23 Қаңтар, 2019

Президент волонтер студенттердің шәкіртақысын өсіруді тапсырды

537 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке волонтерлікпен айналысатын ЖОО студенттерінің шәкіртақысын 30 пайызға арттыруды тапсырды.

Президент волонтер студенттердің шәкіртақысын өсіруді тапсырды

«Тәуелсіздік алған жылдан бері біздің елімізде 2,8 млн маман жоғары білім алып шыққан. Егер 1991 жылы жоғары білімі бар адамдардың саны бізде 42 мың болса, 2018 жылы бұл сан 151 мың адамға жеткен. Америкада халықтың жартысының жоғары білімі бар деп айтып жатады. Ал бізде ондай сапа жоқ. Әлбетте, бізге жоғары білім дегенде дипломды қалтаға салып алу емес, сапаға мән беру керек. Жұмысқа келген кезіңде шамаңның қандай екені байқалады», - деді Президент.

Сондай-ақ Елбасы ЖОО-лар мен колледждерді жатақханамен қамтуды тапсырды.

«Осыған байланысты жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру, студенттердің өмірін жақсарту мақсатында біршама жұмыс атқарылып жатыр. Бес әлеуметтік бастамамда 2018-2019 жылы 20 мың гранттың бөлінетінін айтқаным естеріңізде болар. Сонымен бірге 2020 жылға дейін 70 мың орындық жаңа жатақхана салуды мақсат еттік. Алдымен ЖОО-ларды, содан кейін колледждерді жатақханамен қамту керек», - деді Мемлекет басшысы.

Бұдан соң, Нұрсұлтан Назарбаев осы игі жұмыстар жастарға еңбек нарығына бейімделуге жол ашатынын атап өтті.

«Халықаралық бағалау бойынша әлемнің ең ірі 300 компаниясы қызметкерлерінің үштен бірі апта сайын еріктілікке бір сағат бөледі. Біз ол туралы тіпті ойламадық. Осы бағытта арнайы жұмыс істеу керек. Сондықтан Үкімет еріктілікпен айналысатын ЖОО-лардағы оқығандардың шәкіртақысын шамамен 30 пайызға арттыру бағытында жұмыс істеуі керек. Біз бұны жасай аламыз. Бұл бағыттағы жұмыс студенттерге арнайы көмек болса, халық үшін де пайдалы болады», - деді Елбасы.