Қазақстан • 01 Ақпан, 2019

Халықаралық сарапшылар: инновациялар адамдарға қалай әсер ететінін ойластыру керек

484 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Алматыда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің премьер-министрлерінің қатысуымен «Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі 2.0. Еуразияның инновациялық экожүйесі» жыл сайынғы екінші форумы өтеді. Шара алдында цифрландыру саласындағы халықаралық сарапшылар Primeminister.kz-ке цифрландыруды дамытудың маңыздылығы туралы айтып, форумнан не күтетіндерімен бөлісті.

Халықаралық сарапшылар: инновациялар адамдарға қалай әсер ететінін ойластыру керек

Цифрлық экономиканы трансформациялау жөніндегі кеңесші, Малайзия цифрлық экономика корпорациясының бұрынғы бас директоры Ясмин Махмуд, өз кезегінде, инновациялық экожүйе жаһандық деңгейге жеткенін және ендігі міндет экожүйенің жұмыспен қамтылу деңгейін қалай жақсартатынын, қанша қазақстандық стартаптар өңірлік, тиісінше, жаһандық деңгейде таныла алатынын ойластыру қажет екенін айтып өтті.

Сонымен қатар, Tlabs бас директоры, Singularity University экономика және қаржы факультетінің деканы Амин Туфани жұмыспен қамту саласына цифрландырудың тигізер пайдасы туралы айтып берді. Оның айтуынша, көптеген дәстүрлі мамандықтар өзектілігін жоғалтып жатыр — адамдар қайта мамандануы керек, оның ішінде цифрландыру бағытында біліктілік алуы қажет. А. Туфани Facebook, Amazon, Alibaba секілді платформалардың қызметтері бастапқы кезде дұрыс бағаланбағанын, ал қазіргі кезде мүлдем басқа көрініске ие екенін атап өтті.

«Интернет мүмкіндіктері кітапхана ісін қалай өзгертті? Респонденттердің дайындығы бұрынғыға қарағанда әлдеқайда жоғары екенін айтамыз. Осылайша, экожүйе, ең алдымен, адамдар үшін өте маңызды, осы экожүйенің нақты бір адамға, нақты бір азаматқа қандай пайда әкелетінін ойлану керек. Инновациялар туралы ойлаған кезде, бұл инновацияның адамдарға қалай әсер ететінін ойластыру керек», — деді Амин Туфани.

Беларусь сәйкестендіру жүйелері орталығының директоры, Еуразия экономикалық комиссиясының Үйлестіру кеңесінің мүшесі Виктор Дравица егер осыған дейін өткен форум нұсқаушы сипатта болса, биылғы форум ЕАЭО елдерінің және тиісті органдарының деңгейінде расталған цифрлық бастамалардың басымдықтарын айқындайтынын атап өтті. Үкіметтер басшылары деңгейіндегі күн тәртібіндегі мәселелердің бірі — осы бастамаларды іске асыру тетіктері болады.

«Былтыр Алматыда өткен форумда елдеріміздің басшылығы мақұлдаған цифрлық күн тәртібі бойынша нақты шешімдерді қалыптастыру мәселелерін талқылаймыз. Ең алдымен іске асырылуы тиіс тәсілдер мен басымдықтар әзірленді және осылайша біз күн тәртібінде аталған басымдықтарды іске асыру тетіктерін талқылаймыз», — деп В. Дравица, жобаларды іске асыру үшін бірыңғай технологиялық платформа немесе бірыңғай экожүйе базасында елдер арасындағы консорциум құру жоспарланып отырғанын атап өтті. Олар елдердің ерекшелігін ескеретін болады.

Бұдан өзге, сарапшы тауарлардың бірыңғай нарығы жағдайында шағын және орта бизнес үшін бірыңғай платформа құру қажеттігін атап өтті. Басқаша айтқанда — шығарылатын тауарларды көрсете отырып, кәсіпорындар үшін бірыңғай каталог жасау. Деректер ішкі және сыртқы нарықтарда қолжетімді болады. Осылайша, Одақ елдерінде қандай өнімдер шығарылатыны түсінікті болады.

«Біздің экономикаларымыз – ашық, сондықтан да тауарлардың сипаттамаларын үйлестіру керек. Бұл мақсатта осы тұрғыдан өзара іс-қимылдың барлық схемаларын реттеп, қандай да бір қызметтер ұсынылатын ақпараттық ресурстарды көбейту керек», — деді В. Дравица.

Сарапшы ЕАЭО-ның бірыңғай цифрлық күн тәртібін іске асырудың болжамды нәтижелеріне тоқтала отырып, шағын және орта ұйымдар қосымша шығындарсыз, өздерінің жеке АТ-ортасын құрмай-ақ халықаралық экожүйеге қосылып, «шекарасыз бизнес» қағидаты бойынша жұмыс істей алатынын айтты.