Аймақтар • 01 Ақпан, 2019

Талдықорғанда Мұқағали Мақатаевқа арналған поэзия кеші өтті

1874 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

 Талдықорғанда Алматы облысы Тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының ұйымдастыруымен ақын Мұқағали Мақатаевтың туған күніне орай поэзия кеші өтті.

Талдықорғанда Мұқағали Мақатаевқа арналған поэзия кеші өтті

Поэзия кешінің шымылдығы ақынның өз дауысымен оқыған «Бұлқынып жатыр» өлеңімен ашылды. Әйгілі ақынды еске алуға арналған шарада І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің студенттері құрған «Мизам» әдеби клубының мүшелері көрермендерді Мұқағали жырларымен сусындатты. Ал жас әншілер ақынның сөзіне жазылған әндерді нәшіне келтіріп орындады. Сондай-ақ кеште дарынды жастардың ізбасары, 4 сыныптың оқушысы бал тілді Аиша Аманбекқызы «Үш бақытым» өлеңін мәнерлеп оқып, көпшілікті тәнті етті.

Жыр сүйер қауымға көтеріңкі көңіл күй сыйлаған жастар Алматы облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.

- Бұл шараның мақсаты – мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтіп, қоғамдық санаға орнықтыру, ақиық ақынның жалынды жырлары арқылы жастардың азаматтық және патриоттық әлеуетін дамыту, - дейді басқарманың тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Туғанай Рахымберлина.

Қалмаханбет МҰҚАМЕТҚАЛИ,

«Egemen Qazaqstan»

Алматы облысы