Қазақстан • 18 Қаңтар, 2019

Ақтөбеде жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету меморандумына қол қойылды

442 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ақтөбе облысында ірі және орта кәсіпорындар облыс басшылығы мен кәсіподақтардың қатысуымен дәстүр бойынша қызметкерлері алдында өткен жылғы өндірістік бағдарламалардың, ұжымдық шарттар мен меморандумдардың орындалуы жөнінде есеп беру кездесулерін өткізді. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Ақтөбеде жұмысшылардың еңбек құқықтарын қамтамасыз ету меморандумына қол қойылды

Бердібек Сапарбаев ірі өндірістік кәсіпорындардың бірі Ақтөбе хром қосындылары зауыты АҚ-ның басшылығымен және еңбек ұжымымен кездесті.

АХҚЗ АҚ-ның басқарма төрағасы Алексей Химич өндірістік бағдарлама мен ұжымдық келісімшарттың 2018 жыл ішіндегі орындалуы туралы баяндады.

Оның айтуынша, былтыр зауыт 107 486 тонна өнім өндірген, бұл 2017 жылғы деңгейден жоғары болып отыр. Кәсіпорын қызметкерлердің алдындағы жалақы бойынша және әлеуметтік міндеттемелерін толық көлемде орындады. Бүгінде зауытта 2 200 – ден астам ақтөбелік еңбек етеді. Орташа айлық жалақы – 149,4 мың теңге.

Баяндаманы тыңдаған Бердібек Сапарбаев кәсіпорын басшылығына тиімді жұмыс істегендері үшін алғысын айтып, 2019 жылға арналған міндеттерді белгіледі.

«Ағымдағы жылы тұрақтылықты сақтай отырып, өндіріс көлемінің қысқаруына жол бермеу маңызды», - деп атап өтті өңір басшысы.

Облыс әкімі ұжымдық шарттарды орындау, қызметкерлердің жалақысын арттыру, жұмыс орындарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударды. Сондай-ақ ол Елбасының өндірісті цифрландыру және жаңғырту жөніндегі тапсырмасын іске асыруға белсенді ат салысуға, қазақстандық мазмұн мен әлеуметтік жауапкершілікті дамытуды жалғастыруға шақырды. Бұдан басқа облыстағы оқу орындармен кәсіпорын үшін талап етілетін мамандарды дайындауға ұзақ мерзімді шарттар жасасу мүмкіндігін қарастыру қажет.

Кездесу облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылығы мен кәсіподақтардың аумақтық бірлестігі арасында еңбек қатынастарын реттеу, қызметкерлер үшін әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз ету мәселелерінде өңірлік деңгейде одан әрі келісілген іс-қимылдар мен өзара түсіністік туралы меморандумға қол қоюмен аяқталды.

Осыған ұқсас кездесу Ақтөбе рельс – арқалық зауытында да өтті. Кәсіпорын Қазақстан Республикасын үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында салынған инновациялық жоба болып табылады. Мұнда 800 – ге жуық адам еңбек етеді. Орташа айлық жалақы – 237, 1 мың теңге.  Зауыттың кәсіподақ бірлестігі тек өткен жылы ғана құрылды.

Кездесу барысында зауыттың барлық қызметкерлері сұрақ қоя алды. Оларды қоғамдық көлік жұмысы мен балабақшалардың жұмыс кестесін қайта қарау мүмкіндігі қызықтырды. Ақтөбе рельс арқалық зауыты ЖШС ұжымымен кездесу де меморандумға қол қоюмен аяқталды.

Өңір басшысы өндірістік ұжымдарды Ақтөбенің 150 жылдық мерейтойына орай өз қалаларын дамытуға үлес қосуға шақырды:

«Бұл мерейтойға қаланың әрбір тұрғыны қатысуы керек. Әр адам туған өлкесінің дамуына үлес қосуы тиіс. Сондықтан, әрбір тұрғын өз ауласы мен аумағын көгалдандырып, көркейтуіне болады», - деді облыс басшысы.

2018 жылы облыс бойынша өндірістік процестерді тұрақтандыру, қызметкерлердің еңбек құқықтары мен кепілдіктерін қамтамасыз ету бойынша 4781 меморандум жасалды. Оларды іске асыру нәтижесінде өткен жылы облыстағы 591 кәсіпорында еңбекақы көтерілді. Жалақының өсуі негізінен өндіріс қызметкерлеріне әсер етті.

Мысалы, 2018 жылғы қаңтардан бастап СНПС-Ақтөбемұнайгаз АҚ қызметкерлерінің жалақысы 12 - ден 23%-ға дейін, СНПС - Ақтөбе Көлік Компаниясы ЖШС - 7-23% - ға дейін, Қазақойл Ақтөбе ЖШС, Восход-Oriel ЖШС, Восход Хром ЖШС, АРБЗ ЖШС, Шығыс мұнай және сервистік қызмет көрсету ЖШС, Базальт-А ЖШС-нің және де басқа да кәсіпорындарда жалақы 10%-ға өсті.