Қазақстан • 18 Қаңтар, 2019

Тариф бағасы төмендетіледі

462 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалында баспасөз мәслихаты өтіп, онда қала тұрғындарына көрсетілетін коммуналдық  тарифтерді қалыпқа келтіру жайы сөз болды.

Тариф бағасы төмендетіледі

Мемлекет басшысы  2018 жылғы 7 қарашада өткен Қауіпсіздік Кенесінің отырысында айтқан тапсырмаларды қолға алып, тариф қалыптастыру жүйесінің айқындығын қамтамасыз ету және коммуналдық төлемдерді төмендету мақсатында елімізде нақты іс-шаралар жүргізілуде.  Осы іс-шараға байланысты «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалының баспасөз мәслихатында өткен басқосуда мемлекеттік органдар мен коммуналдық қызметтің басшылары осы жөнінде толыққанды айтып берді.

Олардың мәліметінше, ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап оңтүстік мегаполисте газдың бағасы 16 пайызға, сумен жабдықтау, суды пайдалану 10 пайызға, жылумен жабдықтау 18 пайызға, жеделсатыларды ұстау шығыны 8,5%-ға төмендеді. Осындай жұмыстар электр энергиясы тарифтерін төмендету бағытында қолға алынып жатыр. ПИК (пәтер иелерінің кооперативі ) қызметтері бойынша тұрғындардың қосымша қызметтерге төлейтін шығындары төмендетіледі.

Жолаушылар тасымалдау бойынша 2012 жылы бекітілген қоғамдық көлік ақысы 80 теңге күйінде қалып отыр. Ол үшін қалалық бюджеттен 2018 жылы 14,7 млрд теңге көлемінде субсидия төленді. Биыл бұл бөлінген қаржы екі есеге өскен. Оның көлемі 37,8 млрд теңгені құраған.

Еске сала кетсек, өткен жылы монополистердің амортизациялық шығындар үшін төлемдерді мақсатсыз жұмсағанына байланысты «Нұр Отан» партиясы АҚФ Саяси кеңесінің Бюросында қаралғандай, прокуратура тексеру нәтижесінде қалалықтарға 4,5 млрд теңге көлеміндегі қаржыны коммуналдық төлем тарифы ретінде қайтарылатыны айтылған еді. Оның ішінде: «АлматыЭнергоСбыт» - 1,4 млрд, «Алатау Жарық Компаниясы» -2,1 млрд теңге.

«ҚазТрансГазАймақ» АҚ – 500 млн, «Алматы су» - 326 млн теңге.  Бұл туралы  жиын барысында «Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Станислав Канкуров, Алматы қалалық Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Мақсат Исахов пен Экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің басшысы Болат Самбетов мәлімдеген болатын.    

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ