Аймақтар • 22 Қаңтар, 2019

Шымкенттің орталық аудандарындағы балалар әлі күнге дейін үш ауысымды мектепте білім алып жүр

493 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Әл-Фараби ауданында 4 мектепте балалар үш ауысымда білім алады. Бұл туралы аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың есепті жиналысында айтылды. Рес­пубикалық маңызы бар қала мәртебесін алған мегаполисте білім беру мекемелеріне деген тапшылық азаяр емес. Тіпті, қатары жылдан-жылға көбейіп жатыр. Мемлекет бас­шы­сы әр жылдары халыққа арнаған Жол­дауында білім алудың қол­же­тім­ділігін арттыру мақсатымен оқу­шыларға орын жетіспейтіні, мек­теп­тердің үш ауысымда оқу және апат жағдайында болу проб­ле­ма­лары мейілінше сезіліп отырған аймақтарға көмек беру жөнінде айт­ып келеді. Ал Шым­кент қаласында бүгінде үш ауысымды мектептердің қатары 19-ға жеткен. Ондағы оқушылардың саны 54672 болып отыр. Тіпті, 1200 орын­ды мектепте 4400 оқушы білім алып жүр.

Шымкенттің орталық аудандарындағы балалар әлі күнге дейін үш ауысымды мектепте білім алып жүр

Естеріңізге салар болсақ, қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов 2016 жылдың наурызында өткен баспасөз мәслихатында 2018 жылға дейін Шымкентте үш ауысымдағы мектептердің мәселесі толық шешіледі деп сендірген болатын.

«Мектеп тапшылығын болдырмаудың бірден-бір жолы жыл сайын 5-6 жаңа мектеп салу. Тіпті, Білім және ғылым министрлігінің арнайы тапсырмасына сәйкес мектептердің жанынан қосымша оқу корпустары ретінде ғимараттар салуымызға болады» деген еді өткен жылғы Тамыз кеңесінде.

«Шымкент қаласында бала туу көрсеткіші жоғары болғандықтан бірінші сыныпқа баратын балалардың саны рекордтық көрсеткіш құрап отыр» деген әңгімелер айтылуда. Дегенмен, мемлекеттік бағдарлама аясында салынып жатқан білім беру мекемелері сол қажеттілікті қамтамасыз ете алмай ма?

Мәселен, шаһардың қақ ортасындағы «Нұрсәт» мөлтекау­данын­да 2007 жы­лы пайдалануға берілген №80 мектеп-лицейіне бір сыныпта орташа есеппен 30 оқушы білім алуда. 2018 жылдың қыркүйегінде 1-сынып табалды­ры­ғын аттаған бала санының өзі – 530. Бұл мәселе туралы білім басқармасының жауапты тұлғалары бас­қарма тарапынан мектепке жақын маңнан ғимарат жалға алын­ғанын тілге тиек етеді.

Шымкент қаласындағы үш ауы­сым­ды мектеп мәселесі жалға ғимарат алумен шешіліп кетпейтіні белгілі. Шымшаһарда жағдайы дәл осын­дай 19 білім ордасы бар. Сандарды тізбектер болсақ, күзгі оқу жылында қаладағы №1 мектеп-гим­на­зияда 591 бала алғашқы әліппемен танысқан. Өкініштісі, 1100 орынды мектепте бүгінгі таңда 4238 оқушы сабақ оқып жүр. Демек, бір сынып­та 50-ге тарта бала болса, бір мұғалім 2 сыныпқа жауапты деген сөз.

Шымшаһардағы 15 шақты мектепте сынып жетіспеу жағдайы байқалады. Ал қосымша құрылыс жұмыстарын жүргізуге әзірге жер телімі берілмей жатқандығын алға тартады сала жауаптылары.

Елбасы ел халқына Жолдауында өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы үшін қазынадан мектептердің құрылысына 50 млрд теңге қаржы жұмсалып, апатты жағдайдағы және үш ауысымды білім ордаларының мәселесі біржола шешілетіндігін жеткізген еді.

Ал, әзірге Шымқалада сме­­талық құжаты есептеліп, жуық арада құрылысы аяқталып, жас ұрпақтың білім алуына беріледі деген білім ошақтары саусақпен санарлық.

Айта кетерлігі, соңғы жылдары қалаға келген басшылардың нақты атқарған жұмысынан берген уәделері көптеу болып тұр. Былтыр Шымкент қаласының экс-әкімі Нұрлан Сауранбаев халық алдындағы есепті кездесуде Шымкенттегі үш ауысымды мектептердің мәселесі жыл соңына дейін шешіледі деп сендірген болатын.

«2017 жылы көптен бері алғаш рет қалада 124 мектепті жөндеуге және үш мектепті күрделі жөндеуге қаражат бөлінді. Барлық жұмыстар толығымен аяқталды. Алты мектеп және 4 қосымша ғимарат пайдалануға берілді. Тағы да жаңа бес мектептің құрылысы мен төрт қосымша ғимарат салу жұмыстары басталды. Құрылысты 2018 жылы аяқтау жоспарлануда» деген еді өз сөзінде Н.Сауранбаев.

Жуырда ғана Шымкент қаласына қарасты аудан әкімдерінің құтпан жылын қорытындылаған есепті кездесуінде білім саласына байланысты тұрғындардың сұрағына шаһар басшысы екіұшты жауап айтқаны ел есінде.

Абай ауданының әкімі Бұқарбай Пармановтың халық алдындағы жылдық есебінде қала әкімі Әбдірахымов құрылысы 2012 жылы басталып, 2013 жылы тамыз айында қолданысқа берілген Т.Тәжібаев атындағы №81 жалпы орта мектебін біз соғып бердік деп жаңылған болатын.

Бір сөзбен айтқанда, қаладағы білім ошақтарындағы сынып жетіспеу мәселесі - алдағы уақытта кезек күттірмейтін мәселенің бірі. Себебі, елдің ертеңі жас ұрпақтың сапалы білім алуына тікелей қатысты мәселені кейінге шегерудің салдары оңай болмасы анық.  

Нұршат ТӨКЕН,

«Егемен Қазақстан»