Аймақтар • 05 Ақпан, 2019

Петропавлда  жаңа ықшамаудан бой көтереді

614 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Нұрлы жер»  мемлекеттік бағдарламасы бойынша облыс орталығында  «Солнечный-2» деп аталатын жаңа ықшам аудан пайда болды.

Петропавлда  жаңа ықшамаудан бой көтереді

Қазір бұл аумақта 200-ден астам бір қабатты ақшаңқан үйлер қаз-қатар  тізілген. Ізгі бастама аясында жер телімдеріне кезекте тұрғандар осында қоныс тойларын атап өтпек.  Аз ғана уақыттың ішінде қала маңындағы айтақыр жерге біркелкі жоба негізінде жаңа үйлер бой көтерді.

«Мемлекеттік бағдарлама 2017 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді.  Үйлердің аумағы 70-90 шаршы метрді қамтиды.  Аулалар түгелдей абаттандырылды.  Енді инженерлік желілер тартылып,  жолдар салынады», дейді қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі Мариям Мұқашева.

Баспана тұрғызумен  екі мердігер компания айналысады. «Зерттеу СК» серкітестігі өзіне тапсырылған 72 үйдің құрылысын аяқтаса, «Құрылыс сервис СК» ЖШС 139 үйдің 11-ін салып бітірген. Қазір қарағай қырлы бөренелерден қабырға тұрғызу, шатырын жабу секілді жұмыстар қызу жүргізілуде.

Мердігерлік компанияның жобалау-техникалық бөлімінің жетекшісі Татьяна  Сибагатуллинаның сөзіне қарағанда,  үйлердің сырты сайдингпен, ал сендвич панельдер шынымақтамен қапталған.

Жаңа баспаналар қалалық әкімдікте жер телімдеріне кезекте тұрғандарға беріледі. Бір шаршы метрі 120 мың теңге тұрады.

Жер телімі кезегінде  әлі 7 мыңға жуық адам кезекте тұр. 

Өмір ЕСҚАЛИ,

«Егемен Қазақстан»

Солтүстік Қазақстан облысы

Соңғы жаңалықтар