Жалындаған жастардың жарқын жобалары

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтулы шарада алдымен жастардың ой-пікірлері мен ұсыныстарын байыппен тыңдап, соның арқасында әр салада жетістіктерге жетіп жүрген үздіктер өздерінің жарқын идеяларымен бөлісуге мүмкіндік алды.

Егемен Қазақстан
24.01.2019 2036
2

Кәсіпкерлік саласында табысы толайым

Солардың алғашқысы бизнес саласында толағай табыстарға қол жеткізген 23 жасар кәсіпкер Расул Абдуллаев болды. Ол өз қатарластарының Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына қоса алатын бақытты буын екенін айтты. Жас кәсіпкер еліміздегі кәсіпкерлікке көрсетіліп келе жатқан қолдаудың негізінде жұмысын жүргізіп отырған өзінің «You Frame Burger» мейрамханалар желісі бүгінде «Burger King» және «McDonalds» сынды бренд­терге бәсекелесе алғанын жет­кізді. Расул алдағы 5 жылдың көле­мінде мейрамхана санын 100-ге жеткізуді көздейді. 

«Құрметті Нұрсұлтан Әбіш­ұлы, Жастар жылында Сізге шартты атауы Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Маркетинг министрлігі деген жоба ұсынғым келеді. Оның негізгі мақсаты – Қазақстанды әлемдік аренада рембрендингілеу. Бұл барлық ведомстволарды дамы­ту мен қолдауда, PR-қыз­меттерін жақсартуға, «Руха­ни жаңғыру» идеологиясын елі­мізде ғана емес, шетелдерде де таны­малдығын арттыруға мүм­кіндік беретін еді. Оған сарапшы, зерттеуші, режиссерлер, сцена­рис­тер мен контент жасаушылардан тұратын сапалы мамандар командасын құрдық. Біз тек сіздің қолдауыңызды күте­міз», деді Р.Абдуллаев.

100 процент қауіпсіз өнім өндіреді

Мемлекет басшысы әрдайым ауыл шаруашылығын дамытуға көңіл бөліп келеді, нәтижесінде елімізде осы салада жас мамандар да елеулі жобаларды жүзеге асырып жатыр. Соның бір дәлелі – ешкі сүтінің өндірісімен айналысып отырған Тамила Розметова. Ата кәсіпті дөңгелетіп жүрген 27 жастағы кәсіпкер 5 жылдан бері «Сарайшық» фирмасын басқарады. Жас фермер: «Фермада мыңдаған лақ бар, біз 15 түрлі сүт өнімдерін шығарамыз. Мен ірімшіктердің әр түрін ойлап тапқанды ұнатамын. Соның ішінде өз рецептіммен жасалған біреуін туған жерімнің құрметіне «Атырау ірімшігі» деп атадым. Бұл – Жолдауда айтылғандай пайдалы, табиғи, 100 пайыз қауіпсіз өнім», деді. 

Ол өз ұжымындағы 80-ге жуық қызметкердің 94 пайызы 26 жасқа дейінгі жастардан тұратынын тілге тиек етті. Сонымен бірге Тамила жастарға арналған әлеуметтік лифт ретінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасын айрықша атап өтті. Алманың ота­ны – Қазақстан екенін Пре­зи­денттің «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласынан оқып біл­ген ол алдағы көктемде Астана­да алма бағын өсіруге дайын еке­нін жеткізді, бұл үшін фермер кез келген ауа райына төзімді алманың арнаулы 4 сортын әзірлеп қойған. Осыған орай, ең болмаса 1 гектар жерді белгілеп беруін сұраған жас кәсіпкердің ұсынысынан соң, Президент сол сәтте Астана қала­сының әкіміне осы іске қолдау көрсетуді тапсырды. 

Жарқын жобаға атсалысып жүр

Мұнан кейін сөз алған «Wiki Bilim» қоғамдық қорының, инно­вациялық жобалардың жетекшісі, сондай-ақ «Google» аудармаға қазақ тілін енгізген Рауан Кенже­хан­ұлы өзі басшылық етіп отыр­ған Ұлттық аударма бюросы – Ел­басының тікелей тапсырмасы­мен «Рухани жаңғыру» бағдар­лама­сының бір тармағы «Жаңа гу­ма­нитарлық білім. Қазақ тілін­дегі 100 жаңа оқулық» жоба­сын жүзеге асыруға арналып құрыл­ған қоғамдық ұйым екенін айт­ты. 

Р.Кенжеханұлының мәлі­­ме­тінше, мұны да жастар ұйы­мы деуге толық негіз бар, өйткені аудар­маға жұмылған негізгі ма­ман­дар – егемендікте білім алған, бір бөлігі «Болашақ» бағ­­дар­­ламасымен оқып келген тәуел­сіздік құрдастары. «Олар­дың барлығы да жарқын жобаның жүзеге асырылуына атсалысып жүргенін мақтан тұтады. Өткен жылы біз сізге осы жоба аясын­да аударылған 18 оқулықты таныс­тырдық. Содан бері 115 оқу ор­нында 1000 данамен тегін тара­тылды. Сонымен қатар дүние жүзінің ең беделді ғалымдарының әлем бойынша миллион данамен таралған 30 оқулығы қазақ тіліне аударылып, жарыққа шығуға да­йын. Бұл оқулықтар жаңа оқу жылында студент жастардың қолына тиеді», деді ол. 

Ақысыз ІТ-сыныптар ашып жатыр

Елімізде қоғам дамуына үнсіз-ақ үлкен үлес қосып, елеусіз-ақ елеулі істерді атқарып жүрген жандар бар. Біз біле бермейміз. Осы олқылықтың орнын толтыр­ған жарқын жоба – «100 жаңа есім». Аталған жобаның алғашқы кезеңінде жеңімпаз болған жас өнертапқыш Иван Крепак сөз сөйледі. Ол Назарбаев зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы, сондай-ақ осы уа­қытқа дейін ондаған робот құ­растырып, бірнеше мобильді қо­сым­шаны қолданысқа енгі­зіп үлгерген. Бұл шетелде шарық­тап дамы­ғаны­мен, бізде кенжелеп келе жатқан отандық ІТ саласының алға ілгерілеуіне ай­тарлықтай атсалысты деген сөз. 

«Жас Отан» жастар қанаты­ның белсенді мүшесі И. Крепак қазіргі таңда «Нұр Отан» партия­сы аясында балаларға арналған ақысыз ІТ-сыныптар ашылып жатқа­­нын еске салды. Мұндай мың сынып ашу жоспарланған, бүгін­де оның саны 811-ге жеткен. ІТ-сыныптар 8-16 жас аралығын­дағы балаларды бағдарлама­лау мен робо­т техникаға, сондай-ақ 3D-модель­деуге оқытады. «Сіз­дің тапсырмаңызбен «Жас Отан» ұйымдастырған «Nurin­tech» республикалық жас­тар ин­но­вациялық жобалар бай­қауы­­ның арқасында өзімнің әлеуе­тімді көрсетіп, робот техника, бағдарламалаушы болдым. Мүм­кін­дігі шектеулі болғанымен, рухы мықты жандарға арналған «Voicekomek» мобильді қосым­ша­сын іске қостым. Бұл қазір 7 тіл­­де, әрине қазақ тілінде қызмет көр­сетеді», деді ол. 

Қазірде 5 миллионға жуық қандасымыз шет елдерде тұрады. Олардың бәрі өз болашағын тарихи Отаны – Қазақстанмен байланыстыратыны белгілі. Шетелдегі қазақ жастары да еліміздің атын әлемге танытуға аянбай ең­бек етіп келеді. Соның бір айғағы – бүркітші қыз Айшолпан Нұр­ғайып­қызы. Айшолпан дүние жүзіне саятшылықты жаңғыртқан, ата дәстүрді ұстанған ең жас қыз ретінде танылған. Ол 13 жасында бүркітшілер сайысында жеңімпаз болған. Қаршадай қазақ қызы туралы америкалық режиссер Отто Белл «Бүркітші қыз» атты деректі фильм түсіріп, әлемнің отыз елін­де көрсетілді. Аталған фильм «Оскар» сыйлығына ұсынылған 15 үз­дік фильмнің қатарына енген еді. 

Гарвард және Оксфорд уни­вер­ситеттерінен шақырту алған Айшолпан бүгінде Қазақстанның арнайы ұсынысын қабылдап, Астанада білім алып жатыр. «Сырт­та жүрген 5 миллион қазақ­­тың бірімін. Байөлке ай­ма­ғында туып-өстім. Алайда ата­­­мекенім – Қазақстан екенін еш уа­қытта ұмытпадым», деді ол. Айшолпан өзін танытқан деректі фильмнің қазақтың салт-дәстүрін дүние жүзіне танытуға үлес қосқанын айтты. Сондай-ақ Астанада және басқа қалаларда қазақтың салт-дәстүрін оқып-үй­ре­тетін орталықтар, соның ішін­де бүркітшілер мектебі ашыл­­са деген арманын жеткізді.

Зауыт жастарының көпшілігі – креативті

Бұдан соң сөз алған Ақсу ферроқорытпа зауытының металл қорытушысы Александр Шутов мінберге беттеген сәтте оның жүрісі мен қимыл-қозғалысынан нағыз жұмысшы мамандығына тән салмақтылық пен сенімділік байқалып тұрды. Оған Елбасының да еңбек жолын металлург маман­дығынан бастағандығына бай­ланысты әріптестік сезімі әсер етсе керек. Бұл пайымды Алек­сандр­дың әп дегендегі сөзі де дә­йек­теп тұрды. Металлург ма­ман­дығын 20 жасында меңгеріп, алты жылдың ішінде қызмет саты­сы­мен өсе түскен ол зауыт­тың қоғамдық өміріне де белсене араласады екен. Оған қоса, зауыт жанындағы жастар ғылыми кеңесінің белді мүшесі.  

Оның айтуынша, зауыттағы метал­лургтердің көпшілігі – креа­тивті жастар. Олардың бәрі де заманға сай идеялардың бастамашысы болып отыр. 

Жас металлург еліміздің адал еңбек етіп жүрген барша жас­тарының атынан Мемлекет басшысына алғыс айтты. 

– Сөз соңында мамандық таңдау алдында тұрған жастарға үндеу тастағым келеді. Өндіріс – өз әлеуетіңді танытудың керемет мүмкіндігі. Еңбек жолын өндірісте бастай отырып, көп мақсатқа жетуге болады. Біздің Президент Нұрсұлтан Әбішұлы осы ретте бізге жарқын үлгі бола алады, – деп Александр Шутов жан сарайын ақтарды.

Бұл – қарапайым түлекке зор мүмкіндік

Әлемде жастарды шет мемле­кет­тердің оқу орындарына аттандырып, білім алуына, ғылыми дәреже иеленуіне жағдай жасап отырған мемлекеттер некен-саяқ болса, солардың бірегейі біздің ел екендігі анық. Президенттік «Болашақ» бағдарламасы ар­қылы тәуелсіздік жылдарында шет­ел­дің озық оқу орындарында білім алған 10 мыңнан аса жас­тың бірі Дамира Перне­баевның таңдаған саласы да – бүгінгі тренд. Атап айт­­қанда, шикізатқа тәуелді емес энер­гия көздерін жетілдіру Назар­баев Университеттің жас док­торанты үшін ерекше маңызға ие. Ол университет профессорларымен бірге сарқылмайтын энергия көз­дерін анықтауға ден қойған. 

Сондықтан да Елбасының алдында, замандастарының көзінше Д. Пернебаева өзінің ғылыми бағытын таныстыру сәтінде еш іркілген жоқ. 

– Мен – «Болашақтың» түлегі­мін. Бағдарлама 25 жыл ішінде мен секілді қарапайым отбасынан шыққан 10 мыңнан астам түлекке әлемдегі ең үздік оқу орындарын­да білім алуға мүм­кіндік берді. Шотландияда энер­гети­ка мамандығы бойынша магистр атанып, шикізаттан тыс энер­гетиканың маңыздылығына көз жеткізе түстім. Бағытымның дұрыс­тығына Астанада әлем назарын аударған ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі де дәлел бола алады. Көрмеде жасыл энергетика бойынша әлемнің ал­дыңғы қатарлы технологиялары ұсынылды. Шын­дығында, біздің Отанымыз тек қазба бай­лық­тарға ғана бай мемлекет емес, бала­малы энергетиканы дамы­туға да әлеуеті зор ел. Қазір уни­вер­ситет профессорларымен бірігіп ауыл шаруашылығы қал­дық­тарынан энергия қуатын алу­дың жолдарын зерттеудеміз. Жоба­мыз сәтті жүзеге асқан күнде шаруа­шылықтар қазір керексіз болып жатқан қалдықтарынан энергия өндіріп қана қоймай, артылғанын сатуға мүмкіндік алады. Сондай-ақ жоғары кернеулі желілерге жасанды интеллект жүйесін енгізуге арналған жобаларымыз да бар. Мұның барлығы – жас­тарды, жастардың бастамаларын мемлекеттік қолдаудың жемісі, – деп сөзін түйіндеді жас ғалым. 

Мақсат – ұлағатты жас ұрпақ тәрбиелеу 

Президент 2018 жылы 5 қа­зан­дағы Жолдауында «Жас-Сарбаз» балалар-жасөспірімдер бірлестігін құруды және мектептерде әскери-патриоттық тәр­бие берудің рөлін күшейтуді тап­сырған еді. Соның негізінде қол­ға алынып, жұмысын бастап кет­кен «Жас сарбаз» балалар-жасөс­пірімдер қозғалысының төр­ағасы Мейірбек Меңдіғалиев был­­тырғы қарашада «Отан. Ел­басы. Жас сарбаз» іс-шарасын­дағы кездесуде берген тапсырма бойынша 1 айдың ішінде еліміздің барлық өңірінде «Жас сарбаз» қозғалысының филиалдары ашылғанын айтты. 

«Бүгінде әскери-патриоттық клуб­­тар мен сыныптардың саны 2884-ке жетті. Олар 74602 жас­­өс­­пірімді қамтып отыр. Терең тарихын білетін, бүгінін баға­лайтын, тәуелсіздікті көзінің қара­шы­ғындай қорғайтын ұлағатты жас ұландарды тәрбиелеу – «Жас сарбаз» қозғалысының басты мақ­саты. Елдік мүддені, биік мақ­сатты көздеген қозғалыс төр­аға­сы Қарулы Күштердің Жоға­рғы Бас қолбасшысы Н.Назар­баев­­­т­ы маусым айында өтетін «Айбын» әскери-патриот­тық рес­пуб­ли­калық жиынына шақырды. 

Нәтижелі істер – айқын ойдың жемісі

Француз жазушысы Дени Дидро: «Басқаға қуаныш сыйлай білген – ең бақытты жан», деген екен. Бүгінде елімізде де мейірім­ді­л­ік пен адамгершіліктің биігі­нен бой көрсете білген ерікті­лер бар­шылық. Солардың дерлігі жас­тар екені көңілге қуаныш сый­лайды. Шарада сөз сөйлеген кезек­ті спикер, «Еріктілер лигасы» қоғам­дық қорының төрайымы Айсұлу Ерниязованың нәтижелі істері осы ойымызды айқындай түседі. 

Ол сөзінде: «Мен – еріктімін. Мен үшін ерікті болу – жай ғана сөз емес, өмірлік ұстаным! Өйткені ерікті болу өз елін, халқын сүю дегенді білдіреді», деді. Қоғамдық қордағы еріктілер санын 10 мыңға жеткізген А.Ерниязова қазіргі таңда елдегі ең ірі іс-шараларды жоғары деңгейде өткізуге атсалысып жүрген қоғам белсендісі. Қоғамдық қор төрайымы: «Мен өз қызметкерлеріме үнемі ерікті жұмыспен айналысыңыздар. Осының өзі рухани тұрғыдан жаңғыру екенін айтамын», деді. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарға, қарияларға, жетімдерге, зейнет­кер­лерге, үйсіз жүргендерге және басқа да мұқтаж жандарға көмек­те­суге бағытталған «Ашық жүрек» атты Еріктілердің бірың­ғай базасын құруды ұсынды. 

Ал жас ақын Мерей Қарт Мем­лекет басшысынан жас қалам­­герлерге арналған Әдебиет ака­де­миясын құруға қолдау білдіруді сұрады. 

– Қазақтың жас ақын-жазушы­лары мемлекет қолдауынан кенде емеспіз. Қазақстанның жас ақын-жазушылары ұлтымыздың руханиятына, әдебиетіміздің дамуына үлес қосып жүр. Мысалы, мен өт­кен жылы өзіңіздің қол­дауы­ңыз­бен Қазақстан жазушылар ода­ғы қол­ға алған жалпы­рес­пуб­ли­ка­лық «Әдеби өлкетану» жоба­сы­на қа­тыс­тым. Арнайы Кере­ку жері­не барып, сол жердің әде­бие­ті­мен, мәде­ниетімен танысып, бір топ шы­ғарма жаздым. Тек қана мен емес, рес­пуб­ликамыз­дың әр ай­ма­ғын­дағы аға буын ақын-жазу­шы­лар, жас қаламгерлер осы жо­баға қа­тысты. Еліміз тура­лы, жері­міз ту­ра­лы шығар­ма­лар дүниеге кел­ді. Осын­дай мүм­­кін­дік берген сіз­ге ба­рлық қалам­гер­лердің атынан ал­ғы­сым­ды біл­діремін, – деді Мерей Қарт. 

Жаңашылдық жастарға жарасады

Болашағынан үміт күттірер жастардың бірі, 13 жасында Қазақ-Британ техникалық универ­ситеті ақпараттық техно­ло­гиялар фа­куль­­­тетінің 2 курсында оқып жүрген Абзал Мырзаш мін­бер­ге көтерілген сәтте-ақ заман­дас­тарының назарын аударды. 

«Латын қарпіне ауысу IТ техно­логия­лық прогрестен қалыс қал­мауға, елімізде әлемдік интеграция­ны күшейтуге, ең бастысы, қазақ тілін дамытуға жағдай туғызады. Сон­дықтан сізге ұсынатын екі жобам бар. Бірінші жобамда диа­графтық тәсіл арқылы ком­пью­­тердің пернетақтасына ың­ғай­лап қазақ-латын әліпбиін жасадым. Менің бұл нұсқам арқы­лы әлемнің кез келген жері­нен компьютердің стандартты ағыл­шын пернетақтасын пайдаланып қазақша жазуға болады. Екінші жобамда кириллицадан латын қарпіне аударатын конвертерлік бағдарлама жасадым. Қазір менің бұл бағдарламам арқылы кириллицадан латын графикасына бір минутта 1200-ден астам кітап аударуға болады», деген сәтінде Нұрсұлтан Назарбаев аға буын қаламгерлердің көкейін­дегі мәселені дөп басты. 

– Жазушыларымыз біздің бұрынғы жазған кітаптарымыз қайда қалады деп жүруші еді, енді білетін болды, – деп өнер­тапқыш жасты көтермелеп қойды. 

Қыздарды өзін өзі қорғауға үйретеді

Бұдан соң сөз алған джиу-джитсуден әлем чемпионы Мөл­дір Мекенбаева спорт сала­сын­дағы тәжірибесі және осы салада атқарып жатқан жұмыс­тары туралы айтып берді. 

– Бүгінде мен Назарбаев уни­вер­ситетте білім алып жүрмін. Джиу-джитсудан халықаралық дәрежедегі спорт шеберімін. Татамиге шыққан сайын елімді барлық әлем таныса екен деп армандаймын. Ежел­гі уақытта Ұлы даланың әйел­де­рі батыл әрі қайсар мінезді бол­ды. Сақтардың патшайымы – То­ми­рис массагеттерді бас­қа­рып, өз жерін, өз елін қор­ғай біл­ді. Фашизмге қарсы соғыс­та Әлия Молдағұлова мен Мән­шүк Мәметова көзге түсті. Мен Назар­баев Университетте алғаш рет ар­найы клуб аштым. Сол жерде өт­кен жылдан бастап қыздарды өзін өзі қорғай білуге, джиу-джи­т­су мен грэпплингке тегін үйре­­тіп жүрмін, – деді Мөлдір Мекенбаева. 

Осы кезде Президент Нұрсұл­тан Назарбаев: «Қыздарды өзін өзі қорғай білуге үйреткен аса маңызды», деп өз ойын жеткізді.

Көпбалалы болудан қорықпау керек

«Тәуелсіздік ұрпақтары» жиы­­нына Түркістан облысынан ар­найы келген, 27 жасқа тол­ғанша 7 баланы дүниеге әкел­ген Жазира Тұрғынова жастары­мыз көпбалалы болудан қорық­пау­лары керек, деген сәтте қатысу­шылар ду қол шапалақтады. 

– Дана халқымызда «Бір қозы дүниеге келсе, бір түп жусан артық шығады» деген сөз бар. Алланың қалауымен 7 сәбиімді өмірге әкелдім. Әр баламның өмір­ге келуімен қатар біздің үйде үлкен қуаныштар орын ала­ды. Балаларымның күлкісінен өмір­ге деген құштарлық аламын. Қазір­гі таңда балаларымның үлкені 11 жаста, ол менің бірінші көмекші­ме айналды. Ата-бабаларымыз­дан мирас болып қалған осынау байтақ елімізде сәбилердің көп болғанын қалаймын. Мен бүлдіршіндерімнің келешегіне сенімдімін. Еліміздің жастарын көпбалалы болудан қорықпауға шақырамын. Әр бала дүниеге өз несібесімен келеді, – деді Ж. Тұрғынова.

Сөйтіп, Елбасы мен заман­дас­тарының алдында жеке жетістік­терін жаһанға жариялап, тың ұсыныстарымен бөліскен жастар тәуелсіздік ұрпақтары ретінде қосымша сенімге ие болды. Ол – Елбасының, елдің қолдауы. 

Міне, осындай салтанатпен ашыл­ған Жастар жылы жиын­да айтылған пікірлердің, ұсыныс­тар­дың, нақты істердің іске асырылып, нақты берекенің бастауына айналар күні жақын. Ендеше, іске сәт, жастар!

Тимур ДЖУРУМБАЕВ, Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы «Жарасым» республикалық жастар ұйымының төрағасы:

– Қазақстандық жастарға арналған сондай керемет шара өтті. Елбасы Н.Назарбаев форумда білімді дамытуға, ауылдағы жастарды қолдауға, жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Биылға бағытталған жобалар мен міндеттер нақтыланған Жолдау негізіндегі бұл жиын Президенттің жастар мәселесін әрдайым естен шығармайтынын тағы бір дәлелдеді. Байқасаңыз, Мемлекет басшысы жастарға мүмкіндігінше көп уақыт бөліп, алдымен оларды тыңдады. Маған ерекше ұнағаны – отбасын құруға жасөспірім кезден дайындау керектігін айтқаны. Шынында отбасы құруға дайындық, ондағы негізгі мәселелерден хабардар болу мектептегі жоғары сыныптардан басталғаны абзал. Сонда еліміздегі ажырасу азаяр еді. Бұдан бөлек, Қазақстан халқы Ассамблеясының негізгі жұмыстарын Жастар жылы аясында жүргізу­ді тапсырды, мен осы органның мүшесі ретінде айтылған бағытта еңбек етуге атсалысамын. 

Қалқаман САРИН, ақын, Жазушылар одағының мүшесі:

– Елдің рухы – әдебиетте. Осы орайда, Қазақстан Жазушылар одағының бастамасымен жас ақын, Дарын жастар сыйлығының иегері Мерей Қарттың аузымен Елбасына Әдебиет академиясын ашу туралы жақсы ұсыныс айтылды. Аталған ұсыныс әдебиет өкілі ретінде мені қатты қуантты. Бұл қолдау тауып, қолға алынса, сондай-ақ әлемдік әдеби институттармен байланыс орнататын академия болса, соның арқасында әдебиетке бет бұрған жаңа буын шет тілдерін білу мүмкіндігін иеленіп, соған сай грант бөлінсе, жас ақын-жазушылардың кәсіби біліктілігін арттырып, бай мұрамызды өзге де елдерге танытуға жағдай жасалар еді. Бұл бас­таманы барлық қаламгер қауым қолдайды деп сенемін. 

Үмітжан РАХМАНҚҰЛОВ, Назарбаев Университеттің 2-курс студенті:

– Шара біздей жастарға үлкен үміт пен сенім сыйлады. Себебі мен университеттегі Экономикалық қоғамдастықтың вице-президентімін. Біздің клуб түрлі деңгейде экономикалық байқаулар ұйым­дастырады. Міне, ондағы қоғамдық жұмыс­тардың бәрін біз өз еркімізбен істейміз. Оған ешкім ақы төлемейді. Сондықтан бізді Елбасы Н.Назар­баевтың салтанатты рәсімдегі ерікті-студенттердің шәкіртақысын 30 процентке көтеруді тапсыруы ерекше қуантты. Біз енді алда қоғамдық істерді бұрынғыдан гөрі шабытпен қолға аламыз.

Жазып алғандар 

Серік ӘБДІБЕК,

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

22.02.2019

Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларды қолдаудың 10 қадамы жасалды

22.02.2019

Қостанайда әкім есебі жаңа ғимаратта өтті

22.02.2019

Қарағанды облысының тумасы Қазбек Нұржановтың құрметіне арналған 41-ші жеңіл атлетика жарысы өтті

22.02.2019

Қарағанды облысында 479 жоба іске асады

22.02.2019

Ұлттық валютадағы мәтін тек қазақ тілінде болады

22.02.2019

Sanofi - күдіктен ада компания

22.02.2019

Сенатор С.Айтпаева Германиядан келген делегациямен кездесті

22.02.2019

Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларға тұрғын үй сертификаттары беріледі

22.02.2019

Ақтөбе облысында су тасқынына дайындық шаралары қабылданып жатыр

22.02.2019

Құралай Ахмет: Шет елде оқуға ынтасы бар кез келген адам «болашақтық» бола алады

22.02.2019

Жастар кәсіпкерлігіне арналған «Jas Business» семинары өтті

22.02.2019

Халықтың әл-ауқатын жақсарту – басты мақсат

22.02.2019

Жоғарғы сот жемқор судьяларды анықтауды күшейтеді

22.02.2019

Шаңғымен тұғырдан секіруден Қазақстан командасы әлем чемпионатында бақ сынайды

22.02.2019

Ерлан Қошанов көпбалалы отбасылар тұрғын үймен қалай қамтамасыз етілетінін айтты

22.02.2019

Мамандар: Денсаулық туралы жаңа Кодексті қабылдау бизнес үшін кедергілер туғызуы мүмкін

22.02.2019

Семейде «Нәджип Әмір» атындағы аудитория ашылды

22.02.2019

«Әбу-Даби Плаза» елордада жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді

22.02.2019

Милад Карими мен Аким Мусаев Мельбурндегі Әлем кубогінің финалына өтті

22.02.2019

Юлия Галышева бастаған Қазақстан командасы Жапониядағы әлем кубогіне қатысады

ТАҒЫ ЖҮКТЕУ
КОЛУМНИСТЕР

Александр ТАСБОЛАТОВ, «Егемен Қазақстан»

Jol erejesinen buryn, saqtyq kerek

Jasyratyny joq, ózimizdiń bir áriptesimiz, Qaraǵandy tas jolynan Astanaǵa kirer tusta keshqurym, ıaǵnı alageýim shaqta kóligimen bir adamdy basyp ketti. Ol jaıaý júrginshi jolaǵymen júgire basqan jandy kórmeı qalǵan. Qansha jerden kinásin moıyndasa da, ol – jaýapker. Sebebi jaıaý júrginshige arnalǵan jolaqta ereje buzdy. Toqtamady. Al toqtar edi, biraq adamdy kórgen joq. Mine, endi mundaı jaǵdaıda kimge kiná artasyz? Jaıaý júrginshi de opat boldy, júrgizýshi de qamalady.

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»

Tyıym men tıyn

Toı-toımalaqta tún jamylyp óner kórsetetin kámelettik jasqa tolmaǵan, ómirleri aq paraqtaı taza, kóńilderi aq bulaqtaı móldir kishkentaılarymyzdy jasyna laıyqsyz kıindirip, boıandyryp kópshiliktiń aldynda shyǵarý, án saldyrý – qý aqshaǵa qunyqtyryp qoıǵan ata-analarynyń kinásinen. 

Бақытгүл САЛЫХОВА, педагогика ғылымдарының кандидаты

Qorqynyshty mıkroplastık

О́tken aptada Eýropalyq odaq úkimeti óndirýshilerge mıkroplastıktiń barlyq túrin óz ónimderinde qoldanýǵa tyıym salǵanyn estigen bolarsyzdar. Mıkroplastıktiń ne ekenin bilesiz be? Osyǵan deıin kóp mán bermeppiz. Sóıtse mıkroplastık − sıntetıkalyq polımerlerdiń kishkentaı bólikteri, bul kóptegen zattyń quramyna kiredi: kúndelikti kıetin kıimimizde de, kir jýatyn untaqta da, saǵyzda da bar eken.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»

«Jeti jarǵy» jıen jaıly ne deıdi?

Qarǵa tamyrly qazaqta jıenmin dese qolq etpes jan joq shyǵar, sirá. Tipti, naǵashyǵa aıtar oıyn «tuzdyqtap» jiberse de, basynan sóz asyrmas nebir adýyn minezdiniń ózi jıen ǵoı, aıta beredi» dep kúlip, bas shaıqaǵannan artyqqa barmaıdy.

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»

Rýh jaıly áńgime

Marqum alashshyl tulǵa Aqseleý Seıdimbektiń «Rýhy azat halyq qana uly ister atqara alady» deıtin myzǵymas ustanymy boldy. Osy uǵymdy Ahań ári qaraı tápsirlep: «Rýhsyz halyqty altynǵa bólep qoısań da báribir, rýhy myqty qaýymnyń aldynda eńkish tartyp turady. Rýh degenimiz ol kózge kórinbeıdi, halyqtyń gendik bıosferasynda bolatyn úreıdi jeńý qýaty. Úreı qan arqyly urpaqtan urpaq jalǵasyp kete beretin asa qaterli qubylys. Qandaı bir qaýymnyń rýhanı erkindigi (táýelsizdigi) halyqtyń boıyndaǵy úreıdiń az-kóptigimen ólshendi» deıtin edi jaryqtyq.

ҰҚСАС ЖАҢАЛЫҚТАР

Тағы да оқу

Пікір қосу