Парламент • 28 Қаңтар, 2019

Биыл салық төлеу жүйесінде өзгерістер болады

718 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

2019 жылдың соңына қарай салық төлеу жүйесі Бірыңғай электрондық әмиян арқылы жүргізіледі. Бұл туралы Парламент Мәжілісіндегі Үкімет сағатында Қаржы министрі Әлихан Смайылов мәлімдеді.

Биыл салық төлеу жүйесінде өзгерістер болады

«Қаржы министрлігі салықтық және кедендік әкімшілендіруді цифрландыруға бағытталған бірқатар жобаларды іске асырып жатыр. 2018 жылдың қорытындылары бойынша, мемлекеттік кірістер органдары 22 миллион қызмет көрсетті. Оның ішінде 20 миллион қызмет электронды түрде жүргізілді. Мемлекеттік қызметтерді ары қарай оңтайландыру және автоматтандыру үшін ведомствоаралық комиссия деңгейінде жол карталары бекітілді. Қызметтердің көбісін электрондық үкімет порталына шығару көзделіп отыр. Сондай-ақ  жеке сектор компанияларымен интеграция жүргізілуде. Осы жұмыстың нәтижесінде, 2025 жылға қарай Қаржы министрлігің қызметтерінің 95 пайызы электронды форматта көрсетілетін болады», - деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, жыл сайын бюджеттік сыныптама кодтарын қысқарту, салық есептілігі нысандарын оңтайландыру бойынша жұмыс жоспарлы түрде жүргізіліп келеді. 2015 жылдан бастап бюджеттік сыныптама кодтарының саны 2,5 есеге қысқарды.

«Салық декларациясының нысандары 30 пайызға оңтайландырылды. Салықтарды электронды түрде төлеу процесін жеңілдету басталды. Ол үшін салық төлеушінің Бірыңғай электрондық әмиян сервисіне көшуі көзделеді. Бұл ретте, Эстонияның тәжірибесі қызық. Онда салық төлеушілер салықты бір реквизитке төлейді. Сосын, сол сома жеке тұлғалардың барлық салықтары бойынша автоматты түрде тарайды. Осыған сәйкес, Қаржы министрлігінің ақпараттық жүйелері 2019 жылдың соңына қарай Бірыңғай электрондық әмиянға түскен салық төлемдерін өздері шоттар бойынша таратады», - деді министр.

Сондай-ақ ол салықтарды қате төлеудің болдырмау нәтижесінде төлем құжаттарының саны қысқартылатынын, анықталмаған төлемдер мен негізсіз айыппұлдар алынып тасталатыны, инкассалық өкімдер саны қысқартылатынын және салық төлеушілердің уақыты үнемделетінін атап өтті.

«Электрондық әмиян арқылы салықтарды төлеудің бірыңғай сервисіне өту үшін ақпараттық жүйені пысықтау және деректер базасын актуализациялау қажет. Бұдан басқа, бюджеттік, банктік, салық, кеден заңнамаларына өзгерістер енгізу бойынша үлкен жұмыс жүргізу қажет болады», - деді ол.