Қазақстан • 07 Ақпан, 2019

Жастар отаншылдық рухта тәрбиеленуі керек

248 реткөрсетілді

Сенатта палата Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» заңды іске асыру және Жастар жылын өткізу аясында мемлекеттік органдардың, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың алдында тұрған міндеттерге арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиынға мемлекеттік органдардың басшылары мен жастар ұйымдарының жетекшілері, қоғам өкілдері қатысып, ойларын ортаға салды.  

Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің сөзінде Елбасымыз жария еткен Жастар жылының ең басты мақсаты – өскелең ұрпақтың барынша сапалы өмір сүруіне қажетті жағдай жасау, жастар – бұл мемлекетіміздің күш-қуатын еселейтін ең негізгі, мықты буын екенін атап өтті.

Сенат Төрағасы осыған орай жастарды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу аса маңызды міндет екенін атап өтті. Оған қоса, жастардың отаншылдық рухы жалаң ұраншылдық пен жоғары мансапқа емес, ең алдымен, терең білімге негізделуі тиіс екенін айта келе, Жастар жылына бұдан бұрынғы бірқатар бағдарламалар тәрізді науқаншылдыққа айналмауы тиіс екендігін жеткізді.

– Кезінде Президент Жалпыға ортақ Еңбек қоғамын құру жөнінде тапсырма берген болатын. Мазмұны өте салмақты маңызды бастаманы тиісті мемлекеттік құрылымдар ұраншылдыққа салып, қысқа мерзімді науқанға айналдырып жібергенін мойындау қажет. Шын мәнінде, біз жалпыға ортақ еңбек қоғамы идеясын алға тарта отырып, барша халықтың, соның ішінде жастардың ұлттық ой-санасы мен мінез-құлқын түбегейлі қайта қарау мәселесіне назар аударуымыз қажет, – деді Қ.Тоқаев.

Қ. Тоқаевтың айтуынша, елімізде жалпыұлттық және жаһандық міндеттерді жүзеге асыруға қабілетті, шығармашылық ойлау әлеуеті жоғары, алдына биік мақсаттар қоя білетін жастар аз емес. Спикер сонымен қатар жастардың жұмыссыздығын жоюдың басты мүмкіндіктері шағын және орта бизнес саласында екеніне назар аударды.

– Өкінішке қарай, кәсіпкерлік саласы еліміздің жастарын әлі де қызықтырмай отыр. Әлеуметтік сауалдардың деректері бойынша сұралған жастардың 51 пайызының бизнеспен айналысу туралы ой жоспарында жоқ екен. Бұл проблемаға басқа жағынан қараған дұрыс. Мүмкін, біз бизнеспен айналысу үшін өзіміз тиісті жағдай жасамай отырған шығармыз?, – деп сауал тастаған палата Төрағасы әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша еліміздегі жастардың 40 пайызға жуығы тұрақты түрде жұмысқа орналасу проблемаларын бастарынан өткізетіндігін айтты.

Қ.Тоқаевтың пікірінше, жастар арасындағы кәсіпкерлікті дамыту бағытында туризм келешегі зор сала болуы тиіс. Ол осыған орай туризм саласы бойынша білікті мамандардың аздығын ескере отырып, еліміздің жоғары оқу орындарында туризм және қонақүй бизнесі факультеттерін кеңінен ашуды ұсынды. Сондай-ақ мектептерде орын алған, қоғамның наразылығын тудырып отырған күш көрсету, қорқыту мен қорлық көрсету әрекеттеріне орай жастардың құқықтық және адамгершілік тәрбиесіне де тоқталды.

– Мектептерде орын алып отырған зорлық-зомбылық жағдайлары – бұл барлық мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшілік екенін мойындау қажет, – деді Қ.Тоқаев. – Бұл мәселеге көз жұмып қарауға болмайды. Осы түйткілдің шығу себептерін анықтап, мектептерді жайлаған қорқыныш пен үрейден түбегейлі құтылу үшін нақты шаралар қолдану қажет. Бұл мұғалімдердің, ата-аналар мен жастар ұйымдарының, барлық деңгейдегі әкімдердің және тұтас қоғамның алдындағы маңызды міндетке айналуы тиіс.

Сонымен қатар аса маңызды мәселе – жастардың дінге деген көзқарасы туралы да айтылды.

– Еліміздегі әрбір жас азамат, өзінің діни сенімінен тыс мемлекетке, оның заңдары мен нышандарына құрметпен қарауы тиіс. Мектептердегі жүріс-тұрыс әдебі және киім кию үлгісі халықаралық тәжірибені, ең бастысы, халқымыздың ұлттық дәстүрлерін негізге алуы керек. Бүгінгі таңда діни сеніміне бола балаларды білім алу мүмкіндігінен айырып, олардың білім көздерінен қол үзуіне мәжбүр болған жағдайлар орын алып отыр, – деді Сенат Төрағасы.

Ол осы күрделі мәселе жөнінде келісілген және орынды шешім табу үшін Парламент пен Үкіметті бірлесіп жұмыс істеуге шақырды.

Мәселені талқылауға қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Нұржан Әлтаев, бірқатар аймақтар әкімдіктерінің өкілдері, жастар ұйымдарының көшбасшылары қатысты.

Ең бастысы, дөңгелек үстел отырысында сөз алған азаматтар жастардың алдындағы ең күрделі мәселелерді ашық айтты. Оның ішінде жастарға жеңілдікпен баспана мен несие беру, жұмысқа орналасардағы кедергілерді жою, жастар ұйымдарын қаржыландыруға байланысты өзегі шыққан қиындықтар кеңінен қаузалып, оларға байланысты мемлекеттік органдардың басшылары түсінік берді.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша мемлекеттік жастар саясатын жетілдіруге бағытталған ұсыныстар қабылданды.

Шараға қатысушыларға жастар саясаты саласында жүзеге асқан бірқатар жобалардың нәтижелеріне арналған көрме ұйымдастырылып, сенаторлар отандық бренд өнімдері мен жас суретшілердің шығармаларымен танысты.

Серік ӘБДІБЕК,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Көш басында - Канело

Спорт • 15 Маусым, 2019

Ауылда да субұрқақ бар

Аймақтар • 15 Маусым, 2019

Үздік дәрігерлер баспаналы болады

Аймақтар • 15 Маусым, 2019

Шыңға біткен шынардай Шыңғыс еді!..

Руханият • 14 Маусым, 2019

Мерейі тасыған отбасы

Руханият • 14 Маусым, 2019

Бірлесіп күресуге шақырды

Саясат • 14 Маусым, 2019

«Реал» 303 миллион еуро жұмсады

Футбол • 14 Маусым, 2019

Олимпиада жолдамасын иеленді

Спорт • 14 Маусым, 2019

Еуропа ойындары басталады

Спорт • 14 Маусым, 2019

Демалыс аймағы ашылды

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Мұражайлар фестивалі

Аймақтар • 14 Маусым, 2019

Ұқсас жаңалықтар