Аймақтар • 08 Ақпан, 2019

Орталық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті

643 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевтың басшылығымен осы комиссияның кеңейтілген отырысы өтті. Онда ОСК қызметінің 2018 жылғы жұмыс нәтижесі және 2019 жылға арналған жос­парлары талқыланды.

Орталық сайлау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті

Отырыста сондай-ақ Қазақстан Респуб­ликасы бақылаушыларының 2019 жылғы 24 ақпанда өтетін Молдова Республикасы Пар­ламенті депутаттарының сайлауын бақылауға жіберілетіндердің тізімі бекітілді.

Бейнеконференция режімінде болған отырысқа облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының аумақтық сайлау комиссияларының өкілдері қатысты.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров баяндады. «2018 жылы Қазақстан Республикасы ОСК 15 рет отырыс өткізді, онда 37 шешім қабылданды. Мемлекеттік органдармен және азаматтық сектормен өзара қарым-қатынасты кеңейту мақсатында саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және т.б. азаматтардың қатысуымен кеңейтілген мәжіліс өткізілді. Өткен жылы 3 сайлау науқаны сәтті өтті: оның ішінде 2 рет шығып кеткендердің орнына Мәжіліс депутаттары және Сенат қатарына республикалық маңызы бар жаңа әкімшілік бірліктен екі депутат сайланды. Сондай-ақ 570 ауылдық округ әкімдері қайта сайланды», деді ол.

К.Петровтың айтуына қарағанда, «Қазақ­стан Республикасындағы сайлау туралы» кон­ституциялық заңға өзгерістер мен толық­ты­рулар енгізу кезінде ОСК 14 заң актісін әзір­леп, оның 13-і Үкіметтің қаулысымен, бі­реуі Мемлекет басшысының Жарлығымен бекітілген.

Жыл қорытындысын талқылау барысында ОСК төрағасы Берік Имашев 2018 жылдың жемісті болғанын атап өтті. Қазақстанның қазіргі сайлау жүйесі мен Орталық сайлау комиссиясының 25 жылдығына орай табыс­ты іс-шаралар өткізілді. Бұл халықаралық ұйым­дар мен шет мемлекеттердегі әріптес­теріміздің оң пікірлері мен жақсы бағасы­ның қалыптасуына септігін тигізді. Аймақ­тармен және азаматтық қоғам институт­тарымен жұмыс күшейтіліп, мүгедек­тердің сайлау құқығын қамтамасыз етуді жетілдірудің құқықтық нормалары анық­талды. Қашықтықтан оқыту және тестілеу бағ­дарламасы әзірленді, сондай-ақ барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүше­лерін оқытуға арналған оқу-әдістемелік кешендер мен халықаралық ынтымақтастық бағытында жұмыс кеңейтілді, деді ол. 

Сонымен бірге талқылауда өткен жылы сайлау процесіне қатысушылардың заңды және сайлау мәдениетін жақсартуға, кадрлардың кәсіби біліктілігін арттыруға, сайлау комиссиясы мүшелерінің тұрақты кәсіби негізде қызметін жетілдіруге, сайлаушылар тізімдерімен жұмыс істеу, сондай-ақ мүгедектердің сайлау құқықтарын қам­та­масыз ету мәселелері бойынша жергілікті атқарушы органдармен өзара қарым-қатынас жасауда ілгерілік болғандығы айтылды. 

ОСК есепті сайлау процесін ұйымдасты­ру бөлімінің бастығы Дәурен Ысқақов «Қа­зақ­­стан Республикасындағы сайлау туралы» конституциялық заңына сәйкес 2019 жыл­­дың бірінші тоқсанында бес жылдық өкі­леттік мерзімінің аяқталуына байланыс­ты мәслихаттардың барлық деңгейінде осы жыл­д­ың 8-15 қаңтары аралығында өт­кі­зіл­ген мәжілістерде жаңа сайлау комис­сия­лары­ның қалыптасқаны туралы айтып өтті. «Ау­дандық комиссиялардың саны (5-тен 11 адам­ға дейін) сайлаушылардың санына байла­нысты анықталды. Бұл дифференциалды көзқарас аудандық сайлау учаскелерінің жалпы санын 1905-ке қысқартудың арқасында, сайлау про­цедураларын оңтайландыру үшін, комис­сия мүшелерінің саны көп жерде сайлау учас­келерінің комиссияларының құрамын көбей­туге септігін тигізді», деді ол. Сонымен қатар баяндамашының сөзінен сайлау комиссиялары мүшелерінің 66,4%-ның жоғары білімі бары орташа жасы 43,8 жас екендігі белгілі болды.

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»