Аймақтар • 29 Қаңтар, 2019

Мақталықты биотәсілмен өңдеу қажет

523 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сексеннің сеңгіріне шыққан Елемес Сабыров Астанаға Түркістан облысы, Мақтаарал ауданынан арнайы келіпті. Бейнетінің зейнетін көретін жаста үйінде тыныш жата алмай, бас қалаға ат басын тіреген, ел газеті «Егеменнің» редакциясын іздеп келген ақсақалдың сөзіне құлақ түргенбіз. Қалың жұрттың қамын ойлаған қарияның айтары бар екен. Ақ алтынды аймақтағы мақта егуге қатысты көкейкесті мәсе­­лелер, жергілікті халықтың денсаулығына байланыс­ты проблемалардың бір парасын тарқатты.

Мақталықты биотәсілмен өңдеу қажет

– Жастайымыздан иығы­мыз­ға кетпенімізді іліп, мақта өсі­­ру­мен айналыстық. Осы ап­пақ әлемнің арасында жүріп есейдік, табысымыз да, тыныс-тіршілігіміз де мақтамен байланысты болып кет­ті, – деп сөз бастады ақсақал. 

Елемес Сабыров кезінде жо­­­­­ғары оқу орнында инженер ма­ман­дығын алып шыққаннан кейін туған жеріне оралып, өн­дірісте еңбек етіпті. Жұмыс де­се жанып түсетін жігіт мақ­та­лықтағы қол жұмысы азайып,­ ме­ханизациялау кезеңі бас­талған уақытты да көзімен кө­ріп, жұмыстың бел ортасында жүрді. Кеңес одағы тарап, елі­міз егемендік алып, нарықтық экономикаға аяқ басқан тұста Елекең де басқалар сияқты ауыл­­­­­шаруашылық жерінен, техникадан тиісті үлесін ие­ленді. Со­­­дан бері ұзақ жылдар бойы жи­­ған тәжірибесін көпшілікке үй­ретіп, өзінің шаруашылығын да ілге­­рілетіп келе жатқан жа­йы бар. 

Енді қарияның Астанаға ке­луіне не себеп болғаны туралы өз атынан баяндайық.

– Соңғы 10-15 жылдағы мақ­та зиянкестерімен химиялық тәсіл бойынша күресудің кең таралуы адам денсаулығына зияны зор. Оның орнына био­логиялық тә­сілді қолдану эко­­логиялық жа­­­ғынан таза, ар­зан, әрі тиімді еке­­нін аудан, облыс көлеміндегі ал­қалы жиындарда қанша айтсам да, оған жет­кілікті көңіл бөлін­бей отыр, – дейді ақсақал. 

Елемес Сабыров айтып өт­­кен­дей, Елбасының ха­­лық­қа Жол­дауларында да ден­саулық сақтау, қоршаған орта қауіпсіздігі, ауыл шаруа­шы­лығын қолдау мәсе­лелері үнемі айтылып келеді. Ал қо­за зиянкестерімен күресте хи­­миялық улы зат­­тар­дың ор­­нына биологиялық тәсіл­ді қол­­дануды да­мыту мақ­ташы­лардың денсау­лығын зиянды заттардан қорғауға сеп­тігін тигізетін бірден-бір жол. 

– Мақтаарал, Жетісай аудан­­дарында мақта шаруа­шы­­лығымен айналысатын мың­даған қожалық бар. Басым көп­шілігі елді мекендерге ір­гелес орналасқан. Бұл екі аудан­­­дағы халықтың орналасу ты­ғыздығы да республика бойын­ша ал­дың­ғы орындарда. Ақ алтынды аймақта 1 шақырым аумақта 165 адам өмір сүреді екен. Яғни, осынша адам улы­ хи­микатпен уланып жатыр.­ Қазір балалар мен жүкті келін­шектер арасында неше түрлі ауру түр­лері көбейіп кет­кенін де осы хи­­миялық ты­ңайт­қыш­тармен байланыстыруға бо­лады. Демек, мақта ал­­қап­та­рында химиялық препараттар мөл­шерін барынша азай­тып, биологиялық тәсілге толық өте­тін уақыт келді, – дейді Е.Сабыров. 

Осылайша, жасы сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақал хи­миялық тыңайтқыштардың Мақ­таарал мен Жетісай аудандары халқының денсаулығына зиян келтіріп жатқанын айтып дабыл қағып, тиісті ме­­кемелердің табалдырығын тоз­дыруға мәж­бүр. Сөзіне қара­ғанда, көршілес Өзбекстан елі­­­нің мақталықта улы заттар­ды қол­данудан түбегейлі бас тарт­­­қанына ондаған жыл бо­лып­ты. Ала топылы ағайын био­органикалық химия, өсім­діктерді қорғау институттары әзір­леген жаңа әдістерді қол­данады. 

Елемес қарт атқарылуға тиіс шараларды да нақтылап қо­йыпты. Біріншіден, био­агент­тер өндіру, тарату, оның өсімдік зиянкестерімен кү­рес­тегі әсе­рін бағалау керек деп санайды. Екіншіден, био­тәсілдерді қол­дануға шаруаларды ынталандыру үшін мемлекеттік қолдау тетіктерін қарастырған жөн. Кәсіби дең­гейі жоғары агроном-биологтарды, агроном-энотолог­тарды әзірлеудің де маңызы ерек­ше. Қорыта келгенде, мақсат ша­руаларды жаппай жаңа тәсілге кө­шіруді көздейді. 

Тағы бір айта кетерлігі, кәрі құр­лықтың мақта импортына­ зәру елдері химиялық жолмен өң­делген ақ алтынды алуға он­ша құлықты емес екен. Өзбек ағайын­дардың табиғи таза өнімге иек артуына мақта экспортынан та­бысқа кенелуді көз­дегендері де ықпал етсе керек. 

Елемес қажы Сабыров − Мақта­­­­арал ауданының құр­метті азаматы, еңбек ар­да­гері, ауыл шаруашылығы са­ла­сы­ның үздік маманы ре­тінде облыс көлеміне есімі бел­гі­­лі адам. Жасы келіп қал­ған қа­рияның қолын жылы су­ға са­лып, мақталығын шо­лып шығып, ауыл-аудан төңі­ре­гінен шықпай жүре бе­руі­не болар еді. Бірақ елдің денсау­лығына алаң­даған, мақ­та­лық­тағы мәселе жа­нына бат­қан ақ­сақал оны ше­шу­­дің жолын із­дегенді жөн көріпті. 

Ақсақалдың айтары көп. Мақ­­та мәселесіне келгенде са­­ғат­тап көсілуге бар. Бірақ оның бәрін ал­­­­ғаусыз ақтара бер­­­мей, ең өзек­ті дегендерімен бө­лісуді, «Еге­мен» арқылы елге һәм тиісті орган­дарға жеткізуді көз­­деп келіпті. Біз айт­қандарын ай­на-қатесіз хат­қа түсіруге ты­рыстық.

Арнұр АСҚАР,

«Egemen Qazaqstan»