Өз басым жол жүретін болсам ертерек қамданғанды жөн көрем. Бұл жолы да сөйттік. Әуежайға ерте келіп, билетімізді тіркеуге барсақ әлі бір сағаттай уақыт бар екен. Сыртқа шығып жан-жағыма қарасам анадай жерден таныс бейне көз алдыма көріне кетті. Батысқа қарап өлең оқып тұрған сияқты. Анықтап қарасам Мұқағали аға екен. Жанына жақындап келіп:
– Ассалаумағалейкүм, аға! – деп, қос қолымды ұсындым.
– Уағалейкүмассалам!
– Біз студент едік. Сізді сырттай жақсы танитын болғасын сәлемдесіп жатқанымыз ғой.
– Бәрекелді, балалар, қайда оқисыңдар?
– КазГУ-дің журналистикасында.
– Онда өзіміз екенсіңдер ғой.
– Мына Күләш қарындасыңыз, – деп таныстыра беріп едім.
– Ақын Күләш па, қарындасымды білемін ғой? – деп Мұқағали таңғалыс білдірді.
– Иә, – дедім мен.
– Бақытты болыңдар! Ақынды аялай біл!
Алматы мен Қызылорда арасына шағын ғана «ЯК-40» самолеті ұшатын. Мұқағали ағам самолетке мінген бойда Күләшқа қарата: – Қайырбек екеуміз бірге отырамыз, – деді. Күләш қарсы болсын ба, бірден көне қалды. Сөйтіп Мұқаң екеуміз ұшақтың орта тұсына келіп жайғастық.
Әшік-күшік дегенше Алматыға да келіп қондық. Кеткенімізге екі-үш апта болған еді, Алматыны сағынып қалыппыз. Жатақханаға жеткенше жан-жағымызға қарап, талай көріп жүрген жерлеріміздің өзіне аса мейіріммен көз тігеміз. Әсіресе Мұқаң шалқып-тасып келеді. «Алатау, ассалаумағалейкүм!» деген өлеңін оқи жөнелді. Біз үнсіз тыңдап келеміз.
Ол кезде бүгінгідей көшелер машинаға лық толы емес. Лезде-ақ такси ұстап діттеген жатақханамызға келіп жеттік.
Машинадан түскен бойда Мұқағали ағам:
– Күләш, Қайырбек бүгін менімен бірге болады – деді.
– Сізге қалайша жоқ деп айтам, аға, – деді Күләш биязы ғана үнмен.
Ол кезде Мұқағали ағамыз Интернациональная көшесінде тұрады екен. Әуежайдан мінген таксиіміз сол үйге әкеліп тастады. Лашын жеңгем есікті ашып, үйге кіргізді.
– Лашын, қонақ келді, қарсы ал!
Мен жеңгеммен амандасып, қонақ бөлмеге қарай беттедім. Үйде Лашын жеңгемнің інісі (әскери формада) бар екен. Мұқаң ол кісімен де таныстырды. Қазір есімі есімде қалмапты. Біраздан соң Лашын жеңгем асханаға шайға шақырды.
Шай ішіп болған соң Мұқағали ағамның қайнысы жұмысына кетті. Екеумізге еркіндік тиіп, ұзақ әңгімелестік. Мұқаң жан адамды жатырқамайтын, өте ақкөңіл адам еді. Әйтпесем, сол күні ғана танысқан мені сыралғы сырласындай етіп, көрген бойда үйіне алып келе ме? Баяғы бала кезінен бастап, осы уақытқа дейінгі өмірі туралы қысқаша баяндап берді десе де болады. Мен жаспын, Мұқаңның айтқанының бәріне бас шұлғи беремін. Сезімтал кісі осы шын тыңдап отыр ма дегендей анда-санда маған да қарап қояды. Өстіп түннің біраз уағына дейін отырыппыз. Қайтайын деп рұқсат сұрасам, жібермей қойды. Амал жоқ, қонуға тура келді, Лашын жеңгем Мұқағали екеумізге бір бөлмеге жерге төсек салып берді.
Ертеңіне ерте тұрып, тәтті ұйқыда жатқан Мұқағали ағамды оятпай, үйден тым-тырыс шығып кеттім. Өйткені оларға кеткенімді сездірсем, әңгімеміздің тағы да ұзаққа созылатынын білдім. Кеше кешкілік әңгіме-дүкен құрып отырғанымызда Мұқағали ағаммен бұдан былай қай жерде қалай кездесетінімізді келісіп қойғанбыз.
Басқаны қайдам, біз оқуға түскен жылдардағы студенттер шетінен сабақ оқығыш болатын. Ол кезде Орталық кітапханаға таңертеңгі сағат 8.00-де барып кезек алмасаң, онда отырып сабаққа дайындалу мүмкін емес. Студент болсақ та кішкентайымыз бар. Сондықтан кітапханаға ұйқыны қандырып, шай-суымызды ішіп, асықпай баратынбыз. Мен көбіне Гоголь мен Коммунистік проспектісі (қазіргі Абылайхан) қиылысқан жерде орналасқан А.П.Чехов кітапханасына баратынмын. Терезелері үлкен, көше беттен дайындық үстінде отырған студенттер түгел көрінеді. Мен Мұқағали ағаға іздесеңіз осы жерден табасыз дегенмін.
Бірде түске таяу терезе жаққа қарасам таныс жүзді шырамыттым. Анықтап қарасам, Мұқағали ағам екен. Дереу кітап, дәптерлерімді жиыстырып, орнымның бос емес екенін сездіріп, сыртқа шықтым.
– Батыр, саған келдік, – деді ағам.
– Мынау Тоқаш Бердияров деген ақын ағаң.
Мен қуана амандасып, ағаларымды жақын маңда орналасқан сырахана бар еді, соған бастадым. Мұқағали мен Тоқаш екеуі қатар жүрсе қызық көрінеді екен, бірі ұзын, бірі қысқа. Бірақ Тоқаштың мінезі шатақ. Екі жұдырығын түйіп, аузын бұртитып тістене қарағанда бойыңды еріксіз қорқыныш билейді. Мұқағали қайтыс болғаннан кейін де Тоқаңмен анда-санда кездесіп тұрдық. Бірақ маған ешқашан оғаш қылығын көрсеткен емес. Талай мәрте үйіне апарып, әңгімелесетінбіз. Ұлы Отан соғысына қатысқан кісі. Енді байқадым Тоқаң сол кездегі оппозиция екен ғой. Өйткені бастықтарды ұнатпаушы еді. Кейбір басшылар өктем сөйлесе тісін сықырлатып, жұдырығын бір-біріне ұрып, өзін өзі ұстай алмайтын. Кейде қызып алған кездері хатшылардың (Қазақстан Жазушылар одағында) есігін ашып: – Отырсың ба, отыра бер, омпиып! – деп есігін қайта жауып кететін. Өзім осындай қылықтарына куә болғаным бар. Өте талантты, оқырманы көп ақын болатын.
Сөйтіп студенттік өмір өтіп жатты. Мұқағали ағамен де сәті түскен кездері кездесіп, әңгіме тиегін ағытамыз. Ол кезде жалақыны да, қаламақыны да екі бөліп беретін. Сонда бір айдың ішінде төрт рет ақша алатын едік-ау. Бұл біз сияқты жас шаңырақ үшін де өте тиімді болды. Көп тарықпайтын болдық. Бүкіл газет-журналдар редакциясы орталықтандырылған «Дәуір» баспасына қарайтын. Бір күні кезекті жалақымды алуға үшінші қабатқа көтерілсем, Мұқағали ағам қарсы алдымнан жолығып қалды. Қолында Дантенің кітабы. Мені көріп қуанып: «Көрімдік», деді де қолыма кітапты ұстата салды. Дантенің «Құдіретті комедиясы» екен. Мұқаңның аудармасымен шығыпты. «Сигнальный» экземпляр дейді. Өте сүйкімді кітапты Мұқаң екеумізден басқа әлі ешкім көре қоймапты.
– Аға, мен қуанышымды білдірейін, – дедім. Бірден түсіне қойған ақын аға келісе кетті. Сөйтіп баспахананың алдындағы ескі көк базарға барып, оңашалау жерге жайғасып, кітаптың тұсауын кестік.
Өткен-кеткендер біз екеумізге аңтарылып қарап қалады. Шамасы Мұқағали ағамды жақсы танитын болулары керек. Шілде айының іші болатын. Күн шыжып тұр.
Қашан келсең де Алматының көк базары ығы-жығы сапырылысқан халық қой. Жаңбыр-жаңбырдың арасымен дегендей, сол нөпір адамдардың ішінен иық тіресіп, ағамыз екеуміз жол бойына зорға шықтық. Такси ұстап, ағамды үйіне апарып салдым.
Өстіп жүріп студенттік күндер де өте шықты. Университеттің соңғы курсында оқып жүріп «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне жұмысқа орналасқанмын. Бұл оқиға мен үшін өмірімдегі ең бір белесті кезең болды. Өйткені ол кезде оған жұмысқа орналаспақ түгіл, кішігірім мақалаңды шығару қиын болатын. Газеттің беделі оқырмандар арасында өте жоғары еді. Әр нөмірі 300 000 тиражбен шығатын газетті кішкентай баладан еңкейген қартқа дейін оқитын. Алғашқы екі-үш ай тәжірибе жинақтауым үшін қиындау соқты. Дегенмен жас кезіңде шындап кіріссең, алынбайтын асу жоқ қой. Мен де өзіме бекітілген бөлім жұмысын тез арада меңгеріп алдым.
«Лениншіл жас» газетінің қабырғасында жүріп, көптеген ақын-жазушылармен, өнер, мәдениет қайраткерлерімен таныстым.
Ал жастар газеті Мұқағали ағамның да сүйікті басылымы екен. Жаңадан жазған туындыларының көбісі осы газеттің бетінде жарияланып, оқырмандар бағасын алатын көрінеді. Мұқағали аға екеуміздің ағалы-інілідей болған сыйластығымыз жастар газетінде де жалғасын тапты. Студенттік өмірден кейінгі алғашқы жұмысым болған соң ба, бұл жер маған өте қызық көрінді. Айналам өңкей жастар және есімдерін тек газеттен көріп жүрген қыз-жігіттер. Осындай ортаға түскеніме өзімді іштей бақытты сезіндім.
Сейдахмет Бердіқұлов – газет редакторы, белгілі жазушы және спорт журналисі. Сол кездегі ұлтжанды азаматтардың бірі. Жұмысқа жаңадан қабылданған кез келген адам тәжірибе жинақтау үшін ең алдымен секретариат бөлімінен өтеді. Оны газет тілімен айтқанда «штаб» дейді. Бөлімнің негізгі міндеті: редакциядағы бірнеше бөлімдерден дайындалып түскен материалдардың басын біріктіріп, көркемдік сапасын жоғары етіп газет бетіне орналастыру.
Сөйтіп алғашқы күннен жақсы еңбек етіп көзге түссең, бұл бөлімде көп отырмай басқа бөлімге ауыстыруы мүмкін. Әрине ол бастыққа байланысты.
Бір күні коридорға шығып шылым шегіп тұрсам, редактордың кабинетінен Мұқағали ағам шығып келе жатыр. Мен қарсы жүріп, ағаммен амандасып едім: – Ой, сен қайдан жүрсің? – деп таңғалып қалды. Мен осында жұмысқа орналасқанымды айтып едім, кәдімгідей қуанып арқамнан қақты.
– Құтты болсын, бұл жерге екінің бірінің қолы жетпейді, дұрыстап істе! – деп жанашырлық танытты. Сөйтті де жылдам басып төмен түсіп кетті. Шамасы, төменде біреулер күтіп тұрды-ау деймін.
Араға екі-үш күн өткеннен кейін секретариат бөліміне Сейдахмет ағаның өзі келіп, біраз әңгімелесіп кетті. Мұқағали туралы да қызықты оқиғаларын айтты. Кетерінде: «Мынау Мұқағали ағаларыңның ең «свежий» поэмасы, жақсылап берерсіңдер!» деп тапсырды жігіттерге. Сөйтсек, Мұқағали ағамыздың «Аққулар ұйықтағанда» атты поэмасы екен. Кезектесіп өзіміз оқып шықтық. Оқып тамсанғанымыз әлі күнге дейін есімізде. Кешіктірмей поэманы жақсылап тұрып көркемдік дәрежесіне көңіл аударып, бір бетке бердік. Ертеңіне редакторымыз да, оқырмандарымыз да дән риза болғандай. Бір аптадан соң редакция қоржынына поэма туралы оқырмандар хаттары келе бастады. Бұл поэма көпке дейін әдебиетшілер арасында қуатты екпінмен жазылғандығы туралы айтылып жүрді.
Келесі бір кездескенімде Мұқағали ағаның қолын қысып, тамаша жазылған поэмасымен құттықтадым. Бұл шығармадан ұжымның ұл-қыздары жақсы әсер алғандығын, кезекті лездемеде биік деңгейде мақталғанын айтып едім, ағам қатты риза болып, қуанып қалды.
Баспалар үйінің жоғарғы жағында 28 панфиловшылар паркі бар. Ағам сол жаққа қарай барайық деген соң соңына ілестім. Оңашалау орындыққа отырып әдебиет туралы әңгімелестік. Өте сауатты айтқан әңгімелерінің бәрі көкейге қонымды екенін аңғардым. Арасында өзі туралы да айтып, айналасындағы әріптес қаламдастарының кейбіреулері мұның поэзиясын көре алмайтындығын, қолдарынан келсе аяқтан шалғысы келетіндіктерін айтып, біраз мұңайып та алғандай болды. Шынында да сол тұста Мұқағали поэзиясының шарықтап тұрған кезі болатын. Бірақ халық жоғары бағалағанмен билік басындағылар тарапынан бағалау кемшін соғып жатты. Уақтылы кітабы шықпады, қызметте де бірде болып, бірде болмай, тұрмысы жүдеулеу күй кешті. Рухы асқақ ақын ағамыз бұлардың бірде-біреуіне мойымай, боркемік болып жасымай, күнделікті тіршілігін кешіп жатты. Әрине бұл жағдайлардың барлығы әлемдік масштабта ойлайтын күрделі болмыс үшін оңай тиген жоқ.
Мұқағали аға өмірінің соңғы жылдары жиі-жиі сырқаттанып жүрді. Кездескен кезде бұрынғыдай көңіл күйі жоқ. Көз жанарында айықпас мұң бар сияқты. Соны мен де сезіп іштей ағама деген аяушылық білдіретінмін. Әңгіме-дүкен құрған кезімізде салмақты сөздер айтып, туған жері Қарасазды, Шалкөде жайлауын жиі-жиі есіне алып отырушы еді. Қазақ әдебиетімен қоса әлемдік әдебиетке де өте жүйрік болатын. Мұқағали ағамен қаншама рет кездескенім есімде жоқ, бірақ әрбір кездесуім мен үшін тағылымы мол мектеп еді.
Бірде Мұқағали ағаммен көңілді кезінде кездесіп қалдым. Амандасып, жөн сұрасқаннан кейін:
– Бүгін үлкен бір шаруаның нүктесін қойдым. Сен білесің бе? Біздің Жетісу өңірінде, оның ішінде Нарынқол ауданында, яғни өз сөзімен айтқанда: «Елі – Албан, Жері – Қарқара, Жайлауы – Асы, Мекені – Алматының басы» болған сұлу жерлерді мекен еткен Райымбек бабам туралы поэма жазып бітірдім. Меніңше, жаман шықпаған тәрізді, – деді шабыттана сөйлеп. Сол сәтте ақын ағаммен бірге мен де қатты қуандым.
Кейінірек білгенімде Мұқағали ағам Жоңғар шапқыншылығында қайталанбас ерлік жасаған батыр бабасы Райымбек туралы тарихи поэма жазған. Бұл поэманың атын «Райымбек! Райымбек» деп қойыпты.
Бір өкініштісі, ақын бұл поэмасының көзі тірісінде жарыққа шыққанын көре алмады. Қайтыс болғаннан кейін ғана «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетінде жарық көрді. Басылымның сол кездегі редакторы, ұлтжанды азамат, көрнекті жазушы Сейдахмет Бердіқұловтың табанының бүрі барлығының арқасында ғана жүзмыңдаған оқырмандарына жария болды. Өйткені, Кеңес дәуірі кезінде ата-баба рухын ұлықтауға, жеке батыр тұлғаларға шығарма арнауға тыйым салынған еді. Соған қарамастан бұл поэманы жариялау Сейдахмет ағаның үлкен ерлігі болатын.
Мұқағали Мақатаевтың бұл поэмасы қазақ әдебиетіне қосылған үлкен олжа еді. Ақиық ақын өзінің қысқа ғана ғұмыры ішінде жеті жүзден астам өлең, әртүрлі тақырыптарға он алты поэма жазған екен. Ал оннан астам шетел классик ақындарының өлеңдерін тәржімалап қазақ оқырмандарына жеткізгенін ескерсек, әдебиеттегі еңбегі еселене түспек. Әрине бұл қырық бес жыл ғана өмір сүрген ақын үшін аз еңбек емес.
1976 жылдың наурыз айының соңғы күндері қазақ халқы үшін қаралы күн болды. Сол күні Қазақстан Жазушылар одағының төменгі қабатының фойесінде ақиық ақын Мұқағали Мақатаевты Алматы халқы ақтық сапарға шығарып салды. Ақынын жер қойнына қимай егіліп жылаған халықта есеп жоқ. Қайтыс болған күннен бастап Кеңсайға жерлеу рәсіміне дейін басы-қасында жүрген Мұқағали ағаның әдебиеттегі әкесі саналған Әбділдә Тәжібаев барлық шаруаны өз қолына алған еді. Сөйтіп сол күннен бастап Мұқағали ақынның екінші өмірі басталды.
Мұқағали аға өмірден өткелі оның – елу жылдық, алпыс жылдық, жетпіс жылдық, сексен жылдық мерейтойларын бүкіл Қазақ елі болып атап өтті. Мен де осы тойларға түгел қатысып, бүкіл іс-шараларына куә болдым. Ал одан басқа күнделікті өмірімізде өтіп жатқан кездесулер мен кештеріміз қаншама? Қазақ халқы жер бетінде өмір сүріп жатса, Мұқағали ақынның рухы асқақтай беретіні сөзсіз.
13.04.1976 жыл
Қайырбек Асанов,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері