Қазақстан • 07 Ақпан, 2019

Қ.Тоқаев: Діни сеніміне бола балаларды білім алу мүмкіндігінен айыратын жағдайлар бар

679 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңды іске асыру және Жастар жылын өткізуге арналған дөңгелек үстелде жастар арасындағы дін мәселесіне тоқталды.

Қ.Тоқаев: Діни сеніміне бола балаларды білім алу мүмкіндігінен айыратын жағдайлар бар

«Жастардың дінге байланысты қарым-қатынасы - біздің назарымыздан тыс қалып жататын маңызды мәселелердің бірі. Қазақстан барлық дәстүрлі діндерге төзімділікпен қарайтын зайырлы мемлекет және алдағы уақытта да солай бола беретіні анық. Әр үш жыл сайын елорда төрінде өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі - барша өркениет өкілдерінің басын қосатын жаһандық деңгейдегі бірегей бастама» деді Парламент Сенатының төрағасы.

Оның айтуынша, еліміздегі әрбір жас азамат өзінің діни сенімінен тыс мемлекетке, оның заңдары мен нышандарына құрметпен қарауы тиіс.

«Мектептердегі жүріс-тұрыс әдебі және киім кию үлгісі халықаралық тәжірибені, ең бастысы, халқымыздың ұлттық дәстүрлерін негізге алуы керек. Шын мәнінде, біз шетелден келген «жалған діни стереотиптерді» емес, ұлттық дәстүрлерімізді арқау етуіміз керек. Бүгінгі таңда діни сеніміне бола балаларды білім алу мүмкіндігінен айырып, олардың білім көздерінен қол үзуіне мәжбүр болған жағдайлар орын алып отыр. Менің ойымша, бұл мәселе бойынша әлі де толыққанды шешім табылған жоқ» дей келе Қ.Тоқаев осы күрделі мәселе орынды шешім табу үшін Парламент пен Үкіметті бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.