Аймақтар • 22 Қаңтар, 2019

«Тал бесіктен жер бесікке дейін...»

1150 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қызылорда облысында ұлттық салт-дәстүрді насихаттайтын «Тал бесіктен жер бесікке дейін...» жобасы жүзеге асырылып жатыр.

«Тал бесіктен жер бесікке дейін...»

Облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының мамандары былтыр аймақтың Ардагерлер кеңесі, саяси партиялар жетекшілері мен үкіметтік емес ұйым мүшелерімен кездесіп, бұл бағытта көптеген мәселені таразыға салған еді.

«Жоба аясында ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттай отырып, бүгінгі уақыт талабына сәйкес келетін дәстүрлерді жаңғыртуды қолға алмақпыз. Сондай-ақ, қазіргі той өткізу дәстүріне де прагматикалық көзқараспен қарағанымыз жөн», - деді облыстық «Рухани жаңғыру» орталығының басшысы Нұрлыбек Мыңжас.

Орталық мамандары бұдан басқа да бірқатар жаңа жобаны қолға алмақ. Атап айтар болсақ, үш тілде «Қорқыттың даналық сөздері», «Сыр бойының сакральды ескерткіштері: мифтер, хикаяттар, аңыздар» жинағы, «Алаш қайраткерлерінің Ақмешіт-Қызылорда кезеңі», «Қорқыт ата кітабы» бірнеше нұсқа бойынша қайта аударылып, жарыққа шығады. Бұл еңбектердің барлығы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласына орай жүзеге асатын болады. Жобалар «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Түркі әлемінің генезисі», «Ұлы даланың ұлы есімдері», «Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы» арнайы жобалары аясында орындалады.

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы