Әлем • 29 Қаңтар, 2019

Ауаның ластануымен қалай күресеміз?

23617 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Жыл сайын Астананың аязына шыдау үшін жер үй тұрғындары от жағады. Желсіз, ауа температурасы 30 градустан төмен күндері елордада көк тұман. Қаланың «Оңтүстік-шығыс», «Көктал» сынды жер үйі көп аудандарында газ болмағандықтан, тұман осы аудандардан басталады. Энергетика министрі Қанат Бозымбаев бұл мәселе осы жылдың желтоқсанына дейін «Сарыарқа» газдандыру жобасының аясында шешімін табады деген болатын.

Ауаның ластануымен қалай күресеміз?

Ауаның ластануы дамыған мемлекеттерге де тән. Тұманды қа­лада өмір сүру қаншалықты зиян? Әлемнің ірі мегаполистері бұл ахуалмен қалай күреседі, қан­дай шаралар қолданады?

Дүниежүзілік Денсаулық сақ­тау ұйымының ақпаратына сүйен­сек, асқазан, өкпе, бауыр, ұйқы безі обырынан көз жұмушылар қатары күн санап өсіп жатыр. Мұның бір себебі – экологияның нашарлауы. Үлкен қалалардағы лас ауаның адам ағзасына зияны көп. Өйткені өкпенің оларды реттеуге күші жетпей, зиянды эле­менттер қанға араласып кетеді. ДДСҰ мәліметінше, 2016 жылы ауа сапасының нашарлауынан 4,2 млн адам қаза тапқан. Оның 3,8 мил­­лионы – тұрмыстық жағдайда бө­лі­нетін улы майлар себебінен көз жұмғандар. Ұйым сарапшыла­ры 10 адамның 9-ы ластанған ауа­да өмір сүріп жатқанын айтады. 2050 жылы лас ауа 3,6 миллион адам­­ның өліміне себеп болады екен. Со­нымен қатар ластанған ауа жа­һан­дық жылынуға да әсер етеді.

1952 жылы желтоқсанда ауа райы күрт салқындап, Лондон тұрғындары үйлерін көмірмен жылытуға көшті. Антициклон салдарынан салқын, бірақ желсіз ауа райы орнады. Нәтижесінде, сал­қын ауа жылы ауаның астында қалып, қаланы көмір тозаңы мен тұман басады. «Тұманды Аль­бион» үшін тұман үйреншікті жағ­дай болғандықтан, бұған басын­да ешкім көңіл бөлмеген. Бірақ бірнеше аптадан кейін тұрғын­дар тыныс алу жолдары ауру­лары­на шалдыға бастайды. Соның сал­дарынан 4000-нан астам адам көз жұмды. Кейін жүргізіл­ген зерттеу жұмыстары 12000 адам­ның зиянды ауадан зар­дап шек­кенін көрсетті. Бұл оқи­ға та­рихта «Ұлы тұман» деген ат­пен қалды. Бұдан кейін қа­ла әкім­шілігі шаралар қолдана бас­тады. 

Зиянды газдарды, отынның қауіпті түрін қолдануға тыйым салынды. Қала әкімшілігі халықты газ плитасын орнатуға шақырды. Осылайша газ жарнасын төмендету, халықты экологияны қорғауға шақыру арқылы ауаға зиянды газдардың бөлінуін азайтты. Содан бері Британия астанасында экологияның дамуына аса мән беріп келеді. 

2015 жылы көктемде Париж тұрғындары ауаның нашарлауына наразылық білдіре бастады. Лас ауаның қаланы басқаны сонша, тіпті Эйфель мұнарасы да көрінбей қалған. Сараптама нәтижелеріне сүйенсек, жыл сайын париждіктер мен қала қонақтарының ағзасына тыныс алу жолдары арқылы 6 млн қатты зат түсетінін көрсеткен. Бұл – бір уақытта сегіз темекі шегушінің ортасында отырумен тең. 

Осыған байланысты Париж әкімшілігі шара қабылдап қа­ла орталығы мен шеткі аудан­дарға көлікте үш адамнан көп бол­ған жағдайда ғана кіре алатын талап қояды. Жүр­гі­зу­ші­лер жыл­дамдықты 20 км/сағат­тан асыр­мауы тиіс. Ереже бұзушы­ларға сол жерде айыппұл салынған.

Жергі­л­ік­ті тұрғындар үшін қо­ғамдық кө­ліктердегі жол жүру ақы­сыз болды. Үй маңайындағы көлік тұрақтары экологияға қауіпсіз жанар­май­мен жү­ре­тін көліктерге тегін қыз­мет көрсетті. 

Сондай-ақ ережеге сай, көлік нөмірі жұп және тақ сандар болуына байланысты, олар сәйкесінше аптаның жұп және тақ күндері жүруге міндеттелді. Париж әкімі Анн Идальго 2020 жылдан бастап дизельмен жүретін көліктерге тыйым салуды жоспарлап отыр. Одан бөлек 2016 жылдан бастап үйден от жағуға рұқсат жоқ.

Дүниежүзілік банк жүргізген зерттеу нәтижесіне сүйенсек, ластанған ауа индексі бойынша Америка Құ­ра­ма Штаттары жетінші орында. Са­­­рап­шылардың бақылау нәтижесі бұл елде 2010 жылы ластанған ауа сал­­дарынан 71 мың адамның көз жұмғанын көрсетті. Яғни АҚШ-тағы жол апатынан қаза тапқандар санымен тең. 

АҚШ-та ауа, су сапасына әдейі зарар келтірген азаматтарға 25 мың АҚШ доллары көлемінде айыппұл немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы кесіледі екен. Егер бұл заңды бұзу қайталанса, бостандығынан айыру мерзімі 2 жылға ұзарады. 

АҚШ жылына 5414 миллион тонна СО2 газын ауаға бөледі екен. Жа­сыл экономика, қоршаған ортаны қорғау жобаларына қарамастан, Аме­рика ластанған ауа индексі бо­йын­ша әлі де алдыңғы қатарда тұр. Американың өкпе ауруларына қарсы қауым­дас­тығының ақпаратына сүйенсек, 2016 жылы халықтың жартысы қауіпті ортада тұрған. Басқаша айтқанда, 166 миллион америкалық күн сайын демікпеге, жүрек ауруына, обырға шалдығу қаупі жоғары ортада өмір сүрген. Бүгінде эко­логияны қалыпқа келтіру үшін көлік­тердің жанармайына қарай бөлек та­лондар алудан бастап, зауыт түтінін реттейтін шаралар жүзеге асып жатыр. 

Ластанған ауадан зардап шегуші мемлекеттер тізімін Қытай бастап тұр. Қытай астанасы – түтіннен көз ашпаған көңілсіз қалалардың бірі. Бұл мәселені шешу үшін Қытай билігі барын салуда. Ал инженерлер Бейжіңдегі биік ғимараттарға желдеткіштер орнатуды ұсынды. Бұл үздік технологиялық әдіс болмаса да, әсер ету ықтималдығы жоғары. Олар бірнеше сағатта тұманды сейілтіп, қауіпті элементтер санын тө­мендете алады екен. Суды өзен мен көл­дер­ден алып, кейін оларды қайта қол­­­дану үшін өңдеу де қарастырылған. Қыс­қаша айтқанда, жасанды жаңбыр технологиясы экологияны қорғауда тиім­ді әдіске айналады. 

Инженерлер елдегі кей аймақтарда атмосфераға сұйық азот бөлуге кеңес береді. Осылайша зиян элементтер­ қа­тып, жерге түседі. Мұның бір қиы­ны азот температурасының төмен­ді­гі қоршаған ортаға әжептәуір зиян­ келтіруі мүмкін. Дегенмен, көп­ мөл­шердегі сұйық азот жоғары тем­пе­ратура мәселесін де шешеді. Инже­нерлер Сербия өнертапқышы Никола Тесла ойлап тапқан электростатикалық өріс тұманмен күресте пайдаға жарайтынын айтады. Голландиялық сарапшы Дан Росгарде Тесла трансформаторын жер­ге көміп, соның көмегімен ауадан зиянды газды бөліп шығуды ұсынды. Бұл зертханалық жағдайда жақсы нәтиже берген. Жобаны қытайлықтар қолдап, Бейжіңдегі парктің бірінде осы тәсіл іске қосылған. Ластанған ауадан қорғану үшін қытайлықтар басқа да әдістер іздеп жатыр. Солардың бірі – үлкен биошатырлар. Биошатырлар әкім­шілік ғимараттар мен оқу орын­дарының үстіне салынбақ. Бұл тек аласа ғимараттарға ғана қарастырылған. Қорғанның әр шаршы метрі 950 АҚШ долларын қажет етеді. 

Көмірді газға айналдыру техноло­гия­сы – тұман­нан құтқаратын әдіс. Сол тәсіл арқылы көмір сияқты орга­ни­калық жанармайлардан табиғи газ жа­сауға мүмкіндік бар. Дәл осы техно­логия қытайлықтардың көңі­лінен шық­­қан. 2020 жылға дейін жалпы газ­ мөлшерінің 12,5%-ін кө­­мірден көгіл­дір отын синтезімен айналысатын зауыт­­тар жасап шығаруы тиіс. Бірақ бұл әдістің де кері әсері бар. Энергия кө­зін жасау барысында парник газдары бөлі­неді. Жалпы Қытайда 300 экоқала салы­нып жатыр. Алдағы уақытта ҚХР-дағы му­ниципалитеттердің жартысына эко дәрежесі берілмек. 

Ауаның ластануы – климаттың өзге­ріп, жаһандық жылынудың бір­ден-бір себебі. 2016 жылдың 4 қара­шасында күшіне енген «Париж келі­сімі» мәселені шешуге бағытталған жа­һандық келісім болып саналады. 118 мемлекет қолдаған келісім бойын­ша көміртегінің, парник газдардың бө­лінуі секілді ауаның ластануына әсер ететін факторларды азайтуға күш жұмылдырылып жатыр. Қоршаған орта­ға зиян келтіргендерге түрлі жаза қол­данып, айыппұл салып жатқан елдер де бар. Алайда, бұлар ауаның лас­тануын тоқтатуға жеткіліксіз. Өйткені әлемнің әр түкпіріндегі үйде жағылған пештің түтіні бұл ахуалды үдетпесе, шешер емес. Осы тұста әлемді толғатқан мәселенің шешім табуы әр азаматтың қолында екенін ұмытпаған абзал. 

Светлана ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ, 

«Егемен Қазақстан»