Әдебиет • 24 Қаңтар, 2019

Сексен деген сеңгірге шығып жатқан Кәмел Жүністегі туралы үзік сыр

1230 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

2014 жылдың Арқаның қараша қазысы қайтар май тоңғысыз бай­қо­ңыр күзі еді. Әлі де шүлдірінен ажы­рай алмай жатқан кеншілер қала­сын­да бір жақсы шара өтейін деп жатыр деген хабар елді кәдімгідей елең еткізген.

Сексен деген сеңгірге шығып жатқан Кәмел Жүністегі туралы үзік сыр

Әңгі­ме Бүркіт Ысқақовтың 90 жыл­­ды­ғы туралы екен...

Ел көлемінде аталып өтетін шара еді ғой дей­ді бір ойым...

Ол кісі қазақ баласының рухы еді ғой дей­мін іштей қарсылық білдіріп.

Менің түсінігімде бұл кеште ел ырғын болу керек еді. Алматыдан, Астанадан аузымен құс тістеген дүл­дүл­­деріміз келер деп тон пішкем. 

Мына таяқ тастам жердегі Нұра­дан үзеңгілесі Махмет аға Темірұлы ке­лер деп ойлағам...Шынтақтасып жат­қан Шеттен Бүркіт ағаның із­ба­с­ары Кәмел ағам Жүністегі келеді деп ой­лағам...

Өйткені әңгіме қазақ рухы жө­нін­де ғой!

Бұл қазақ арыстарының есім­де­рі­мен қатар аталатын есім емес пе?!.

Әрі-беріден соң Арқа төсінде «ЕСЕП» партиясын – Елін сүйген ер­лер партиясын құрған тұлға емес пе еді?!

Қазақ арыстары ұйыстырып, қазақ бала­сының ертеңі үшін жан алып-беріс­кен партиялар аз болмаған. Солар­дың ішінде осы «ЕСЕП» партия­­­сы ұлт мүддесін бәрінен де жо­ғары қойған партия емес пе еді?!.

Есептіктер 5 миллион қазақтың мүддесін 250 миллион советтіктердің мүддесінен жоғары қойды!

Біздің бір бақытымыз Айтбай Нәре­шевтен дәріс алдық. Айтбай аға есімі қарағандылықтар үшін аяулы есім­дердің бірі. Қазақ сөз өнерінің көм­бесі еді.

Айтекең ректор Бөкетов құр­мет­те­ген ағалардың бірі еді.

Отырып келген адам болатын. Не үшін отырып келгенін, әрине ішіміз сезеді. Сөйткен ұстазымыз Бүркіт аға Ысқақовты оқытқан екен!

Айтбай ағаның алашшыл інісі Ра­ма­зан аға да осы Қарағандыда тұрды. Ағай­ынды Әкімбек, Дәулетбек Әкім­бе­ковтер де осы тізімде тұрды. Бұлар да нұр­алықтар еді. Жаппар Өмірбек, Оңай­бек Құдышұлы ағаларымыз өз алдына жатқан бір-бір мектеп еді-ау!.. Бұл кісілер қасиетті Қарқаралы топырағынан еді.

Өзім туып-өскен Шет топы­ра­ғы­нан ешкімнің шықпағаны қал­ай деп жасып жүремін. Бір ретінде осы ойым­­ды Айтбай ағаға жеткізгем. Бәле, деген ағамыз, Жүсіп Алтайбаев, Қажы­мұ­хаммед Ахметов ағаларың бар емес пе деген, өзің араласып жүрген Зей­нолла, Кәмел, Рымқұл ағаларың бар емес пе деген, бір құдықтың суын іш­кен Мұрат, Сәбит ағаларың бар емес пе деген.

Жаным семіріп қоя берген.

Кәмел ағамызбен де топырағымыз бір. Ағамыздың есімін сонау алпысыншы жылдардың соңында естідім. Сол жылдары мектебімізге Сәбит Адаминов есімді жас мұғалім келген. Сөйлеген қара сөзінің өзі өлеңге бергісіз төгіліп тұрған іші-сырты бірдей ағаларымыздың бірі еді. Ол кісінің аузынан естігенімізді кітаптан таппаушы едік. Сәбит мұғалім есімі аталған жерде үлкендер жағы бір түрлі айтып отырған сөздерінен жаңылып қалатын. Кейін білсек оқуға тыйым салған «сәбет өкіметінің» жауы атанған Нарманбет ақынның өзінен диплом қорғаған екен.

Ол кісінің айтуында Зейнолла, Кәмел, Рымқұл ағаларымыз да ақын екен. Олар да Нарманбет ақынша өлең жазыпты. Сол өлеңдері өкіметке жақпаған...

Мені Айтбай ағаға жақындата түсе­­тін осындай есімдер, әрине. Біре­уін білсем, біреуін білмей жатам. Түп­теп сұраудың жөнін таба ал­май­мын. Өйткені ол кісі де бұл та­қырып­қа бара бермейді. Айтбай аға­мыз Махмет Темірұлын да оқытқан екен.

Айтбай ағамыз Кәрім Сауғабай ағаны да оқытқан екен.

Сол ағамыздың дәрісін тың­да­ған­ы­мызды өзімізге дәреже көреміз, бақыт санаймыз.

Айтбай аға «Үндістан ұранын» асықпай бабымен жатқа оқитын.

Ал біздер болсақ іштей ілесіп отырар едік.

Ұстазы­мыз «Үн­діс­тан...» деп аузы­н аша бер­генде, біздер «Қазақ­с­тан­­ды» қойып үлгеретінбіз-ді.

«Ағылшынның құлысың» дегенше біз «Еуропаны...» да аттап өтіп, «Русияны...» қойып үлгерер едік.

Әсіресе:

О, Үндістан, ұлысың,

Туды бүгін ұлы сын!

Оят, тұрғыз ұйқыдан,

Ұлдарыңның тірісін!.. –

деген жолдар оқылғанда ішімізге ит түсіп кеткендей қыңсылап қалар едік.

Біздер де ел тани бастаған, жер тани бастаған, көшбасшы ағаларды із­дей бастаған жиырма деген жасы­мыз­­ға жетіп қалғанбыз. Біздің жасы­мыз­да ағаларымыз орыс орманына ағаш аралауға аттаныпты. Ал біз­дер Қарағанды қаласында қазақша сөй­леуге жарамай пұшайман болып жүрдік.

Кеңестік қызыл машина Кәмел Жүніс­тегі, Зейнолла Игіліков аға­ла­рымызға келгенде басын маңдайша ұр­ғызған шалқұйрықтай қалт тоқ­та­ған жоқ па? Саяси айыптау тағып Қараған­дының азаттық бесігі екен­ді­гін мойындады.

Кәрім Сауғабай, Мақсым Омар­беков, Рымқұл Сүлейменов, Нари­ман Ысқақов (Бүркіт ағаның іні­сі), Ерғали Есімғалиев, Сәбит Адами­нов, Төлеубек Тұрысбекұлы аға­лар репрессиялық жазалауларға ұшы­рады. Осылайынша қызыл империя­ның өзі Қарағандыда азаттық мекте­бі­нің барлығын мойындады!

Қызыл сот саяси статья қоюға мәж­бүр болды!

Бұл қайдағы бір үштіктердің қау­лы­­сы, болмаса шешімі емес еді!

Бұл қаһарлы КГБ-ның үкі­мі еді.

Енді сол үкімге көз жүгіртелік.

Жүні­сов Кә­мел (Жуну­сов Ка­мель), 1939 жы­лы туған, қа­зақ. Ту­ған жері: Қара­ғанды обл., Шет ауд. Бі­лімі: орта. Тұтқындалғанға дей­інгі тұр­ған жері: Қарағанды обл., Шет ауд., Ақсу-Аюлы кенті. Шет ЛКЖО АК. Кім және қашан тұтқындады: 17.12.1962 ж., Қарағанды обл. КГББ. Кім және қашан соттады: Қарағанды облсоты, 29.03.1963 ж. Бап: 58-10 РСФСР ҚК, бас еркін 3 жыл­ға айы­рып, жазасын ЕТЛ өтеу­ге кесіл­ген. Ақталған күні және ақта­ған орган: 05.05.1993 ж., ҚазКСР Про­кур­ат­у­­расы. Істі тоқтату себе­бі:1993 жылғы 14 сәуірдегі ҚР Заңы.

Игіліков Зейнолла (Игликов Зей­нол­ла), 1937 жылы туған, қазақ. Туған жері: Қарағанды обл., Қарағанды қ. Білімі: орта. Тұтқындалғанға дейінгі тұрған жері: Қарағанды обл., Шет ауд., Ақсу-Аюлы кенті. Кім және қашан тұтқындады: 11.12.1962 ж., Қарағанды обл. КГББ. Кім және қашан соттады: Қарағанды облсоты, 29.03.1963 ж. Бап: 58-10 РСФСР ҚК, бас еркін 3 жылға айырып, жазасын ЕТЛ өтеуге кесілген. Ақталған күні және ақтаған орган: 05.05.1993 ж., ҚазКСР Прокуратурасы. Істі тоқ­тату себебі: қылмыстық құрамы бол­ма­ған­дықтан.

Бұл үкімді де қолға әзер түсір­ген­біз.

Айтары жоқ, қолымыздағы қаға­зы­­мыз өзі сөйлеп тұр еді.

Асыл ағаларым бір күнде ұс­тал­ған, бір күнде сотталған, бір күнде ақталған...

Олардың соңынан бақылау қо­й­ыл­ды, үш әріптің бақылауында болды. 

Кәмел ағамыздың есімін біл­гені­ме жарты ғасыр уақыт болса, оның ширек ғасырында аға-іні болып араластық. Ағамыз азаттық тақы­ры­бына аңдап барады. Қазір ойлап отырсам, біреуге зияным тиіп кетер ме екен деп аузын буады екен ғой. 

Бүгінде Кәмкеңмен аралас-құ­р­алас­тығымыз үзілген емес. Мен жетелеймін. Ол кісі жетекке көн­бей­ді. Үзеңгілестері қатарынан тек Зейнолла ағаның есімін атар еді. Қалғаны табу! 

Тіпті Рымқұл ағаның да есімін атай қоймайды.

Осы жайтты Рымқұл Сүлейменов ағамның өзінен сұрағам. Бұл кісіге еркіндеу келетінім аталаспыз, оның үстіне бірге қызмет істедік. Ақадыр ауданында. Ол кісі бас редактор, мен орын­басары болдым.

Бұл да бір айтылмай келген әң­гі­ме еді. Соны айтудың реті енді кел­ген сынды. Сонымен мен не сұра­дым, ағам не айтты?!

...Зейнолла ағаң бірінші болып ұсталды. Екінші болып қақпанға Кә­мел түсті. Менің де түсуім кә­дік еді. Мені құтқарып жіберген Кә­мел еді. Мен болсам Ерғалы, Тө­леу­бек­терді құлақтандырып үлгердім. Зей­нол­ла­ның да Кәмелді құтқаруына болатын еді ғой. Міне, әңгіме қайда?!

Шын мәнінде, Зейнолла да, Кәмел де өз сөздеріне берік болды. Бізді Сі­бір­дің орманынан аман алып қалды.

Бұл ағаларың орыс орманынан аман-есен оралды. Қудалау көргенімен бұйырған нанын тауып жүрді. Зейнолладан гөрі Кәмелдің соқпағы озғындау болды. Басшы қыз­меттерге ілікті. Кітаптары шығып жат­ты. Міне, осыны қайсыбір заман­дастарымыз көре алмады. Соң­да­ры­нан сөз ертті. Тіпті Кәмкең отыр­ған адамға ұқсамайды деген әңгіме де шығарды.

Кәмкеңнің кеуде қаққанын көр­ген адам бола қоймас. Әлгіндей се­бептермен өзін қоңыр ұстайды. Жо­ға­рыда айтқан кешке Махмет ағам да, Кәмкең де келмеді. Себеп біреу. Біреуге зиянымыз тиіп кетер ме екен де­ген шегіншек.

Сол қоңыр тірлігімен де Кәмкең­нің бітірген шаруасы шаш-етектен. Ондаған тарихи туындылар берді. Оның арасында Қалихан Ысқақ ағамыз жоғары бағалаған «Едіге» романының орны бір бөлек болса керек. Шортанбай жыраудың ака­де­мия­­лық жинағын түзді. Ел, жер тарихы­­нан түзген шежіре кітаптары бір төбе. Аруақты бабалардың мәң­гі­лік бесіктерін тауып, белгі қоюдағы еңбегі де айтулы дүние. Арқаның шерт­пе күй шеберлерінің галереясын жасады, ел қолындағы домбыралар үлгілерін жиы­с­тырды.

Енді...

Ағамыздың алдында үлкен шаруа тұр. Азаттық аңсар, азаттық мұрат тұлғаларының галереясы. Ол роман бола ма, ол эссе кітабы бола ма – аны­ғы іздеп жүріп оқитын туындымыз бо­лады деп ойлаймын.

Орыстың Солженицыны болғанда қазақтың Жүністегісі неге болмайды?

Ағамыз бүгінде сол Шет ауданында жүріп жатыр. Қоңыр тірлігінен ажы­рай қоятын түрі көрінбейді. Оның өзінде байынан. Қоңыр болғанда бай­қоңыры. Қанық қоңыр.

Бүркіт ағаның бауыры Нариман Ыс­қақов ағамыз да ұлтжанды тұлға еді. Сол ағамыз айтып отырушы еді:

– Бүркіт ағам арманын өзімен бірге ала кетті, – деп.

Жоқ, мен білсем ол кісінің арманы жалғасын тауып жатыр. Керекуден атойлап Нығмет Ахметов, Арман Қани, Қарағандыдан Есен Өтенов, Болат Дүйсенбаев сынды азатшыл, алашшыл бауырларымыз шықты.

Өткені­мізге құрмет жаса­сақ ұлт тұл­ға­­­ларына жас­айық. Бүр­кіт Ыс­қа­қов бастаған Махмет Темір­ұлы­­на, Жаппар Өмір­бекке, Кәрім Сау­ға­бай­ға, Рымқұл Сүлейменге, Зейнолла Игі­лі­ковке, Кәмел Жүністегіне жаса­йық.

Бізде ұлт ұраншысының атаулы күні жоқ. Алайда ол да қолда тұрған шаруа емес пе? Сол аяда Махмет аған­ың күндерін өткізейік. Зейнолла, Кә­рім ақындардың ұлт ұйыстыратын өлеңдерін оқиық. Рымқұл Сүлеймен оқуларын ұйымдастырайық!

Айта берсек әңгіме көп.

Соның ең бастысы жастар жүре­гін­де жүрген Кәмел ағамыздың еңбегін лайықты бағалап, құрмет көрсету болмақ. 

Төрехан МАЙБАС, жазушы

ҚАРАҒАНДЫ