Хоккей • 01 Ақпан, 2019

«Барыс» СКА-ға есе жіберді

641 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) кезекті тур ойынын өз мұз айдынында өткізген «Барыс» Санкт-Петербургтің СКА клубынан 2:3 есебімен ұтылып қалды. 

«Барыс» СКА-ға есе жіберді

ҚХЛ-дың тұрақты біріншілігінде көш бастап тұрған командаға қарсы біздің хоккейшілер өте жақсы ойнады. Бәсекенің екінші минутында Андре Петерссон гол соғып, жергілікті жанкүйерлерді бір желпіндіріп қойды. Алайда бірінші кезең аяқталғанға дейін қонақтар екі шайба салып, алға шықты. Бұл голдардың авторлары – Наиль Якупов пен Павел Дацюк. Үзілістен кейін Наиль Якупов тағы бір гол соқса, 32 минутта Даррен Дицтің алыстан бағыттаған шайбасы қақпа торынан табылды. Өкінішке қарай, одан кейін есеп өзгерген жоқ. Осылайша, жерлестеріміз өз айдынында СКА-ға есе жіберді. Тағы бір айта кетерлігі, осы бәсекені тамашалау үшін «Барыс Арена» 10 420 жанкүйер жиналды.

Қазіргі кезде ҚХЛ-тың тұрақты біріншілігінде «Барыс» әлі де алтыншы орында келеді. 54 кездесуден кейін жерлестеріміз 75 ұпай жиды. Ертең астаналықтар Финляндияның «Йокеритін» қабылдайды. Одан кейін Уфаның «Салават Юлаев» (4 ақпан, қонақта), Новосібірдің "Сибирь» (12 ақпан, үйде), Қытайдың «Куньлун» (14 ақпан, үйде), Омбының «Авангард» (16 ақпан, үйде), Владивостоктың «Адмирал» (18 ақпан, қонақта), Хабаровскінің «Амур» (20 ақпан, қонақта) және Қытайдың «Куньлун» (22 ақпан, қонақта) клубтарына қарсы ойнайды.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

 «Egemen Qazaqstan»