Жүлделі орындар үшін таласатын балуандар бүгін толықтай анықталды. 63 кило салмақ дәрежесінде чемпиондық атақ үшін тартыс Ернұр Фидахметов пен Жолдыбай Тоқбаев арасында өтеді.
67 кило салмақта көрремендер нағыз «жаны алысып, жан беріскен» айқастың куәсі болды. Жартылай финалда әлем чемпионатының қола жүлдегері Мейіржан Шермахамбет жабық ғимараттағы Азия ойындарының жеңімпазы Данияр Қаленовты әзер ұтты. Есімі көпшілікке беймәлім Нұртай Нұрғалиевпен болған белдесуде дүниежүзілік додада үш рет жүлде алған даңқты Алмат Кебісбаевқа да жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Енді финалда Мейіржан мен Алмат күреседі.
82 кило салмақта Мақсат Ережепов пен Мирас Баршылықов айқасса, 87 кило салмақта Хусейн Муцольгов пен Азамат Құстыбаев күш сынасады. Ал аса ауыр салмақ дәрежесінің бас жүлдесін Дамир Күзембаев пен Мансұр Шадуқаев өзара сарапқа салады.
Бас жүлде үшін тартыс ертең өтеді. Одан кейін жанкүйерлер әйелдер күресі мен еркін күрес шеберлерінің өнерін тамашалайтын болады.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН,
«Егемен Қазақстан»