Қазақстан • 04 Ақпан, 2019

«Ұлы дала» байқауынан үздік шыққандар

613 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бұдан да бұрын хабарлағанымыздай, Елбасының тапсырмасы бойынша «Нұр Отан» партиясының ұйытқы болуымен алғаш рет өткізілген «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауы өз мәресіне жетті. Соған орай байқау жеңімпаздары мен жүлдегерлері марапатталды. Салтанатты іс-шараға партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев және белгілі ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысты.

«Ұлы дала» байқауынан үздік шыққандар

Өткен жылдың соңында Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын жария­лап, «Рухани жаңғыру» бағ­дарламасына тың серпін бер­гені бел­гілі. Соған байланыс­ты еліміз бойынша ауқымды жұ­мыстар қолға алынып, нақ­ты жобалар жүзеге асыры­ла бастады. «Ұлы дала» шы­ғар­машылық байқауы да сондай игі істердің бірі.

Барша жеңімпаздар мен жүл­дегерлерді құттықтаған Мәу­­лен Әшімбаев алдымен Елба­­сының «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ла­масының маңызына тоқта­лып өтті.

– Елбасы «Болашаққа бағ­дар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары арқылы еліміздің идеология сала­сындағы жаңа кезеңді бас­тап берді. Өйткені бұл ма­қа­лаларда ұлттық кодты сақ­тап, тарихи санамызды қа­лып­тастыруға, сол арқылы рухани өміріміз бен ұлттық санамызды жаңғыртуға бағытталған нақты мәселелер көтерілген. Бү­гінгідей аумалы-төк­пелі заманда ұлт болып сақ­талып, тәуел­сіздігімізді мәң­гілік ету­дің қаншалықты маңызды еке­ні белгілі. Сол жолда осы ма­қа­лаларда айтылған ба­сым­дықтардың берері мол. Сон­дықтан Елбасы көтерген құн­­ды­лықтар мен идеяларды дә­ріптеу, еліміздің рухани жаң­ғы­руына үлес қосу – біздің бас­ты міндетіміз, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Партия бұл жобаны Қазақ­стан Жазушылар одағымен бір­лесіп ұйымдастырып отыр. Бұл байқау «Жастар жылы» аясында жас қаламгерлеріміздің шығармашылықпен айналысуына көрсетілген үлкен қолдау екені де сөзсіз.

Жалпы, байқауға 18 бен 40 жас аралығындағы қаламгерлер қа­тысты. Шығармаларды қа­был­­дау мерзімінің қысқа­лы­ғына қа­рамастан, 400-ден ас­там еңбек ке­ліп түскен. Нәти­жесінде, бес бір­дей аталым бойынша жеңім­паздар мен жүл­дегерлер анық­талды.

Атап айтқанда, «Проза» аталымында «Құдық басындағы екеу» шығармасымен қатысқан Мақсат Мәліков үздік деп танылды. Екінші орын «Медаль» атты туындының авторы Қа­нат Тілеуханға бұйырды. Ал үз­дік үштікті «Казахстанец» шы­ғар­­масымен Татьяна Кретова тү­йіндеді.

Сол сияқты «Поэзия» аталымында Жанат Жаңқашұлы – 1-орын, Нұргүл Маулина – 2-орын, Батырхан Сәрсенхан 3-орын алды. Үш ақын да бай­қау­ға өлеңдер топтамасын ұсын­ған.

«Драматургия, көркем фи­льм­дер мен телесериалдар сценарийі» аталымында таяу­да ғана «Qazaqstan» ұлттық те­леар­насынан көрсетіліп, көптің көзайымына айналған «Кейкі мерген» телесериалының сце­нарийін жазған Сержан Зә­керұлы топ жарды. Екінші, үшін­ші орындарды тиісінше «Ай­­сұлу» фильмінің сцена­рийі­­мен Айдос Ділдебай және «Әб­діғапар» драмалық туын­ды­сының авторы Абылай Мау­данов иемденді.

«Балаларға арналған шы­ғар­­малар» аталымында «Ұлы даланың жеті қыры» өлең­дер то­п­тамасының авторы Ба­уыр­жан Қарағызұлы бас жүл­­дені алды. «Ұлттық музейге экс­курсия» шығармасының авторы Асылан Тілеген екінші орынға табан тіресе, бай­қауға «Жылқы деген жануар» өлеңдер топтамасымен қа­тыс­қан Серікбол Хасан үшінші орыннан көрінді.

«Публицистика» аталы­мында 1-орын – Мақпал Жұ­ма­шеваға (шығармасы – «Көк бөрі тотемі»), 2-орын – Қанат Әбіл­қайырға (шығармасы – «Мұздауан Мұздыбай»), ал 3-орын Гүлбану Тебегеноваға (шығармасы – «Рухани жаңғыру – үштілділік») бұйырды.

Барлық жеңімпаздар мен жүл­дегерлерге қомақты қар­жылай сыйақылар тағай­ын­далды. Со­ған орай 1-орын иегер­леріне – 1,5 млн, 2-орын ие­герлеріне 750 мың, ал 3-орын алған қа­лам­герлерге 500 мың теңгеден берілді.

Байқаудың қазылар алқа­сының құрамында Төлен Әбдік, Алдан Смайыл, Несіпбек Айт­ұлы, Ұлықбек Есдәулет, Нұр­төре Жүсіп, Жүсіпбек Қор­ғас­бек, Көпен Әмірбек және Әлия Бө­пе­жанова сияқты белгілі қалам­герлер болды.

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ,

«Еgemen Qazaqstan»

Соңғы жаңалықтар