлі шаралар ұйымдастырылып, білім орталықтарының барлық мүмкіндігі таныстырылды.

Өңірлік кітапханаларда білім фестивалі өтті

Өткен жылы «Нұр Отан» партиясы мен «Жас Отан» Жастар қанаты «Bilim Ortalygy» жобасы барысында өңірлік кітапханаларды жаңғырту мақсатында жаңа форматтағы жастар білім орталықтарын құруға кірісті. Нәтижесінде аймақтық кітапханалардың қызметкерлері үшін Астанада арнайы тренинг ұйымдастырылып, жастарға арналған заманауи білім орталықтары ашылған еді. Әр аймақтан барлығы 34 қызметкер кітапхана жұмысын жаңа технологияларды қолдану арқылы бүгінгі күннің талабына сай бейімдеу тақырыбында біліктіліктерін арттырды.           

Жастар жылындағы алғашқы шаралардың бірі аймақтағы белсенділер үшін кітапханалардан басталды. Күні бойы әр келушінің қызығушылығына сай келетін алуан түрлі шараны ұйымдастыруға тырысқан Жасотандықтар бұдан кейін де аймақ жастарын жаңа білім орталықтарына келуге шақырды.

Осы күні орталықтардың бірі Л.Н. Толстой атындағы Қостанай облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында ашылды. Ал қарағандылық жастар Bookdating барысында өздеріне ұнаған бір туындыны таныстырып, алып келген кітаптарын қатысушылар арасында оқымаған кітаппен айырбастап алды. Жастар осы топпен алдағы уақытта да оқыған кітаптарын талқылап, өзара алмастырып тұруға келісті.

Шығыс Қазақстан жастары облыстық кітапханада ғұлама ойшыл әл-Фарабидың еңбектеріне арналған бұрыш ашты. Сондай-ақ Ақмола облысындағы білім орталығына келгендер өңірдің табысты кәсіпкерлерімен кездесіп, өз ісін бастауға қатысты сұрақтарына пайдалы кеңестер алса, атыраулық жас көшбасшылар шешендік өнерді дамыту бойынша тренингтен өтті. Ал Орал қаласының жастары үшін фестиваль «Білгірлер бәйгесі» зияткерлік ойынымен басталып, белсенділерге уақытты тиімді пайдалау мен көшбасшылық қасиеттерін дамытуға арналған тренингпен жалғасты.           

Барлық өңірлерде пікір алмасу алаңдарында жастар мен мамандар қазіргі қазақстандық білім берудегі педагог мәртебесіне қатысты пікірлерін ортаға салды. Шараға келген мектеп пен жоғары оқу орындарының қызметкерлері де пікірталасқа белсене қатысты. Сонымен қатар ақын-жазушылардың өмірі мен шығармашылығына арналған кештерге жастар көп жиналды. Шара шет тілін меңгерушілерге арналған ағылшын тіліндегі және «Болашақ Қауымдастығы» аударған қазақ тіліндегі фильмдерінің көрсетілімімен аяқталды.  

 «Білім фестивалінің басты мақсаты жастарға аймақтарда жаңадан ашылған білім орталықтарының барлық мүмкіндіктерін көрсетумен қатар, оларды кітапханаларда бос уақытын көптеп өткізуге шақыру болды» - дейді ұйымдастырушылар.