Спорт • 06 Ақпан, 2019

 «Барыстың» үш шабуылшысы жарақаттанған

273 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Құрлықтық хоккей лигасының (ҚХЛ) биылғы маусымында Астананың «Барысы» жақсы нәтиже көрсетіп, айшықты өнерімен өз жанкүйерлерін қуантуда.

 «Барыстың» үш шабуылшысы жарақаттанған

Дәп қазіргі кезде олар Чернышев дивизионында көш бастаса, Шығыс конференциясында екінші сатыға жайғасты. Ал тұрақты біріншілікте бесінші орынға тұрақтады. Ал алда әлі алты бәсекенің барын ескерсек, жерлестеріміздің бұл көрсеткіші жақсара түсетіні сөзсіз.

Алайда Гагарин кубогы қарсаңында Кертис Волк, Брэндон Боченски және Мэттью Фрэттиннің жарақат алуы астаналық клубтың бапкерлерін қатты алаңдатып отыр. Олардың үшеуі де «Барыстың» беткеұстар ойыншылары. Мәселен, 1 ақпанда жарақаттанған Кертис Волктің еншісінде 27 ұпай (9 гол+18 пас) бар. 4 ақпанда бір-бірімен соқтығысып қалған Брэндон Боченски мен Мэттью Фрэттиннің де көрсеткіштері жоғары. Осы күнге дейін Боченски 32 ұпай (14 гол+18 пас) жиса, Фрэттин 39 ұпайды (17 гол+22 пас) еншіледі. Әрине, осындай шебер шабуылшылар шешуші матчтарда қатарға қосыла алмаса, «Барыстың» біраз әлсірейтіні анық.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

 «Egemen Qazaqstan»