Компьютерлік графика – бұқаралық ақпарат құралдарында дара мәнге ие болғанымен, жоғары өнер ретінде толық танылмаған құбылыс. Әмбебаптық, айқындылық, ықшамдылық осынау өзекті саланың басты ерекшелігі. Өнер иелері бейнешілдікке мәтіндер арқылы бойлаған, сондықтан әдебилік – олардың графикасының ортақ ерекшелігі. Екеуі де бір техникада жұмыс істей отырып, түбегейлі қарама-қайшы бейнелер жасайды.
Қос автордың туындыларын бір арнада тоғыстырған көрме екі бөлімнен тұрады. Алена Веселованың шығармашылық жұмыстары «Векторлар», ал Надежда Бесединаның көрмесі «Дара есім» деп аталыпты.
Надежда Бесединаның негізгі мамандығы - сәулетші. 90-жылдардың соңында ол өзін суретші-аниматор ретінде сынап көреді. Аниматорлар тобының құрамында «Алдар-Көсе», «Здравствуй, детка!», «Легенды степей» сынды мультхикаялардың жасалуына, отандық телеарналардағы түрлі бағдарламалардың анимациялық безендіру жұмыстарына қатысады. Әсіресе, «Газета KZ», «Точка KZ», «АЛАУ Казахстан», Forbes Kazakhstan сияқты басылымдарда суретші болып қызмет атқарған жылдары өнер иесін шығармашылық еркіндікке жетелепті.
Алена Веселова болса, бұл іспен жиырма жылдан астам уақыттан бері әуестеніп келеді. Алайда, тылсым өнерге деген қызығушылығы бала жастан оянған. Ол жастайынан жанына жақын болған дизайн мен өнер әлеміне жан дүниесімен еніп кеткенін айтады. Табиғатынан сезімтал Алена өз графикалық парақтарын өмірге, әлемге, адамдарға деген ыстық ықыласпен, махаббатпен толтырады. Оның композицияларында сүйікті қаласы Алматының әсем көріністері, таныс көшелері көрерменге қалыпты күйінде емес, арман секілді, әдеби метафора, жұмбақ графикалық белгі, шифрланған нышан сияқты елес береді.
Көрме «біздің заманауи әлем қандай» деп толғанған талғампаз көрерменді мінез-құлқы, темпераменті мен көзқарасына қарамастан ой тереңіне тартады.
Арман ОКТЯБРЬ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ