Қазақстан • 29 Қаңтар, 2019

Қоғамдық қабылдау: 2176 адамның өтініші оң шешімін тапты

625 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Өткен жылы «Нұр Отан» партиясы Алматы облыстық филиалының Қоғамдық қабылдау бөліміне 5516 адам арыз-арманын айтып келген екен. Әртүрлі деңгейдегі 2176  өтініш қанағаттандырылып, оңынан шешіліпті.

Қоғамдық қабылдау: 2176 адамның өтініші оң шешімін тапты

Сараптамаға сәйкес, былтыр партияға өтінішпен келушілердің денін әлеуметтік жағынан аз қамтылған адамдар легі құрап отыр. Негізінен жұмысқа орналастыру, балаларды тегін ыстық тамақпен қамту, тұрғын үй жайы, қыстық отын мәселесі сияқты күнтәртібіндегі мәселлерді шешуге партия өкілдері қолұшын беруге тырысқан.

Мысалға, партияның облыстық филиалына қабылдауға жазылған Талдықорған қаласының тұрғыны, жалғызбасты ана Индира Тұрсынбекова тұрмысының төмендігін, қарауында мүмкіндігі шектеулі баласы бар екенін айтқан болатын. Жас ананың жағдайын тыңдаған облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары, облыстық мәслихат депутаты Ғалиасқар Сарыбаев мүгедек балаға көмек қолын созып, білім алатын мектебінің басшылығына хабарласты. Нәтижесінде баланың тегін тамақтану мәселесі шешілді. Жалғызілікті анаға тиесілі жәрдемақы алуына орай облыстық филиал басшысы қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Гүлжан Оспановаға хабарласып, мән-жайды  анықтап,  жәрдемақы алуына да жәрдемдесті.

- Алматы облыстық партия филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне келіп, мәселемді оң шештім. Партиялықтар сөзбен ғана емес, іспен де нақтылықты дәлелдеуде. Құдайға шүкір, балам мектептен тамақтанады, пәтерге кезекке құжаттарымды тапсырып, үмітім үзілуге шақ қалғанда тағдыр орайын осылай өзі келтірді, - дейді  Индира.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы