31 Қаңтар, 2019

Диверсиялық топтардың шабуылын болдырмау үшін арнайы тактикалық жаттығулар өтті

689 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Отан қорғау барлығымыз үшін ең абзал іс. Семейде әскери нысандардың қауіпсіздік шаралары пысықталды. «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдері мен құрамалары Семей өңірлік гарнизоны басшылығының бақылауымен әскери бөлімдер мен мекемелеріне диверсиялық топтардың шабуылын болдырмау үшін арнайы тактикалық жаттығулар өткізілді.

Диверсиялық топтардың шабуылын болдырмау үшін арнайы тактикалық жаттығулар өтті

- Арнайы тактикалық жаттығулардың негізгі мақсаттары - диверсиялық топтардың шабуылдау қаупі жағдайында әскери бөлім басқармалардың тез арада қимылдауын жетілдіру болып табылды, -деді «Шығыс» әскери өңірлік қолбасшылығы баспасөз қызметінің жетекшісі, аға лейтанант Исламбек Қалдыбеков,-кезекші әскери бөлім тез арада шабуылдарға тойтарыс бере отырып, жоюға тырысулары қажет. Диверсияға қарсы қауіпсіздікті арттыру үшін ең алдымен жеке құрамның жоғарғы моральдық-психологиялық және жауынгерлік қасиеттерін дамыту аса қажеттігі назарға алынды.

Тактикалық жаттығулар барысында әскери бөлімдер диверсиялық топтардың қару-жарақтар мен оқ-дәрілерді тартып алуына жол бермеуге тырысты. Әскери қару-жарағы бар бөлімдердің аумағына енуге тырысатын шартты қарсыластың шабуылына тойтарыс берді. Ол үшін жоғарғы жауынгерлік деңгейде қимылдады.

Аға лейтанант Исламбек Қалдыбековтың айтуынша, арнайы тактикалық жаттығулардың нәтижесі бойынша, Семей өңірлік гарнизонының әскери бөлімдері диверсиялық қауіпсіздік мәселесінде «қанағаттанарлық» деген баға алды. Демек, алда үздіктер қатарына қосылу үшін жаттығуды әлі де шыңдай түсу қажет.

Раушан ҚАБЖАНҚЫЗЫ,

«Егемен ҚАЗАҚСТАН»

Семей