Әлем • 18 Қаңтар, 2019

Қылмыс жазасыз қалмайды

608 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Қазіргі күні мемлекет тарапынан экстремизм мен терроризмге қарсы күрес кешенді жүргізіліп жатқаны белгілі. Оның ішінде, жастардың жат ағымдардың жетегінде кетуінің құқықтық, ақпараттық, діни, әлеуметтік-экономикалық себептері екшеліп, нақты іс-қимылдар қолға алынған. Сонымен қатар еліміздің құқық қорғау органдары лаңкестік қаупінің алдын алуда да үлкен іс-шараларды жүзеге асыруда. Соңғы екі-үш жылдың өзінде осындай бірнеше әрекеттің жолы кесілді. Жуырда ғана Ұлттық қауіпсіздік комитеті өткізген арнайы операция нәтижесінде террорлық акті жасауға дайындалған деген күдікпен шетел азаматтарынан құралған топ мүшелері ұсталды.

Қылмыс жазасыз қалмайды

Күдіктілердің уақытша тұрып жат­қан мекенжайларын тінту кезінде олар­дан өте қуатты жарылғыш заттар әзірлеуге арналған көп мөлшердегі ком­поненттер, сондай-ақ қару-жа­рақ пен оқ-дәрілер табылған. Тер­геу болжамына сай, ұсталған тұл­ғалар шетелдегі ИЛИМ/ДАИШ со­дыр­ла­рының тапсырмасымен және солар­дың бас­шылық етуімен әрекет еткен. Жа­рылғыш заттар мен атыс қару­ларын қолдану арқылы Алматы қа­ла­сында халық көп шоғырланатын орын­дарда шабуыл жасауға оқталған. 

Мемлекет басшысының тапсырмасымен жақында ғана «Жусан» ат­ты күрделі операция өтіп, Сириядан бір топ отандасымыздың елге қай­та­рылғандығы белгілі. Нағыз со­ғыс пен қақтығыстар ортасынан жер­лестеріміздің аман оралуына аз күш жұмсалған жоқ. Бұл гума­ни­тарлық операцияны қазір әлемдік қоғам­дастық жоғары бағалауда. 

Ал өткен жылдың қазан айында Бас прокуратура сотқа жүгіну арқылы «Йақын Инкар» ұйымын экстремистік деп тануға қол жеткізген болатын. Аталған ұйымның Қазақстанда тыйым­ салынған «Таблиғи Жамағат» экс­тремистік ұйымының негізінде құ­рылғаны анықталып, Астананың Есіл аудандық сотында дәлелін тап­қан. 

Ұйымның астыртын жымысқы ойы жекелеген мемлекеттерде, со­ның ішінде Қазақстан аумағында кон­с­­титуциялық құрылысты күштеп өзгерту, егемендікті бұзуды болжайтын «халифат» құру болған. Осы идеяларын жүзеге асыру жолында ұйымның алдымен көзге, сонан соң қолға түскен бірқатар мүшелері бас бостандықтарынан айырылған екен. Бұл мысал еліміздің аумағында теріс ағымдардың жетегіне ілесіп, сойылын соғып, адасып жүрген ағайындардың әлі де бар екендігін дәлелдей түседі. 

Өткен жылдың қазан айында Ұлт­тық қауіпсіздік комитеті Ал­маты қала­сының, Ақмола, Алматы және Қарағанды облыстарының 10 тұр­ғы­нын ұстады. Олар интер­неттің әлеу­меттік желілері мен мес­сенджер­лерінде жүйелі түрде экстре­мистік кон­тентті тарату жолымен тер­роризмді насихаттады және діни алауыздықты қоздырды деген кү­дікке іліккен. Діни материалдар орналастырылған чаттар мен қо­ғам­дастықтарда Қазақстанның 15 өңірінің діндар тұрғындары қата­рынан барлығы 180-нен артық қаты­сушы тіркелген болып шықты. Соны­мен қатар ұсталған адамдардың тер­роризмді қаржыландыру мен өзге де көмек көрсетуге жеке қатыстылығы туралы деректер тексерілуде.

Сауатсыз «ғұламалар» заманы

Жалпы, жоғарыда аталған «Йақын Инкар» болсын, басқалары болсын қақтығысқа алып келу мүмкіндігін біле тұра өзге діндерді жоққа шығару арқылы көзге оңай түседі. Дегенмен, ата дәстүріміз бен салттарымызды қызғыштай қорғаған халқымыздың бойында белгілі бір жат ағымдарға қарсы иммунитет қалыптасып қалды. 

Теологтардың айтуларына қараған­да, тіпті отбасындағы жанжалдың сал­дарынан жақындарына ерегісіп теріс ағымға бой ұрып жатқандар да кез­деседі. Мәселен, «Нұр-Мү­барак» Еги­пет Ислам мәдениеті универ­ситеті, Экстремизмнің алдын алу сала­­сындағы мамандарды қайта даяр­лау институтының басшысы, исламтану­шы Асқар Сабдиннің айтуын­ша, жас­тар­дың ессіздігінің астары тереңде жатыр. 

– Дінді желеу еткен экстремизмнің қайнары әлеуметтік әділетсіздікке, адам құқықтарының шектелуіне, де­мо­­кратияның жоқтығына және ха­лық­тың кедейленуіне байланыс­ты деген пікірлер бар. Алайда сол де­мо­­кратиясы кемелденген және әлеу­меттік жағдайы жақсы Еуропа елдері, оның ішінде Бельгия, Гер­мания, Фран­ция, Швеция, тіпті Швей­цария мем­лекеттері ИЛИМ-тің қата­рын содырлармен толықтыруда кедейленген Батыс Африка елдерінен асып түсті. Мәселен, аталған елдерден шыққан содырлар саны 5700 адам болса, Батыс Африкадан соғысқа кеткендер саны 5300 адам, – дейді дінтанушы. 

Сонда, тоңып секіргендер көп пе, тойып секіргендер көп пе? Демек, елдегі жұмыссыздық пен әді­лет­сіздікті сылтау қылып, басбұзар­лардың теріс қылығын ақтап алуға тырысу ақылға сыя ма? 

Статистикалық мәліметтердің бірінде 2014 жылдан бастап елімізден Сирияға 800-ге жуық адамның аттан­ғандығы көрсетіледі. Бала-шағасын шұ­быртып, соғыс ошағына аттанған адамдардың көксегені не? 

– Жихадты бәзбіреулер «қасиетті соғыс» деп ақтап алғылары келіп, жас­тардың санасын улауда. «Қасиетті соғыс» деген ұғым Құранда, хадис­терде мүлдем кездеспейді. Бір де бір ислам ғалымы «қасиетті соғыс» деген тіркесті ешқашан қолданбаған. Бұл мұсылманның да сөзі емес, – дейді А.Сабдин. 

Бүгінде соғыс ошағына айналған Сирия мен Ирак халқының жағдайы біраз жыл бұрын кімнен кем еді? Әр­түрлі желеумен осы елдерге басып кірген саяси-әскери күштер мил­лиондаған халықтың қырылуына себеп болып, кектенген ұрпақты, адас­қан жақтастарының жиналуына түрт­кі болды. Бірақ бұл соғыстарға қазақ жігіттерінің қандай қатысы бар?

 Астыртын әрекеттер түрленіп келеді

Жоғарыда айтып өткеніміздей, елімізде экстремизмге, лаңкестікке қарсы күресуші органдардың жұмысы қарқындап келеді. Парламент қабыр­ғасында ай сайын алыс-жақын шет мемлекеттермен қылмыскерлерді қай­тару, ұстап беруге бағытталған шарттар қабылданып жатыр. 

Мәселен, тек былтырғы қазан айы­­­ның ішінде ғана Бас прокуратура­ мен Ұлттық қауіпсіздік комитеті елі­­міздің аумағында террористік әре­кетпен байланысты қылмыстар жасады деген күдікке ілінген 36 жастағы Дастан Хайсинді Грекиядан, ал 2011 жылы Атырау қаласының аумағында террористік қылмыстарды жасаған деген күдікпен халықаралық іздеу жарияланған Елдос Күншығаровты Түркиядан елге әкеліп, қамауға алды. Күдіктілердің уақытша қонысы мен тұрғылықты жерін анықтауға, ұс­тауға және Қазақстанға жеткізуге сол мемлекеттердің арнаулы органдары мен еліміздің елшіліктері жәр­демдескен. Осы деректерге қарап отырып, қылмыскерлерді, әсіресе тер­рористік іс-қимылдарға қатысы бар делінген тұлғаларды ұстауға әлем ел­­дерінің күш біріктіргендігін аңғару қиын емес. 

Бұл арада тағы бір атап өтуге тұрар­лық мәселе бар. Осыдан бір­неше жыл бұрын жат ағымдардың жақ­тастарын жұрттан оқшаулайтын сыртқы белгілерімен ел болып күресті бастадық. Күрес барлық бағытта жү­ріп жатыр. Осы орайда жат ағым­ның өкілдері де азғырудың әдіс-тәсіл­дерін жетілдіре түсуде. Қазіргі күні олар ақпараттық технологияның мүм­кіндіктерін кеңінен пайдалануға кө­шіп, астыртын іс-қимыл жүргізуді белсендірген. Мәселен, 2016 жылы Ақтөбе қаласында қару-жарақ дүкені мен әскери бөлімге шабуылдаған содырлардың «көсемі» Дмитрий Таңатаров интернетте бар-жоғы бір айға ашық қалған сайттардың бірінен шетелдік ұстаздарының соғысқа шақырған үгітін жазып алып үлгергені айтылады. Оның соңы нақақтан қан төгіліп, елді дүрліктіруге әкелгені белгілі. 

Жуырда ғана ақпарат құрал­да­рында Сириядан елге қайтуға бел буған қазақстандық қыз-келін­шек­тердің ақша үшін бір-бірін өлтір­гендігі туралы ақпараттар жарияланды. Тіпті, марқұмдардың бірін ақтө­белік отбасы өздерінің қызы деп жорамалдайтындығы туралы жазылды. Міне, адасудың соңы отбасын ойран қылып, ата-анасын зар илетіп қоюға соқтыруда.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»