Қазақстан • 08 Ақпан, 2019

Элизабет пен Виктория қазақстандық балаларға көмек көрсетеді

642 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

2000 жылы америкалық Элизабет Турнок пен Виктория Шарбону Қазақстанға арнайы делегациямен келген. Оларға сол сәтте елімізді аралап көруге волонтерлермен жұмыс істейтін Interlink Resources халықаралық коммерциялық емес ұйымы мүмкіндік берген. Екеуін таныстырған осы мекеме, ал тағдырын тоғыстырған – біздің балалар.

Элизабет пен Виктория қазақстандық балаларға көмек көрсетеді

Аталған делегация 2 аптаға Тараз­дағы «Ұлан» балалар үйіне бас сұғады. Ондағы көзі жәудіреген балаларды көргенде өзі де қамқорлыққа жаны құмар жандардың жүрегі елжірейді. Балалармен бірге болып, бауыр басып қалған қос азамат бір-бірімен құрбыдайын сырласып, сыйластығы артқан. Елдеріне қайтарда қарадомалақтарды қи­май қоштасқан олар жыл сайын келіп тұруды әдетке айналдырады. Қолдарынан келгенше көмектесіп, жағдайын жасап, балалалар үйі­нің балдырғандарына қамқорлық көрсетіпті. 2003 жылы Элизабет, 2009 жылы Виктория Қазақстанға біржола көшіп келеді. Элизабет біраз жыл Interlink-тің филиалын басқарады, ал кейін келген Виктория сонда менеджер болып жұмысқа орналасады. Осы уақыт ішінде екеуі балалар үйіне арагідік барып, ондағы тағдырлы тәрбиеленушілерге сыйлық беріп кеткеннен көп нәрсенің өзгермейтінін, көздеген мақсат, ниетіне жете алмайтынын түсініп, 2011 жылы АҚШ-қа қайтады. 

Жаңа жоба – жаңа өмір

Қазақстанда тұрған тәжірибе­сі­нен, балалардың өмірінен, халықтың тіршілігінен түйгенін саралап, осы дүниенің бәрін ескеріп жаңа жобаны қолға алады. Оны жүзеге асыру үшін күні-түні табан тоздырып, демеуші іздеп, ақша жинайды. Олар араға жыл салып Қазақстанға қайта оралады. Қос құрбының «бұл балаларға тұрақты жер, қауіпсіз орын, еркін ой­нап-күлетін, өздерін жайлы сезі­нетін шаңырағындай жылы ұя керек» деген ойынан орталық құру туралы идея туады және жүзеге асыра­ды да. Алғашында шағын ұйым жұ­мысын бұрыннан көз таныс бала­ларға көмектесуден бастайды. Соның бір дәлелі – Викторияның қос қыз балаға жаңа өмір сыйлау үшін жанын салғаны. Ол екі жылдан кейін өледі деген Наташаны және өмір бойы мүгедек болып қалу қаупі бар Сәулені АҚШ-қа ота жасатуға алып барған. Наташа сколиоздың ауыр түріне және жырық таңдайына ота жасау кезінде ұлы Макспен АҚШ-та тұрған. Қазір Наташа ұлымен Тараз қаласында пәтерде тұрып жатыр және қорда жұмыс істейді. Ал Сәуле протезбен жер басып жүр. Виктория оның протезін жыл сайын ауыстыруды өз мойнына алған. 

Тағы бір айта кететін оқиға – Мүсі­лімге көрсетілген көмек. 2018 жылдың қараша айында қорда жұмыс істейтін қызметкер Мүсі­лім есімді 4 жасар қызының қо­лын­дағы үлкен ісікті алдыруға күр­делі отау жасату үшін АҚШ-қа сапар­лаған. Осыған дейін айтылған ота жұмыстары, ауруханадағы қыз­меттер тегін көрсетіліпті. Демеу­шілер виза және жол ақысын төлеп көмектессе, Элизабет пен Викторияның АҚШ-тағы достары құшақ жая қарсы алған. 

Шетелден білікті мамандарды алдырады

2015 жылы «Қамқор жүрек» қо­ғам­дық қорын ресми тіркеуден өт­кі­зіп, үлкен қажыр-қайраттың арқа­сын­да бұрын балабақша болған үй­ді са­тып алып, қайырымдылық іс­ті одан әрі жүйелі жүргізуге бел шеше кіріседі. 

«Қазір бізден негізгі көмек алушылар – жалғызілікті аналар, жетім, және мүгедек балалар. Осы күні жұ­мы­сымызды нәтижелі етіп отырған үш бағдарламамыз бар. Бағдарлама жалғызілікті аналарға тұрақ болу, жайлы үй, жатар орын беруге ба­ғыт­талған. Күндізгі бағ­дар­лама бойынша жалғызілікті ана­лар­дың балалары, балалар үйі­нен шыққан аналар­д­ың балалары және әртүрлі диагноз­дағы бала­лар көмек алады. Тігін жобасы атты бағдарламамыз аналар­ға өз нәпақасын табуға жәрдемд­есе­ді», дейді қордың ассистенті Әсел Фатихова. Бір айта кетерлігі, тігін жобасында аналар кәдімгі қазақтың киіз басуын жаңғыртқан, сонан соң киізден әртүрлі кәдесыйлар әзірлеп, сатады екен. Одан түскен қаржы аналарға жалақы болып жазылады. 

2017 жылдың қыркүйек айын­да Сәулеге ота жасаған дәрігерлер­дің бірі Алматыдағы №5 ауруханаға келіп, шеберлік сыныптарын өткі­зіп­ті. Қор ұжымы 2019 жылы тағы да білік­ті мамандар делегациясын алып келуді жоспарлап отыр.

Қор жоғары деңгейде қолдау көрмегенімен, жергілікті атқарушы органдар және жекеменшік меке­мелермен тұрақты қарым-қатынас­­та. Мекеме мүшелері қорды инклю­зив­ті білім беретін қайырымды­лық орта­лығына айналдыруды арман­дайды. Өйткені қордан көмек сұрап келушілердің қатары күн сайын көбейіп, қазіргі таңда қабылдауға орын аз қалған. Сондықтан қор өрісін кеңейтуді көздейді. 

«Махаббатқа толы ортада өскен бала қоғамды өзгерте алады»

«Қамқор жүрек» қоры туралы Викторияның әлеуметтік желідегі белсенділігі арқылы білдік. Ол қазақшаны жақсы үйреніп қалыпты, ал Викториядан бұрын көшіп келген Элизабет тараздық тұрғындармен еркін тілдеседі. Ойын жеткізуде аздап қиналатындықтан, Викторияны өз тілінде сөзге тарттық. «Қыркүйекте 4 жасар қыз бала келді, оның арық екендігі сонша, қабырғаларын санау­ға болатын, оған қоса өте әлсіз еді. Балдырғанның анасы апта бойына біз­дегі тігін шеберханасында жұмыс іс­тейді, бірақ қызына қарайтын жағ­дайы жоқ. Сол кезде бір-екі сөзді ғана орысша айта алатын. Ал қазір үш тілде еркін сайрап тұр әрі ерекше шат­тықпен шауып жүр», деп күлімсіреді ол. 

Енді бірі 1 жасар сәбиімен үш жыл бұрын Аналар үйіне келген. Анасы екеуі әр жерінен соққы алған, оған қоса ешбір құжаты бол­мапты. Қор қызметкерлері осы ана мен баланың мәселесімен екі жыл­дай жүгіріп жүріп, барлық құжат­тарын Көші-қон полициясына өт­кізеді. Қазір олар ана мен бала­ның құжаттарын күтіп жүр. Бұл бал­дырған да «Қамқор жүрек» орталы­ғы­ның табалдырығын аттаған кездегідей емес, санайды, әріп таниды, сөйлей алады. 

Кезекті көмектескен адамын ес­ке алған Виктория: «Жас ана өзінің 1 жас 3 айлық баласымен полиция­дан көмек сұрап барыпты. Ал полицейлер ана мен баланы бізге әкеліп тапсырды. Ол өзі Ресейден, бірақ бір кездері Қазақстанда тұрған және баласы осында туған. Жөргектегі сә­биі­мен отырғандықтан, жұмыс іс­тей алмай, пәтерінен айырылып қала­ды. Әбден қорқып, жасқанып қалған жас ана көмекке зәру еді. Біз оны медициналық тексерістен өткіздік, сонан соң кафеге жұмысқа орналас­ты. Баласын анасы жұмыста бол­ған­да қарап береміз. Бөбегі алғаш кел­­ген күні әлжуаз және жасқаншақ бол­­ды, қазір белсенді, жағдайы жақ­сы. Анасы ақшасын жинап жүр», дейді. 

«Қамқор жүректің» қамқорлығын көріп жүргендердің көбі – Элизабет пен Викторияға бұрыннан таныс, балалар үйінен түлеп ұшқандар. Олардың айтуынша, балалар үйінен кеткенде олар қайда барарын білмей қиналады, таршылық тағдыр одан әрі жалғасады. Сонда өскен бір қыз бой­жетіп, кейін өзі ана болғанда да жарытып жолы бола қоймапты. Ол алдымен бөпесін қорға қалдырып, өзі кафеде ыдыс жуушы болып жұмыс істейді. Кейін сәбиінің жанында болғысы келіп, қордан көмек сұраған. Қазір сондағы шеберханада тігін тігеді. Денсаулығында омыртқааралық диск жарығы, яғни «грыжа» болғанына қарамастан еңбекқор көрінеді. Ол Астанаға нейрохирургке көрінуге жол жүргелі отыр екен, бұған кететін шығынды да қор көтереді. Оның омыртқасына ота жасау қажет, ол жақсарып кеткенше баласы қордың қамқорлығында болады.  

«Мен 2002 жылдан бері танитын тағы бір ана бар, оның қызы ДЦП диагнозымен туған. Бес жылдан бері біз оның баласын өзі жұмысқа кеткенде қарап, тәрбиелеп, дамытып келеміз. Жас ананың қазір қолы аузына жетіп отыр, көлік сатып алды және жайлы өмір сүруде. Ал қызы әлі де сабақтан соң және анасы жұмыста болғанда бізде болады», деді қор құрушылардың бірі Виктория. 

Қоғамдық кедейліктің шексіз шең­берін үзу және отбасының берік­тігін арт­тыру – қордың басты мақсаты. «Ма­­хаб­батқа толы ортада өскен, құ­нар­­лы тамақ ішкен, дамыту ойын­дарын ойнаған, әрқайсысының өз мүм­­кін­діктерін толық ашу үшін тал­май еңбектенетін ұстаздан тәлім алған және жалғызілікті аналар мен мүм­кін­дігі шектеулі балаларға көрсетілген кө­мек­ті көріп өскен бала қоғамды өз­гер­те алады», дейді қамқор жүректі жан. 

Әр тағдырды үш сөйлемге сый­ғыз­­ған, сәуле секілді жарық сыйлайтын адам­мен бір қоғамда өмір сүр­геніңе сүйсінесің. Осыдан соң бір ауыз сөзге еріксіз тоқтайсың: «Жақ­сы­лық жасау ұлт таңдамайды». 

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»