Қазақстан • 31 Қаңтар, 2019

Қазақ анимациясының үлкен олжасы

848 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Қазіргі қазақ өнеріндегі ерекше қуан­тарлық, атап өтуге тұрарлық игі жаңа­лықтардың бірі ұлттық анимациялық шығармалардың бірінен соң бірі жарыққа шығуы деуге болады.

Қазақ анимациясының үлкен олжасы

Бүгінгі қазақ ани­мациясындағы тынымсыз ізденістер мен жасалып жатқан жұмыстар ұлттық ерек­шеліктерді жаңаша көзқараста тануға, өз көзқарастары тұр­ғысынан қай­­та ұсынуға бағытталған. Осы үр­діс кәсіби маман ретінде дара қолтаң­ба­ларын қалыптастырып үлгерген шы­ғар­машыл жастардың, дарын­ды режиссер-аниматорлардың шығар­машылықтарында жанданып, жалғасын табу үстінде.  

Заманауи қазақ анимациясының ілгері дамуына үлес қосып, шығарма­шылықтарында жаңашылдыққа, ұлт­тық нақыш пен рухани терең, көркем туынды жасауды мақсат тұтқан Тұр­дыбек Майдан, Тілек Төлеуғазы, Адай Әбілда, Жәнібек Нұрбекұлы сияқты режиссер-аниматорлардың тандемінен «Мұзбалақ», «Күлтегін» ат­ты толық­ме­тражды анима­ция­лық фильм­дері өз көрерменіне жол тартқан бола­тын. 

Тұрдыбек Майдан Қытайдың Шән­дұң өлкесіндегі Хызы қаласында көр­кем­сурет колледжін тәмамдаған. Т.Жүр­генов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында режиссер-аниматор Т.Мұ­қанованың шеберханасында тәлім алды. Оның «Ақ қаз» мультфильмі «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінде «Үздік ұлттық фильм» аталымын жеңіп алды. 

Тілек Төлеуғазы Т.Жүргенов атында­ғы Қазақ ұлттық өнер ака­де­мия­­сын­да режиссер-аниматор Т.Мұқа­нованың шеберханасында­ дәріс алды. Оның «Нүктелер» фильмі V Республикалық «Дидар» кинофестивалінде «Үздік ани­мациялық еңбек» аталымы, «Шәкен жұл­дыздары» кинофестивалінде «Үздік идея» аталымы бойынша марапатталған.

Т.Майдан мен Т.Төлеуғазының «Тас­түлек» анимациялық фильмінің жалғасы әрі­ жаңартылып толықтырылған нұсқасы ретін­дегі «Мұзбалақ» туындысы адам мен бүркіттің арасындағы достықты баян­­­­дайды. Достық тақырыбынан бөлек көр­кем шығармаға сай терең мағына мен өзіндік құндылықтар жетерлік. Ма­ңыз­дылығы сол, аталмыш туынды қа­зақ хал­қының шынайы болмысын, ұлт ретін­дегі ерекшелігін кеңінен ашуға талпынады. 

«Мұзбалақ» адам мен бүркіттің дос­тығы, адамның тіршілікке, адамзатқа деген көзқарасынан бөлек қазақтың нағыз болмысын көрсетуді мақсат тұтқан. Шығарманың тақырыбы мен идеясы ұлттық құндылықтарды аттап кетпей, оқи­ғалық шиеленістермен өрбітілген. Атап айтар тағы бір ерекшелігі, Ұшқын Жамалбек пен «Хассақ» тобымен туын­дыға арналып арнайы саундтректің жазылуы. Себебі дәл осы саундтрек жазу әлем­дік озық студиялардың өнерінде кең етек алған. Екінші жағынан, аталмыш ән оқиғаны визуалды түрде қа­былдауда ішкі тебіреніс тудырып, ли­рикалық бағытын айқын етеді. Ұлттық ас­паптардың ансамблі шығармаға жаңа дем беретіндей. Бұл да бұрын-соң­ды болмаған құбылыс. Рас, соңғы он­жылдықта жарық көрген кейбір ани­мациялық шығармаларда мұндай үрдіс болған, бірақ осындай жоғары көркемдік деңгейде емес. Шығарманың толығымен өз көрерменінің жүрегіне жетуі де сценарий, режиссура, музыка, бейнелік шешім сияқты басты категориялардың жоғары деңгейде орындалуынан болатыны анық.

Сондай-ақ режиссер-аниматорлар өз сұхбат­тарында айтқандай, бұл клас­­сикалық ани­мацияның дәстүрін жал­ғастырушы шығарма десе де, заманауи үрдістегі камераның еркін қозғалысы, әнмен әрленуі, жоғары кәсібилік, ұлттық нақыш, қиял мен шын­дықтың қосын­дысы шығарманың жаңа технологиялар­ды жетік меңгеру, қолдана білу шең­беріндегі ерекшелігін көрсетеді. Қазіргі таңда «Қазақфильм» киностудиясында еңбек етіп жатқан Т.Майдан мен Т.Төлеуғазы өткен жылдың қоры­­тын­­дысы бойынша «Мұзбалақ» ани­ма­циялық фильмі үшін «Үздік режиссер-ани­матор» дипломымен марапатталды. Бұл ұлттық анимациялық фильмнің жетістігі үлкен олжасы дер едік.

Гүлзат МАМЫТОВА,

өнертанушы

АЛМАТЫ