Әдебиет • 08 Ақпан, 2019

Өмір еді өлеңінің ұраны

880 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Өткен ғасырдың жетпісінші жыл­дарының басында Күләш екеуміз отбасын құрып, қысқы каникул кезінде ауылға барып, той жасағанбыз. Келіннің бетін ашып, ағайын-туысты екі-үш апта алдарқатқаннан кейін Алматыға қайтуға бел будық. Сөйтіп азына­ған ақпан айының орта тұсында Қызылорда әуежайына келдік. Ол кезде әуежай қала іргесінде бо­латын.

Өмір еді өлеңінің ұраны

Өз басым жол жүретін болсам ертерек қамданғанды жөн көрем. Бұл жолы да сөйттік. Әуе­жайға ерте келіп, билетімізді тір­кеуге барсақ әлі бір сағаттай уақыт бар екен. Сыртқа шығып жан-жағыма қарасам анадай жерден таныс бейне көз алдыма көріне кет­ті. Батысқа қарап өлең оқып тұрған сияқты. Анықтап қарасам Мұқағали аға екен. Жанына жа­қындап келіп:

– Ассалаумағалейкүм, аға! – деп, қос қолымды ұсындым.

– Уағалейкүмассалам!

– Біз студент едік. Сізді сырттай жақсы танитын болғасын сәлемдесіп жатқанымыз ғой.

– Бәрекелді, балалар, қайда оқи­сың­дар?

– КазГУ-дің журналистикасында.

– Онда өзіміз екенсіңдер ғой.

– Мына Күләш қарындасыңыз, – деп таныстыра беріп едім.

– Ақын Күләш па, қарындасым­ды білемін ғой? – деп Мұқағали таңғалыс білдірді.

– Иә, – дедім мен.

– Бақытты болыңдар! Ақынды аялай біл!

Алматы мен Қызылорда арасына шағын ғана «ЯК-40» самолеті ұшатын. Мұқағали ағам самолетке мінген бойда Күләшқа қарата: – Қайырбек екеуміз бірге отырамыз, – деді. Күләш қарсы бол­сын ба, бірден көне қалды. Сөйтіп Мұ­қаң екеуміз ұшақтың орта тұсына келіп жайғастық. 

Әшік-күшік дегенше Алматыға да келіп қондық. Кеткенімізге екі-үш ап­та болған еді, Алматы­ны сағынып қалыппыз. Жатақ­ха­наға жеткенше жан-жағы­мыз­ға қарап, талай көріп жүрген жерлері­міздің өзіне аса мейіріммен көз ті­геміз. Әсіресе Мұқаң шал­қып-тасып келеді. «Алатау, ассалау­ма­ғалейкүм!» деген өлеңін оқи жөнелді. Біз үнсіз тың­дап келеміз. 

Ол кезде бүгінгідей көшелер машина­ға лық толы емес. Лезде-ақ такси ұстап діттеген жатақ­ха­намызға келіп жеттік.

Машинадан түскен бойда Мұ­қа­ғали ағам:

– Күләш, Қайырбек бүгін менімен бірге болады – деді.

– Сізге қалайша жоқ деп айтам, аға, – деді Күләш биязы ғана үнмен.

Ол кезде Мұқағали ағамыз Ин­терна­цио­нальная көшесінде тұ­рады екен. Әуежайдан мінген так­сиіміз сол үйге әке­ліп тастады. Лашын жеңгем есікті ашып, үйге кіргізді.

– Лашын, қонақ келді, қарсы ал!

Мен жеңгеммен амандасып, қонақ бөлмеге қарай беттедім. Үйде Лашын жеңгемнің інісі (әс­кери формада) бар екен. Мұқаң ол кісімен де таныстырды. Қазір есімі есімде қалмапты. Біраздан соң Ла­шын жеңгем асханаға шайға шақырды.

Шай ішіп болған соң Мұқағали ағам­ның қайнысы жұмысына кет­ті. Екеумізге еркіндік тиіп, ұзақ әң­гімелестік. Мұқаң жан адамды жа­тырқамайтын, өте ақ­көңіл адам еді. Әйтпесем, сол күні ғана та­ныс­қан мені сыралғы сырласындай етіп, көрген бойда үйіне алып келе ме? Баяғы бала кезінен бастап, осы уақыт­қа дейінгі өмірі туралы қысқаша баян­дап берді десе де болады. Мен жас­пын, Мұ­қаңның айтқанының бәріне бас шұлғи беремін. Сезімтал кісі осы шын тыңдап отыр ма дегендей анда-сан­да маған да қарап қояды. Өстіп түн­нің біраз уағына дейін отырыппыз. Қайтайын деп рұқсат сұрасам, жібермей қойды. Амал жоқ, қонуға тура келді, Лашын жеңгем Мұқағали екеумізге бір бөлмеге жерге төсек салып берді.

Ертеңіне ерте тұрып, тәтті ұйқыда жатқан Мұқағали ағамды оятпай, үй­ден тым-тырыс шығып кеттім. Өйт­кені оларға кеткенімді сездірсем, әң­гі­ме­міздің тағы да ұзаққа созылаты­нын білдім. Кеше кешкілік әңгіме-дү­кен құрып отырғанымызда Мұқағали ағаммен бұдан былай қай жерде қалай кездесетінімізді келісіп қойғанбыз.

Басқаны қайдам, біз оқуға түскен жыл­дардағы студенттер шетінен сабақ оқығыш болатын. Ол кезде Орталық кітап­ханаға таңертеңгі сағат 8.00-де барып кезек алмасаң, онда отырып сабаққа да­йын­далу мүмкін емес. Студент болсақ та кішкентайымыз бар. Сондықтан кі­тапханаға ұйқыны қан­дырып, шай-суымызды ішіп, асықпай баратынбыз. Мен кө­біне Гоголь мен Коммунистік проспектісі (қазіргі Абылайхан) қиы­лыс­қан жерде орналасқан А.П.Чехов кітап­ханасына баратынмын. Терезелері үлкен, көше беттен дайындық үстінде отырған студенттер түгел көрінеді. Мен Мұқағали ағаға іздесеңіз осы жерден табасыз дегенмін. 

Бірде түске таяу терезе жаққа қара­сам таныс жүзді шырамыттым. Анықтап қарасам, Мұқағали ағам екен. Дереу кітап, дәптерлерімді жиыстырып, ор­ным­ның бос емес екенін сездіріп, сыртқа шық­тым.

– Батыр, саған келдік, – деді ағам.

– Мынау Тоқаш Бердияров деген ақын ағаң.

Мен қуана амандасып, ағала­рым­ды жақын маңда орналасқан сырахана бар еді, соған бастадым. Мұқағали мен Тоқаш екеуі қатар жүрсе қызық кө­рі­не­ді екен, бірі ұзын, бірі қысқа. Бі­рақ То­қаш­тың мінезі шатақ. Екі жұды­­рығын түйіп, аузын бұртитып тістене қа­рағанда бойыңды ерік­сіз қорқыныш билейді. Мұқа­ға­ли қайтыс болғаннан кейін де Тоқаңмен анда-санда кездесіп тұрдық. Бірақ маған ешқашан оғаш қы­лығын көрсеткен емес. Талай мәрте үйіне апарып,­ әң­гі­мелесетінбіз. Ұлы Отан соғысына қатысқан кісі. Енді бай­қадым Тоқаң сол кездегі оппозиция екен ғой. Өйткені бастықтарды ұнат­паушы еді. Кейбір басшылар өктем сөй­лесе тісін сықырлатып, жұдырығын бір-біріне ұрып, өзін өзі ұстай алмай­тын. Кейде қызып алған кездері хатшылардың (Қа­зақ­стан Жазушылар одағында) есі­гін ашып: – Отырсың ба, отыра бер, омпиып! – деп есігін қайта жауып кете­тін. Өзім осындай қы­лықтарына куә бол­ғаным бар. Өте талантты, оқырманы көп ақын болатын.

Сөйтіп студенттік өмір өтіп жат­­ты. Мұ­қа­­ғали ағамен де сәті түс­­кен кездері кез­десіп, әңгі­ме тие­гін ағытамыз. Ол кез­де жа­ла­­­­­қыны да, қаламақыны да екі бөліп беретін. Сонда бір айдың ішін­де төрт рет ақша алатын едік-ау. Бұл біз сияқты жас ша­ңырақ үшін де өте тиімді болды. Көп тарықпайтын бол­дық. Бү­кіл газет-журналдар редакция­сы орталықтандырылған «Дәуір» бас­пасына қарайтын. Бір күні кезекті жал­ақым­ды алуға үшінші қа­батқа көте­рілсем, Мұқағали ағам қарсы алдымнан жо­лығып қалды. Қолында Дантенің кітабы. Мені көріп қуанып: «Көрімдік», деді де қолыма кітапты ұстата салды. Дан­тенің «Құдіретті комедиясы» екен. Мұ­қаңның аудармасымен шы­ғыпты. «Сигнальный» экземпляр дейді. Өте сүйкімді кітапты Мұқаң екеумізден басқа әлі ешкім көре қоймапты.

– Аға, мен қуанышымды біл­ді­рейін, – дедім. Бірден түсіне қойған ақын аға ке­лісе кетті. Сөй­тіп баспахананың ал­­дын­дағы ескі көк базарға барып, оңа­­шалау жерге жай­ғасып, кітаптың тұ­сауын кестік.

Өткен-кеткендер біз екеумізге аңта­рылып қарап қалады. Шамасы Мұқағали ағамды жақсы танитын болулары керек. Шілде айының іші болатын. Күн шыжып тұр. 

Қашан келсең де Алматының көк базары ығы-жығы сапырылыс­қан халық қой. Жаңбыр-жаңбыр­дың арасымен дегендей, сол нөпір адам­дардың ішінен иық тіресіп, аға­мыз екеуміз жол бойына зорға шық­тық. Такси ұстап, ағамды үйіне апарып салдым.

Өстіп жүріп студенттік күндер де өте шықты. Университеттің соң­ғы кур­сын­да оқып жүріп «Ле­ниншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне жұмысқа орналасқанмын. Бұл оқиға мен үшін өмірімдегі ең бір белесті кезең болды. Өйткені ол кезде оған жұмысқа ор­на­­ласпақ түгіл, кіші­гірім мақалаңды шы­ғару қиын болатын. Га­зеттің беделі оқыр­мандар арасында өте жоғары еді. Әр нөмірі 300 000 тиражбен шыға­тын газетті кішкентай баладан еңкейген қарт­қа дейін оқитын. Алғашқы екі-үш ай тәжірибе жинақтауым үшін қиындау соқ­ты. Дегенмен жас кезіңде шындап кіріссең, алынбайтын асу жоқ қой. Мен де өзіме бекітілген бөлім жұмысын тез арада меңгеріп алдым. 

«Лениншіл жас» газетінің қа­быр­ғасында жүріп, көптеген ақын-жа­­зу­шы­лар­мен, өнер, мәдениет қайраткерлері­мен таныстым.

Ал жастар газеті Мұқағали ағам­­ның да сүйікті басылымы екен. Жаңа­дан жазған туындыларының көбісі осы газеттің бетінде жария­ланып, оқыр­мандар бағасын ала­­тын көрінеді. Мұ­қа­ғали аға екеу­міздің ағалы-інілідей бол­ған сый­ластығымыз жастар газетінде де жалғасын тапты. Студенттік өмір­ден кейінгі алғашқы жұмысым болған соң ба, бұл жер маған өте қызық көрінді. Айналам өңкей жас­тар және есімдерін тек газеттен көріп жүрген қыз-жігіттер. Осын­дай ортаға түскеніме өзімді іштей бақытты сезіндім.

Сейдахмет Бердіқұлов – газет редакторы, белгілі жазушы және спорт журналисі. Сол кездегі ұлт­жанды аза­мат­тардың бірі. Жұ­мысқа жаңадан қа­былданған кез келген адам тәжірибе жи­нақтау үшін ең алдымен секретариат бө­лімінен өтеді. Оны газет тілі­мен айт­қанда «штаб» дейді. Бөлімнің негізгі міндеті: редакциядағы бір­неш­е бөлімдерден дайындалып түскен мате­риалдардың басын бірік­тіріп, көркемдік сапасын жо­ғары етіп газет бетіне орналастыру.

Сөйтіп алғашқы күннен жақсы ең­бек етіп көзге түссең, бұл бө­лімде көп отырмай басқа бөлімге ауыстыруы мүмкін. Әрине ол бастыққа байланысты.

Бір күні коридорға шығып шылым шегіп тұрсам, редактордың кабинетінен Мұқағали ағам шығып келе жатыр. Мен қарсы жүріп, ағаммен амандасып едім: – Ой, сен қайдан жүрсің? – деп таңғалып қалды. Мен осында жұмысқа орналасқанымды айтып едім, кә­дімгідей қуанып арқамнан қақты.

– Құтты болсын, бұл жерге екінің бірінің қолы жетпейді, дұрыстап істе! – деп жанашырлық та­нытты. Сөйтті де жылдам басып төмен түсіп кетті. Шамасы, төмен­де біреулер күтіп тұрды-ау деймін.

Араға екі-үш күн өткеннен кейін сек­­­­­­ретариат бөліміне Сей­дахмет аға­­­ның өзі келіп, біраз әң­гімелесіп кет­ті. Мұ­­қа­ғали туралы да қызықты оқиға­ларын айтты. Кетерінде: «Мынау Мұқа­ғали аға­ларыңның ең «свежий» поэмасы, жақсылап берерсіңдер!» деп тапсыр­ды жігіттерге. Сөйтсек, Мұ­қағали аға­мыз­дың «Аққулар ұйық­тағанда» ат­ты поэмасы екен. Кезектесіп өзіміз оқып шықтық. Оқып тамсанғанымыз әлі күнге дейін есімізде. Кешіктірмей поэ­маны жақсылап тұрып көркемдік дәрежесіне көңіл аударып, бір бетке бердік. Ертеңіне редакторымыз да, оқырмандарымыз да дән риза болғандай. Бір аптадан соң редакция қоржынына поэ­ма туралы оқырмандар хаттары келе бастады. Бұл поэма көпке дейін әдебиетшілер арасында қуатты екпінмен жазылғандығы туралы айтылып жүрді.

Келесі бір кездескенімде Мұқағали ағаның қолын қысып, тамаша жазылған поэмасымен құт­тықтадым. Бұл шығар­мадан ұжым­ның ұл-қыздары жақсы әсер ал­ғандығын, кезекті лездемеде биік дең­гейде мақталғанын айтып едім, ағам қатты риза болып, қуанып қалды.

Баспалар үйінің жоғарғы жа­ғында 28 панфиловшылар пар­кі бар. Ағам сол жаққа қарай бара­йық деген соң соңына ілестім. Оңа­шалау орындыққа отырып әде­биет туралы әңгімелестік. Өте сауат­ты айтқан әңгімелерінің бәрі­ көкейге қо­нымды екенін аң­ғар­дым. Арасында өзі туралы­ да айтып, айналасындағы әріп­­тес қаламдастарының кейбіреулері мұның поэзиясын көре алмайтын­дығын, қол­дарынан келсе аяқтан шалғысы ке­ле­тіндіктерін айтып, біраз мұңайып та алғандай болды. Шынында да сол тұс­та Мұқағали поэзиясының шарықтап тұр­ған кезі болатын. Бірақ халық жоғары ба­ғалағанмен билік басындағылар тарапынан бағалау кемшін соғып жатты. Уақтылы кітабы шықпады, қыз­­метте де бірде болып, бірде бол­май, тұрмысы жүдеулеу күй кешті. Рухы асқақ ақын аға­мыз бұ­лардың бірде-біреуіне мойы­май, боркемік болып жасымай, күн­делікті тіршілігін кешіп жатты. Әрине бұл жағдайлардың бар­лығы әлемдік масштабта ойлай­тын күрделі болмыс үшін оңай тиген жоқ.

Мұқағали аға өмірінің соңғы жылдары жиі-жиі сырқаттанып жүрді. Кез­дескен кезде бұрын­ғы­дай көңіл күйі жоқ. Көз жанарында айық­пас мұң бар сияқ­ты. Соны мен де сезіп іштей ағама де­ген аяу­шылық білдіретінмін. Әң­­гіме-дүкен құрған кезімізде  сал­мақты сөз­дер айтып, туған жері Қа­расазды, Шал­көде жайлауын жиі-жиі есіне алып оты­рушы еді. Қазақ әдебиетімен қоса әлем­дік әдебиетке де өте жүйрік болатын. Мұқағали ағамен қаншама рет кез­дескенім есімде жоқ, бірақ әрбір кез­десуім мен үшін тағылымы мол мектеп еді.

Бірде Мұқағали ағаммен көңіл­ді кезін­де кездесіп қалдым. Аман­дасып, жөн сұ­рас­қаннан кейін: 

– Бүгін үлкен бір шаруаның нүктесін қойдым. Сен білесің бе? Біздің Жетісу өңі­рінде, оның ішінде Нарынқол ауданын­да, яғни өз сөзімен айт­қан­да: «Елі – Албан, Жері – Қарқара, Жайлауы – Асы, Ме­кені – Алматының басы» болған сұлу жерлерді мекен еткен Райымбек бабам туралы поэ­ма жазып бітірдім. Меніңше, жа­ман шықпаған тәрізді, – деді шабыттана сөй­леп. Сол сәтте ақын ағаммен бірге мен де қат­ты қуандым. 

Кейінірек білгенімде Мұқағали ағам Жоңғар шапқыншылығында қайта­ланбас ерлік жасаған батыр бабасы­ Райым­­бек туралы тарихи поэма жазған. Бұл поэ­маның атын «Райымбек! Райым­бек» деп қойыпты. 

Бір өкініштісі, ақын бұл поэма­сының­ көзі тірісінде жарыққа шық­қа­нын кө­­ре алмады. Қайтыс бол­ғаннан кейін­ ғана «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарық көрді. Ба­сы­лым­ның сол кездегі редакторы, ұлт­жанды азамат, көрнекті жазушы Сей­дахмет Бер­діқұловтың табанының бү­рі бар­лығының арқасында ғана жүз­мыңдаған оқырмандарына жария­ болды. Өйткені, Кеңес дәуірі кезін­де ата-­баба рухын ұлықтауға, жеке батыр тұл­ға­ларға шығарма арнауға тыйым салынған еді. Соған қа­рамастан бұл поэманы жариялау Сейдахмет ағаның үлкен ерлігі болатын.

Мұқағали Мақатаевтың бұл поэ­ма­сы қазақ әдебиетіне қосыл­ған үлкен ол­жа еді. Ақиық ақын өзінің қысқа ға­на ғұмыры ішінде жеті жүзден астам өлең, әртүрлі тақырыптарға он алты поэ­ма жаз­ған екен. Ал оннан астам шетел классик ақындарының өлеңдерін тәр­­жімалап қазақ оқырмандарына жет­кізгенін ескерсек, әдебиеттегі еңбегі еселене түспек. Әрине бұл қырық бес жыл ғана өмір сүрген ақын үшін аз ең­бек емес.

1976 жылдың наурыз айының соңғы күндері қазақ халқы үшін қаралы күн болды. Сол күні Қазақстан Жазушылар одағының төменгі қабатының фойесінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты Ал­маты халқы ақтық сапарға шығарып салды. Ақынын жер қойнына қимай егіліп жылаған халықта есеп жоқ. Қай­тыс болған күннен бастап Кеңсайға жер­леу рәсіміне дейін басы-қасында жүр­ген Мұқағали ағаның әдебиеттегі әкесі саналған Әбділдә Тәжібаев барлық шаруаны өз қолына алған еді. Сөйтіп сол күннен бастап Мұқағали ақынның екінші өмірі басталды.

Мұқағали аға өмірден өткелі оның – елу жылдық, алпыс жыл­дық, жетпіс жылдық, сексен жыл­дық мерейтойларын бүкіл Қа­зақ елі болып атап өтті. Мен де осы тойларға түгел қатысып, бү­кіл іс-ша­раларына куә болдым.­ Ал одан басқа күнделікті өмірімізде өтіп жатқан кездесулер мен кештеріміз қаншама? Қазақ халқы жер бетін­де өмір сүріп жатса, Мұқағали ақын­ның рухы асқақтай беретіні сөзсіз.

13.04.1976 жыл

Қайырбек Асанов,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері