Аймақтар • 07 Ақпан, 2019

Ақсай қаласында «Сичим» компаниясының жұмысшылары наразылық білдірді

698 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

7 ақпан күні таңертең Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласындағы жұмысшылар қалашығында наразылық акциясы өтті. Қарашығанақ газ өндіру және өңдеу кенішіндегі «Сичим» компаниясының 200 жұмысшысы жалақы көлемі мен жұмыс жағдайына шағым айтып, жұмысқа шығудан бас тартқан.

Ақсай қаласында «Сичим» компаниясының жұмысшылары наразылық білдірді

Оқиға болған жерге компания басшылығымен бірге Бөрлі ауданының әкімі Санжар Әлиев, аудан прокуроры, еңбек инспекторы, аудандық полиция бөлімінің басшысы барған. Жұмысшылармен кездесуге Бөрлі ауданының әкімі де аттанған.

- Бұл бір компанияның өз ішіндегі, жұмыс беруші мен жұмысшылардың өзара келіспеушілігінен болған наразылық. Екі жақ кездесіп, мәселені талқылап, ортақ пікірге келгеннен кейін жұмысшылар тарап кетті, - дейді Бөрлі ауданының әкімі Алпамыс Көшкінбаев.

Аудан прокуроры жұмысшыларға ұжымдық арыз жазып, талаптарын бекітілген заңнамаға сай білдіруді ұсынған.

«Компанияның еңбек шарты бойынша біліктіліктен өтпеген жұмысшының жалақысы – 160 мың теңге. Ал төмен және орта білікті жұмысшылар 28/14 күн вахталық әдіспен жұмыс істесе, 230-250 мың теңге жалақы алады» деп мәлімдеген «KKS-SICIM» ЖШС-ның атқарушы директоры Алтын Кулбаева.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан