Қоғам • 22 Қаңтар, 2019

Азат Перуашев көше, мекеме атауларына Алаш қайраткерлерінің есімдерін беруді ұсынды

573 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Азат Перуашев аймақтар мен қалалардағы көше, мекеме атауларына 750-ге жуық Алаш қайраткерінің есімдерін беруді ұсынды. Бұл жөнінде республикалық маңызы бар қалалар мен облыс әкімдерінің атына тиісті хат жолданды. Бұл туралы «Ақ жол» Демократиялық партиясының баспасөз қызметі хабарлады. 

Азат Перуашев көше, мекеме атауларына Алаш қайраткерлерінің есімдерін беруді ұсынды

Аталған 750 арыстың тізімі жасалып, тіпті, олардың қай өңірде, қай қалада дүниеге келгені, қайда қызмет еткені де анықталды. Бұл жинақталған тізім әкімдерге жіберілді.

«Ақ жол» партиясының төрағасы хатта «осы бағыттағы жұмысты жалғастыру – бүкіл қоғамымыздың және жаңғырған заманымыздың өзекті талабы. Мысалы, ақжолдық депутаттардың сауалына берілген ресми ақпарат бойынша ел аумағында Ленин (506 көше), Киров (54 көше), Маркс (40 көше), Крупская (28 көше), Свердлов (24 көше), Энгельс (23 көше) атындағы көшелер, мекемелер мен аймақтық атаулардың тапжылмаған күйі тұрғаны түсініксіз», - деп мәлімдеді.

Сол себепті «Ақ жол» әкімдерден аймақтар мен қалалардағы көше, мекеме атауларына еліміздің тағдырына еш қатысы жоқ адамдардың орнына, бірінші кезекте ұлт тәуелсіздігі жолында жанын пида еткен Алаштың көрнекті қайраткерлерінің есімдерін беруді ұсынып отыр.

«Алаш арыстарын ұлықтау – ешбір басқа этносқа қарсы бағытталған бастама емес. Керісінше, біздің ойымызша, Алаш мұраты бүкіл қазақстандықтарды біріктіріп, еліміздің нағыз ұлттық идеясына айналуы тиіс», - делінген ресми хатта.