Қоғам • 22 Қаңтар, 2019

Қоғам жаңғырмай, сана жаңғырмайды

809 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Президенттің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағ­дар­ламалық мақаласы бар-жоғы бір жарым жылдың ішінде нағыз брендке айналып үлгерді. Ол ту­ралы айтылмайтын жер жоқ – қандай да бір жарқын жетістік­терге қол жеткізілген кезде де, қоға­мы­мыздағы кейбір түйткілді тұстар сыналған сәттерде де аталған бағдарлама ауызға алынып жатады. Бұл жаңғыртулар жұртшылық тарапынан түсінік тауып, қоғамда жол сілтер бағ­дарымыз болып отырғанын көрсетеді. 

Қоғам жаңғырмай, сана жаңғырмайды

Жаңғыртулардан қандай да бір соңғы нәтиже күту қателік дер едім. Бұл жерде әңгіме бел­гілі бір нақты қоғамдық немесе же­ке табыстарға қол жеткізу туралы емес. Жаңғыртулар шекті мә­реге алып баратын үдерістер деуге де келмейді. Жаңғырту үде­ріс­терін іске қосудағы мақсат − тек нақты іс-әрекеттерге серпін беріп, олардың бағыт-бағдарын айқындау. 

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» бағдар­ла­малық мақаласын жариялағанда да осыны мақсат тұтты. Ол бар бол­ғаны жаңа жағдайларда өмір сүруге қабілетті әрі жарқын да бәсе­кеге төтеп беретін тұлғалар өсіп-жетілетін болашақтағы қо­ғам­ның сұлбасын сызып берді. 

Қай істе де сын тезіне ілігуің мүмкін. Өйткені кез келген бас­тама қарсылыққа ұшырамай қой­майды. Бұл – табиғи жайт, себебі ескіні сол қалпында сақтауға ұмтылып, кез келген түбегейлі өзге­рістерге қарсылық танытатындар табылады. Қаласақ та, қаламасақ та қоғамда ағымдағы ахуалды бұзуға наразы консерваторлар қашанда болады. Тура сол секілді жаңғырту қарқындарына көңілі толмайтындар да төбе көр­сетеді. Олар да үдерістерге сыни тұрғыдан қарап, оңтайы келсе, көңіл күйлерін сыртқа шығаруға ұмтылады. 

Тіпті, мұның өзін де қолдап, қолпаштауға болады. Өйткені табысты жаңғыртулардың басты шарты оларға адамдарды кең көлемде және жаппай тарту болып табылады. Осы бір жарым жылдың ішінде аталған мәселеге адам тартудан жоғары деңгейде қол жеткізілді десек, ешкім де дау айта қоймас. 

Жаңғыртулардың жаңа ке­зеңіне аяқ басудың белгісі ретінде жаңғыртуларды ілгерілету бойынша мемлекеттік және жергілікті органдардың барлық жобасы мен іс-шараларын үйлестіріп оты­ру жүк­телген Қоғамдық даму ми­нис­­тр­­лігінің құрылуын айтуға бо­лады. 

Қазақстандықтардың өмір сапасын жақсартуға ұмтылған қо­ғамдық ұйымдар мен бастамашы топтардың саны жыл өткен сайын артып келеді. Азаматтық қоғам адамдардың санасына ықпал ету саласын кеңейте отырып, дамудың жаңа деңгейіне көтеріле бастады. Министрлік азаматтық қоғамды елді дамыту ісіне тар­ту­дың жаңа жолдарын табуда. Жас ұрпақ­тың әлеуетін арттыру үшін тетіктерді жақсарту, отба­сы­ның әл-ауқатын жоғарылату, дін саласында сапа­лы ақпараттық-түсін­діру жұмыстарын жүргізу, қазақ­­стандық идеологияны қалып­тас­тыру мен дамыту – осы­ның бәрі эволюциялық әлеуметтік даму­дың негіздері. 

Бұл − практикалық жүзеге асырулар кезеңі. Мұның бір қарағанда қарапайым көрінетіні де рас. Бірақ бұл жерде әңгіме нәтижелері кей кездері соншалықты бір қатты сезілмесе де маңызды өзгерістерге бастайтын аса қажетті жобалар мен іс-шараларды жасау туралы болып отыр. Осы арада қоғамдық жүйе құндылықтарындағы өзге­рістер, әркімнің өз өміріне өзі жа­уапты екендігі де меңзеледі. Жаң­ғыртулардың құндылықтары – бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, білімге құштарлық, ашық сана, эволюциялық жолды таңдауға деген оң көзқарас және мәдени біртектілік. Міне, осылардың бә­рі қоғам­ның барлық тобының ішіне тереңдей еніп, оның адам­гер­­шілік негізіне айналуы тиіс. Бұған барша қоғам болып ұмты­лу қажет, өйткені бұл үдерістен еш­кім де сырт қала алмайды, себебі жаңғыртулар кім-кімге де әсер етпей қоймайды. 

Осы аралықта көптеген қазақ­стандық қазірдің өзінде өзінің жеке үлгісімен өз ортасында оң өзгерістерді жүзеге асыру үстінде, яғни бұл үдеріс тұтастай қоғамды қамтып жатыр деген сөз. Тар шеңберлі арнайы мамандықтар мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуды, өзін өзі жетіл­діруді қалайтындар саны өсіп келеді, жастар кітап оқуға да ден қоя бас­тады. Меценаттық өмірдің бар саласында қанат жайып барады. Қазақстандықтар күн сайын ізгілікті істерге көп мойын бұрып жүр, мұны тіпті бастамашы топтар мен волонтерлық ұйымдар са­ны­ның күрт артып келе жатқанынан да аңғаруға болады. Жақында (Пав­лодар облысында) меценаттар волонтерларға пайдалану үшін тегін пәтерлер берсе, оларда өмірлік қиын жағдайларға душар болған отбасылар уақытша тұратын болады. 

Қазақстандық жас жұбай­лардың үйлену тойында жиналған ақша­ны қайырымдылық шараларына бергені жөніндегі бірнеше оқиға да елді елең еткізді. 

Қазіргі таңда табиғи байлықтар мен экологияға оң көзқарас таныту қалыптасып келе жатқаны да көңіл­ге жылылық ұялатады. Ау­ла­ларды абаттандыру мен аумақ­­ты күл-қоқыстан тазарту жұмыс­тарына бет бұра баста­ған азаматтар саны арта түскені де қуантпай қоймайды. 

Прагматизм қарапайым іс­тер­мен қатар, күнделікті өмірде де айқын көрінеді. Қазақстан қала­ларында соңғы жылдары көптеген велосипед жолдары пайда болды, жұртшылық жылдың жылы да жайлы кездерінде екі дөңгелекті көліктеріне отырып, денсаулықтары мен экологияның жақсаруына өз үлестерін қосуда. 

Күнделікті өмірде ұлт­тық біре­гейлікті пайдалану мейнс­трим­ге айналғандай. Қазақ­стан­­­дық­тардың болашақ ұрпақ­тары­ның бойында қазірдің өзінде қалып­таса бастаған ұлттық қазақ­стан­дық код тамыр жаятыны күмәнсіз. 

Үкіметтік емес сектор мен бел­сенді жастар үшін бас­талған жыл табысты да жемісті болатыны байқалады, ал азаматтарға ол ба­лаларының бәсекеге қабілет­ті­ліктерін арттыру және әрқайсы­сының жеке-жеке дамуы үшін де көптеген жаңа мүмкіндіктер ашатын болады. 

Жұлдыз ОМАРБЕКОВА, 

Қоғамдық даму вице-министрі

Соңғы жаңалықтар